Сотталғандар жазасын өз жерлерінде өтейтін болады | Print |
12.11.2018 15:23

Бұдан былай жаза басып, қылмыс жасағандар қай өңірдің тумасы, сол жерде жазаларын өтейтін болады. Бұрынғыдай өзге қалаларға жіберіліп, туыстарының қатынауына ауыртпалық түспейтін болды. Қазірдің өзінде өңірімізде жалпы режимдегі сотталушылар жататын түзеу мекемесі ашылып, өзге өңірліктер өз облыстарына жіберіліп жатыр екен. Бұл туралы өткен аптада Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Ғанибек Отарбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Сондай-ақ, департамент басшысы сотталушылар мен тергеудегілерге күніне қанша қаржы кететіндігін де жасырмады.

– 2018 жылдың 10 айында Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемелерінде барлығы 1272 (2017 жылы – 1275) адам жазасын өтеуде. Ал департаменттің қалалық, аудандық Пробация қызметтерінің есебінен аталмыш уақытта 2069 (2017 жылы – 1892) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес сотталғандар өтіп, өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 177-ге өскен, - деді Ғ.Отарбаев.

Айта кетейік, департамент өзіне қарасты мекемелердегі (қаладағы ЗК-169/5 аралас, Шиелі ауданы, Тартоғай ауылындағы ЗК-169/4 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі, тергеу изоляторы және 9 пробация қызметі (аудандарды қосқанда. – ред.) сотталушылардың бос уақытын тиімді пайдалану әрі үкіметке және жәбірленушіге төленетін берешегін өтеу үшін жазасын өтеушілерді жұмысқа тарту жағын да қарастырған. Мәселен, ЗК-169/5 түзеу мекемесінде 9 кәсіпкер сотталғандармен жұмыс істеп отыр. Мұндағы тігін, газоблок, мүсін, қолөнер, дәнекерлеу цехтары мен брусчатка жасайтын өндірістік орында барлығы орта есеппен 120 сотталған жұмыс істейді. Бұл, бір жағынан, кәсіпкерге де тиімді. Себебі, жұмыс беруші тек алған орнының коммуналдық қызмет түрлеріне ғана қаржы төлейді. Ал жалдаған жері – тегін. Сондай-ақ, жұмыс күшіне де аса көп шығындалмайды. Сотталғандардың екі қолына бір күрек тауып беріп отырғандықтан, жоғары айлық та жоқтың қасы. Бірақ, бұл – жазасын өтеушілердің де құр қарап жатпай, қанша жылын босқа кетірмей, еңбектенуіне, сот шығындарын өтеуіне үлкен көмек. Мекеме жанынан ашылған сауда дүкенінен де керек-жарағын сатып алуға жағдайы болады. Ал ең бастысы, темір тордан босап шыққаннан кейін жұмыс табылмай жатса, осы еңбек түрін жалғастыруына мүмкіндік алады. Орта білімі жоқ сотталғандарға арналған жалпы білім беретін мектептер де жұмыс істейді мұнда. 2018-2019 оқу жылында жалпы білім алушы сотталғандар саны 32-ге жетсе, оның 24-і мемлекеттік тілде оқыған.

Ал сотталушылар мен тергеудегілердің бір күніне кемінде 2-3 мың теңгеден жоғары қаржы кетеді екен. Мәселен, бір сотталушы күніне 2425 теңгенің тамағын жесе, тергеудегілерге 3750 теңге жұмсалатын көрінеді. Енді барлық жазасын өтеушілерге жылына бюджеттен қанша қаржы бөлінетінін есептей беріңіз.

Ж.ЖҮНІСОВА