ОБЛЫС ӘКІМІ "ҰШҚЫН" ОҚУ-ӨНДІРІСТІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ | Print |
02.11.2018 10:06

Бес жыл ішінде кәсіпорын облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі жүздеген адамды мамандық және тұрақты табыспен қамтамасыз етіп, өнімдер мен қызметтерін ұсынуда.

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев "Ұшқын" Қызылорда мүгедектерінің оқу-өндірістік кәсіпорны" ЖШС жұмысымен танысты.

Кәсіпорын 2013 жылы құрылған, мұнда тротуарлық плиткалар мен жолжиек тастары, пластикалық терезе, есік және витраждар, кез келген офистік және үйге арналған жиһаз өнімдері өндіріледі. Сондай-ақ, сыртқы жарнама қызметінің барлық түрлері, әртүрлі полиграфиялық өнімдерді басып шығару мен клинингтік қызметтер, компьютерлік және периферийлік құрылғыларды жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

Кәсіпорында 211 адам, оның ішінде 119-ы мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың 9 айында ғана ұйым 331 мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, 342,6 млн теңгенің тапсырысын орындады.

Кәсіпорын басшысы Бақыт Жұмашевтің айтуынша, ол ерекше қажеттіліктері бар адамдардың көпшілігіне жұмысқа орналасу қиын екенін ескеріп, олардың табыс табу және өз отбасыларын асырау үшін көмектесу мақсатында өндірістік цех ашу туралы шешім қабылдаған.

Айта кетейік, "Ұшқын" Қызылорда мүгедектерінің оқу-өндірістік кәсіпорны" ЖШС құрамына "Қазақ соқырлар қоғамының", "Қазақ саңыраулар қоғамының" Қызылорда, Арал, Қазалы, Сырдария аудандары мен Жосалы кентіндегі филиалдары, сондай-ақ "Жігер" Қызылорда облысы мүгедектерінің ЖШС кіреді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі