900 бозбала әскерге аттанады | Print |
16.10.2018 15:44

Ағымдағы жылдың күзгі науқанында облысымыздан барлығы 900-ге жуық азамат Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына жіберілетін болады. Бұл туралы Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Еркінбек Байболов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.

Жалпы, күзгі науқан жұмыстары 9 қыркүйек пен 28 желтоқсан аралығында өтеді. Бүгінгі күні 1991-2000 жылдары туған 200-ге жуық азамат ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне қарасты Алматы, Маңғыстау және Атырау облыстарында орналасқан әскери бөлімдерге жөнелтілді.

Сонымен қатар қазіргі таңда 300-ге жуық жасты ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдерге және 16 азаматты ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне жіберу жұмыстары жүргізілуде. Екі әскери құрылымға арналған шаралар қазанның 19-ына жоспарланып отыр. Ал әскерге шығарып салу салтанатты шарасы қаламызда орналасқан батырлар ескерткіші жанында ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ, сарбаздардың тағы бір бөлігі ҚР ІІМ Ұлттық Ұланына қараша, желтоқсан айларында аттанады деп күтілуде.

Айта кетейік, әскерге барар алдында жинақтау пунктінде Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері және психологы 3 күн бойы сарбаздармен және олардың ата-аналарымен қосымша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Түсіндірме жұмысы барысында олар сарбаздардың бара жатқан әскер түрі және әскери бөлімнің ерекшелігі жайында мағлұмат береді. Сондай-ақ, қоғамның ауыр індетіне айналған  сыбайлас жемқорлық және өзге де келеңсіз жайттарға жол бермеу үшін арнайы құзырлы органдардың сенім телефондары туралы ақпарат таратылады.

Ескертетін жайт, бүгінде елі мен жерін қорғау үшін әскер қатарында шыныққан азаматтардан үлгі алу мақсатында «Көктем-2018» әскер қатарына шақыртылған сарбаздардың әскери бөлім командирлеріне арнайы хат жолданыпты. Енді бұл бойынша жақсы тәртібімен ерекше көзге түскен сарбаздар туралы «Сыр елінің үздік сарбазы» атты тақырыппен арнайы БАҚ беттерінде мақалалар жарияланып, олар өздерінен кейінгі інілерінің патриоттық рухын оятатын болады.

Жансая  ЖҮНІСОВА