«Қараөзектің» қауқары | Print |
12.11.2018 14:53

Өткен аптада БАҚ өкілдері үшін «Қараөзек» компрессорлық стансасына баспасөз туры ұйымдастырылды.

«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры жобасына Елбасының бастамасымен 2017 жылы жан біткен болатын. Қазіргі уақытта байыпты бастаманың жемісін бүтіндей бір облыс ғана емес, еліміздің өзге де өңірлері көріп отыр.

Бүгінде облыс жұртшылығының 60 пайыздан астамы табиғи газды пайдаланады. Ал 7 ауданның 4-еуі тұрақты түрде көгілдір отын тұтынып отыр. Сыр өңірі халқының қытымыр қыстан қысылмай шығуына мүмкіндік мол. Тұрғындар көмір жағып, күл шығармайды. Отын уайымынан құтылған. Президенттің әлеуметтің жағдайын жақсартуға деген бастамасы осылайша жан-жақты жүзеге асырылуда.

Бұл тақырып төңірегінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламановтың айтары бар.

- Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасында «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» кеңінен айтылды. Қазіргі таңда 267,3 миллиард теңгені құрайтын «Сарыарқа» магистральды газ құбыры құрылысының бірінші кезеңіндегі «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағытын 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларында бастап, 2019 жылдың желтоқсан айында толықтай аяқтау жоспарлануда. Осы арқылы «Сарыарқа» магистральды газ құбырының бойындағы 171 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ете аламыз. Тұрғындарды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнесті дамыту көзделген. 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Экологиялық ахуал жақсартылып, 800 уақытша жұмыс орны ашылады, - деді Е.Жоламанов.

«Қараөзек» компрессорлық станциясының еліміздің орталығы мен солтүстік өңірлерін де газбен қамтамасыз етуге күші жеткілікті. Станция басшысы Талғат Менеевтің сөзінше, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан 944 шақырымда орналасса да, нысан жылына 10 миллиард текше метр газ өткізуге қауқарлы. Сала мамандарының пікірінше, компрессорлық станция Астана және солтүстік өңірлерді газдандыруды есепке ала отырып жоспарланған. Бұл мақсатты орындауға қуаты толығымен жетеді дейді.

Бұдан бір-екі жыл бұрын ғана іске қосылған станция заманауи құрылғылармен толықтай қамтылған. Мәселен, газ айдаушы агрегаттар, жұмыстың күрделі режимдерінде пайдалануға арналған соңғы үлгідегі қосалқы жабдықтармен жабдықталған. Сондай-ақ, газ құбырлары, газды есепке алу торабы және басқа да инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы қаланды.

Ал «Қараөзек» компрессорлық стансасының негізгі күші – жұмыстың ең күрделі режиміне арналған үш газтрубиналық қондырғылар. Америкалық «Solar Turbines» компаниясының жоғары технологиялары негізінде дайындалған жабдықтар жұмыс көрігін қыздыра түседі. Барлық үш агрегатты пайдаланған кезде станцияның өнімділігі тәулігіне 43,5 миллион текше метр газды құрайды. Осылайша Сарыарқа газы Сырдан бастау алар күн де алыс емес.

Ж.Қойшыбекова