ТАРИФ «ТОҚПАҒЫ» һәм ҚАРАШАНЫҢ ҚАҺАРЫ | Print |
15.11.2018 12:11

Еліміздегі жұмсақ креслода кабинетінің кілтін айналдырып отырған бірқатар министр­лікті «су шайып» кетті. Елбасының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысын айтамыз. Тоғыз айдан бері баянд­амаларын толғақ қысып тұрғандай оқып келген бас экономист пен бас энергетик тығырыққа тірелді. Коммуналдық тариф­тердің түзілу саласындағы заңды­лықтың  сақталуына  жүргізілген тексерістің нәтижелері  оларды  қайта-қайта орын­дарынан  тұруға  мәжбүрледі.

Бірақ, сөйлей-сөйлей  шешендік  өнерге   бейімделген  олар үшін үшбұрыштан төртбұрыш жасау әсте дүние емес. Десек те, ел президентінің табан­ды талабы бұл жолы жауапты министр­лердің жалтаруына да мүмкіндік берген жоқ. Ашылған ауыздың қайта жабылатыны секілді өздерінің қателіктерінен туындаған мәселені енді күн демей, түн демей,­ майшаммен отырса да айдың аяғына дейін бітірулері тиіс. Әйтпесе, тесіктен кірген  жыланды басына ақ құйып, есіктен шығарып  салатын әдетімізден жаңылмаған қазақпыз  ғой.

Хош, халықтың қалтасын қақпаса, оны бүтіндеп берейін деген жан табылмасы анық. Бұған дейін де, қазірдің өзінде су, жылу, газ, жарықтың мәселесін жырлап отырған қарашаның қаһары қымбатшылыққа түсіп тұр. Бұл біздің сөзіміз не ойым­ыз емес, президенттің өзі жолдауалды сауалнама жүргізгенде коммуналдық қызметтер бағасының қымбатшылығы ел арасындағы өзекті мәселе екенін аңғарған. Ол ол ма, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау комитетінің «Моноп­олияға қарсы органның белсен­ділігін қалай бағалар едіңіз?» деген сауалнамасына респонденттердің 70 пайыздан астамы «төмен» баға берген. Ал «орташа», «жоғары» деп бағалаушылар 10 пайыздан әзер асып тұр. Осыдан кейін президент қамшы­сын кімдерге қарата сілтейтіні  белгілі  емес  пе?

- Кезінде біз белгілі бір мақсатпен «Инвест­ициялар орнына тариф» бағдар­ламасын  қабылдадық.  Бұл  бағдарлама  2009 жылдан бастап 7 жыл бойы монополистерге өз өндірістерін жаңғырту үшін миллиардтаған қаражат табуға мүмкіндік берді. Олардың барлық өндірістік қуатын жақсарту үшін біз тарифті екі есе көтеруге келістік. Ірі энергетикалық компаниялар осы қаржы есебінен қуатын жаңартудың орнына тұтынушылар есебінен заңсыз байып­ келді. Бұл компаниялар қызмет көр­сету құнына қызметкерлерінің сыйақылары мен бонустарын қосып, өндірістік шығындарды негізсіз арттырған, - деп мәлімдеді Елбасы қауіпсіздік кеңесінің отырысында.

Энергия жеткізуші компаниялардың осы әрекеттерінен тұрғындар 14 миллиард теңге шығынға ұшыраса, энергиямен қамтамасыз ететін компаниялардың заңсыз кірісі 15 миллиард теңгеге жеткен. Бас прокуратурамен жүргі­зілген тексеріс нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан тарифтерді төмендету үшін бөлінген субсидиялар да өз мақсатында игерілмеген. Құмға сіңген, болмаса желге ұшқан. Жо-жоқ, қыруар қаржыны олай бетімен жіберіп қоюы әсте мүмкін емес, сірә біреудің «шатырына» жұмсалған болар. Ал тұрғындарын тығырыққа тіреп қойған­ облыстардың қатарында Қызылорда да бар.

- «Астанаэнергосбыт» мекемесі тарифті қалыптастыру кезінде электр энергиясын 11,8 теңгеден сатып алатынын көрсеткен. Ал іс жүзінде одан 2 есе арзан бағаға сатып алған. Соның салдарынан Елорда тұрғындарынан 2,6 млрд теңгеге артық қаржы негізсіз алынды. Атырау, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жабдықтаушылар да осындай әрекетпен 1 млрд теңге­ көлемінде негізсіз пайда тапқаны белгілі болды. Монополистер прокурорлық шаралардың нәтижесінде 5 млн тұтынуш­ыға 13 млрд теңгеге жуық шығынды өтеген. Сондай­-ақ, 14 өңірде электр қуаты мен жылудың бағасы төмендетілген, - деді Бас прокуратураның алқа отыры­сында  «Нұр  Отан»  партиясы төрағасының бірінші орын­басары  М.Әшімбаев.

