Елтаңбадағы «ҚАЗАҚСТАН» жазуы өзгереді | Print |
12.11.2018 15:25

Еліміз кириллицадан латын графикасына көшеді дегелі халықтың кәдімгідей уайымға салынғаны рас. «Енді не болады? Бәрі өзгеретін болды» деп әбігерге түскенін де жасыра алмаймыз. Алайда бұл бір күнде не бір жылда шешілетін мәселе емес екенін ұмытпаған жөн. Мәселен, елімізде алғаш болып Елтаңба өзгеретін болды. Енді ондағы «ҚАЗАҚСТАН» деген жазу «QAZAQSTAN» деп жазылады. Өткен аптада осы мәселеге қатысты өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті.

– «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар» ұлттық стандартына 2018 жылғы 1 қарашадан бастап №1 өзгеріс енгізілді. Бұл бойынша өзгерістерді әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылып, оны ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков басқаратын болды,- деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов.

Бұл енгізілген 1-ші өзгеріс бойынша 2021 жылдың 21 қаңтарына дейін уақыт берілетін болады. Яғни мемлекеттік мекемелер мен өзге де нысандар осы уақытқа дейін өздеріндегі Елтаңбаны осылайша өзгертулері қажет. Осыған сәйкес ұлттық стандартта да бірқатар түзетулер болады. Техникалық реттеу және метрология комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы Серік Қасымовтың айтуынша, стандарттағы 4.2, 4.1-тармақшасының 2-абзацында Елтаңбаның түсі нақтыланып көрсетіледі екен.

Халық-хабар