Білім беру қызметінде де заңбұзушылық бар | Print |
09.11.2018 10:35

Ағымдағы жылдың 10 айында облысымыздағы 4 колледж бен 11 мектептің білім беру қызметімен айналысу үшін берілетін лицензиялары тоқтатыла тұрған. Бұл туралы өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы білім беру саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ерлан Қарабалаев айтты.

Есепті мерзім ішінде департаментпен барлығы 36 бақылау шаралары жүргізілді. Оның 20-сы – ішінара, 16-сы – жоспардан тыс тексерулер. Жүргізілген бақылау шараларының нәтижесінде 4 колледж, 11 мектеп және 5 балабақша, барлығы 20 мекеменің білім саласындағы заңбұзушылықтары бойынша 310 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ал 4 колледж бен 11 мектептің 6 айға лицензиясының мерзімі тоқтатыла тұрды. Себебі олар стандартта көрсетілген талаптарды орындамаған. Мысалы, білім беру мекемелерінде егер бір сыныпта не топта 24 білім алушы болса, онда кей сабақтар екі топқа бөлініп оқытылуы қажет. Тексеру барысында осы талаптардың бұзылғандығы анықталды. Сондай-ақ, сабақ беретін ұстаздардың талапқа сай келмеуі, оқулық жетіспеушілігі мәселелері де бар, - деді Ерлан Қарабалаев.

Сонымен қатар департаментке осы 10 айдың ішінде «Е-лицензиялау» бағдарламасы бойынша білім беру қызметімен айналысу үшін лицензияны немесе лицензияға қосымшаны алуға және қайта рәсімдеуге арналған 154 өтініш түскен. Ал білім туралы құжаттарды апостильдеу көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрін алуға 141 адам өтінім білдіріпті. Алайда оның тек 138-і қанағаттандырылған. Қалған 3-еуінен бас тартылыпты. Себебі білім туралы құжаттағы адамның аты-жөнін тексерген кезде, ондай кісілердің аталған оқу орындарында оқымағандығы белгілі болған. Ерлан Қарабалаев қазіргі таңда бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдарына хабарланғанын айтады.

Айта кетейік, кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер енгізілгелі, профилактикалық бақылау атты жаңа ұғым қалыптасқан. Бұл бойынша тексеру жұмыстары мекемеге барып та, бармай-ақ та жүргізіле беретін болады. Себебі жаңа бағдарлама барлық білім беру мекемелеріндегі оқушылар мен тәрбиеленушілердің, педогог қызметкерлерінің санын компьютерден-ақ көрсетіп тұрады. Және бір баланың екінші жерде тіркелуіне жол бермейді. (Әсіресе, балабақшаларда болатын жағдай – ред.). Сондай-ақ, онда білім ұяларының техникалық базасы жөнінде де ақпарат қамтылатын көрінеді.

Департамент басшысы биылғы Елбасы Жолдауына да тоқталып өтті. Айтуынша, 2019 жылы «Педагог мәртебесі» атты жаңа заң қабылданады екен. Онда ұстаздардың жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа азайту және тексерулер мен есеп берулерді азайту мәселелері қарастырылады дейді. Оқушылар мен тәрбиеленушілердің қауіпсіздігі үшін білім беру мекемелеріне бақылау камераларын орнату қажеттілігі де айтылды. Қазіргі таңда республика бойынша мектептердің 80, балабақшалардың 58 пайызына бейнебақылау орнатылыпты. Ал бұл көрсеткіш облысымыздағы мектептерде 67, балабақшаларда 39 пайызды құрайды екен. Енді Елбасы тапсырмасына сәйкес, алдағы 3 жылда бұл меже 100 пайыз болуы тиіс.

Ж.ЖҮНІСОВА