Бірқатар коммуналдық тарифтерге қатысты аймақтағы ахуалды білмек болып, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын­ қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне хабарластық.

- 2018 жылдың басынан бастап реттелетін коммуналдық қызметтердің тарифтері, сумен және жылумен жабдықтау қызметтерінің тарифтерін қоспағанда, өзгеріссіз қалды. Сонымен қатар, «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-мен өндірілетін электр энергиясы бағасының 1 кВт сағатқа 9,4 теңгеден 11,13 теңгеге өзгеруіне байланысты «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның реттелетін қызметтері­нің тарифтері қолданыстағы тарифтермен салыстырғанда суды таратушы желілер арқылы беру қызметіне 1,1 пайыз­ға және сарқынды суды бұру қызметіне 1,7 пайызға өзгертіліп бекітілді. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның жылу­мен жабдықтау қызметіне төтенше реттеуші шаралар­ ретінде тарифтің шекті деңгейі бекітілді. Оның ішінде орташ­а босату тарифі қолданыстағы тарифпен салыс­тырғанда 3,4 пайызға өзгертілді, ал халық үшін – 1,6 пайыз­ға. Тарифтердің өзгеруінің басты себебі, тауарлық газдың көтерме бағасы 1000 текше метрге ҚҚС-сыз 7545 теңгеден 8677 теңгеге өсуіне байланысты. Алайда субъектімен амортизациялық аударымдарды мақсатқа сай емес пайдаланғаны үшін биылғы 1 желтоқсаннан бастап «Қызылордажылу­электрорталығы» МКК-ның жылумен жабдықтау қызметінің тарифі 1,2 пайызға төменде­тіледі. Тағы бір айта кетерлігі, Елбасының 2018 жыл­ғы 5 қазандағы халыққа жолдауында белгі­ленген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіле­нетін тарифтердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында апта сайын департаментте азаматтарды қабылдау күні өтеді, - деді аталмыш  департаменттің  бөлім  басшысы К.Тоқан­қызы.

Сондай-ақ, 2017 жылдың қорытындысына талдау нәтижесінде ағымдағы жылы 10 табиғи монополия субъектілеріне 17 уақытша өтемдік тарифтер енгізіліп, тұтынушыларға 358 млн теңге­ қайтарылған. Ал жылумен жабдықтаушы мекемелерге 2017-2018 жылдардағы жылу беру кезеңіне қайта есептеу жүргізіліп, тұрғындарға 54,8 млн теңгедей қаржы кері берілген. Бұл – Қызылорда облысындағы жағдай.

- Прокурорлық тексеру аясында «Қызыл­орда  электр тарату  тораптары» компаниясының 73,5 млн теңге көлемінде негізсіз табыс алғаны анықталды. Прокурорлық қадағалау актісі негізі­нде монополистпен уақытша өтемдік тариф­і енгізіліп, соның нәтижесінде электр энер­гия­сын  беру  қызметінің құны кВт/сағатына  4,945-тен 4,934 теңгеге дейін төмендеді. Табиғи монополиялар заңнамасын бұзғаны үшін кәсіп­орынға ӘҚБтК-нің 164-бабы 5-бөлігімен әкім­шілік жауаптылыққа тартылып, 1,4 млн теңге көлемінде  айыппұл  салынды, - деп хабарлайды­ Қызылорда  облысының  прокуратурасы.

Бүрсігүні Үкімет сағатында да осы мәселе қызу талқыға түсті. Бас энергетик «көтерме сауда­ бағасын 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап төмендету тауарлық газдың түпкі бағасын өңірге байланысты газ пайдаланатын электр станциялары үшін 6-дан 15%-ға дейін төмендетуге мүм­кіндік береді» деген мәлімдеме жасады. Ал Үкіметбасы «Жосықсыз монополистер мен тариф­терді көтеру арқылы пайдаға кенелген компаниялар заң алдында жауап беруі тиіс. Оны тергеу барысы жариялануы керек» деген қатаң тапсырма берді. Жыл аяқталып қалды. Шенеуніктердің «шырылдайтын» уақыты алда. Орындықтарының астынан шыққан суға «сира­ғымнан  келмейді»  деп  қарамаса сол-ақ...

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН