Халқын сұлу сазбен тербеткен еді | Print |
09.11.2018 10:40

«Жақсының аты өшпейді» деседі. Рас екен. Жуырда өткен қазалылық ақын әрі сазгер марқұм Батырхан Нұрымбетовті еске алуға арналған аудандық әншілер байқауы көп жайтты ұғындырғандай. Сырға толы, таңғы шықтай мөлдіреген әндерімен тыңдарманның көңілін баурап, жүрегін жаулаған Батырханды көпшілікке таныстырудың өзі артық шығар. Көпшілік әлі күнге егіле іздейтін, өмірден ерте кеткен әнші Нәби Аймұратов орындаған « Гүлім, гүлім, гүлімсің» деп басталатын әнді кім білмейді дейсіз? Ә дегеннен тыңдарманын елең еткізген осынау әннің авторы Бәкең болатын. Мұнан өзге де қаншама әндер жазып, халқының көңілінің нақ төрінен орын алған ақпейіл де қарапайым мінезді Батырханның жалған ғұмырдан өткенініне де жыл толыпты.

Түктібаев атындағы елді мекенде өткен байқауға талапкерлердің көп қатысуы жұртшылықтың сүйікті сазгеріне деген ыстық ықыласын аңғартты. Аталмыш шараға Қазақстан авторлық қоғамының мүшесі, сазгер Серік Төлеуов, әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Галя Оспанова, белгілі әнші, ұстаз Анар Әділова тәрізді нағыз өнер майталмандары қазылық етті. Бұл кешке «Ақмаржан» шаруа қожалығының төрағасы Мұхтар Тәжімұратов, №88 мектеп директоры Қуандық Қожалепесов, сазгердің сыныптастарыдемеушілік жасағанын атап кеткен жөн. Осынау әсем әуен көкке қалықтаған байқауда Әмір Сариев бас жүлдені иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер, өнерімен дараланғандар түрлі номинациялар алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сазгерді еске алуға арналған шара Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Ерте үзілген ән-ғұмыр» атты ән кешімен жалғасын тапты. Кеш шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап өнер иесінің өнегелі жолына тоқталды. Сазгер шығармашылығына арналған «Ерте үзілген ән-ғұмыр» атты кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.

Сазгерлікпен қатар, ұстаздық жолда да аянбай тер төккен талант жайлы Қазалы ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Шарафадин Алтынбаев тебірене әңгімелеп, Алға ауылдық округінің әкімі Абдолла Төлемісов, еңбек ардагері Байғабыл Әбсұлтанов өз естеліктерімен бөлісті.

Аудан өнерпаздары ақын, сазгердің әндерін орындады. Өлеңдерін оқып, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы