«АНА БАҚЫТЫ – БАЛА» | Print |
07.11.2018 09:41

Кеше аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмахановтың қатысуымен Мәдениет және өнерді дамыту орталығында «Ана бақыты – бала» атты ерекше жағдайдағы балалардың аналарымен кездесу өтті. Ерекше жағдайдағы балалардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды.

Аудан бойынша мүгедектердің орталықтандырылған деректер қорына сәйкес 2018 жылдың 1 қарашасына 978 мүмкіндігі шектеулі азамат, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 221 ерекше жағдайдағы балалар тіркелген. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 52 адамға, оның ішінде 18 жасқа дейін 3 балаға азайған.

Кездесуді аудандық әйелдер кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсия Мәдиева жүргізіп отырды.

Кездесудің алғысөзін алған аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов:

- Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреу даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз де тегін айтылмаса керек. Адам өмірінің мәні - өз ұрпағы. Шыр етіп сәби дүниеге келген уақыттан бастап ата-ана алдында нәзік те, қиын қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол - бала тәрбиесі, - деді өз сөзінде.

Шарада «Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Эльмира Құттымбетова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Шынар Бекпанова, денсаулық сақтау саласының мамандары, «Аналар кеңесінің» мүшелері хабарлама жасап, кездесуге қатысушы ата-аналар алғыстарын, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Кездесу соңында өмір өткелдеріндегі қиындықтармен мойымай күресе білетін, қандай тауқымет көрсе де, оны жеңе білетін абзал аналарға құрмет-қошемет көрсетіліп, сый-сыяпат жасалды.

Шара аудандық, облыстық, республикалық өнер байқауларының жеңімпаздары атанған ерекше жағдайдағы өнерлі балалардың және аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі