30 ЕЛДІҢ ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛУ НЕГЕ ҚИЫН? | Print |
22.11.2018 12:44

Он жыл кері шегінсек, елі­міздің экономикасы туралы әңгіме өрбіту қиынның қиыны еді. Сөзіміздің басы «дағда­рыстан» басталып, соңы «қайт­сек те еңсереміз» деп аяқталатыны есімізден шыға қойған жоқ. Сол тұста халықтың да әлеуметтік ахуалы төмендеп, экономиканың аяғына тұсау салынғ­андай күйге түстік. Даму процесінің үдемелілігіне байланысты ол кездегі сандық көрсеткіштер арасы айтар­лықтай өзгеріске түспеген еді. Жуырда дүниежүзілік банк сарап­шылары Қазақстан экономикасының 10-нан  4 пайыз­ға  құлдырағанын  мәлімдеді.

Рас, егемендік алғаннан кейін 10 жыл өткенде тұрақты дамудың  даңғылы  қалыптасты­. Ел тауқыметтен бас көтеріп, әлеуметтік теңсіздік мәселесі шешіле  бастады. Жұмыссыздар қатары азайып, елге тар­тылған инвестиция көлемі біраз шикізатты игеруге мүм­кіндік  берді. Жерасты байлықтарын  игере  бастаған кез де – осы. «Экономика қалай құл­дырады?» деген заңды сұрақ туын­дары хақ. Мәселе сол 2007-2008 жылдары дегбірі­міз­ді қашырған дағдарысқа келіп тіреліп тұр.

- Экономика секторларының арасындағы өнімділік көрсеткішінің құлдырауы Қазақстанның  дамуына  ке­дер­гі  келтірді. Халықтың табыс­ы азайып, әлеуметтік жағдайы нашарлады, ауыл шаруашылығы тығырыққа тірелді. Қазақстанға экономиканы диверсификациялау, жеке секторға қолдау көрсету және инвестиция тарту бағытындағы жұмысты жандандыру қажет. Қазіргі көрсеткіштермен 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына қосылу қиын болады. Қазақстан бизнес жүргізуге қа­жетті дүниенің барлығын қамтығанымен,  экономикалық көрсеткіштер нәтижесі тұр­ғындардың  тауып отыр­ған табысымен сәйкес келмейді. Қазақстан ДСҰ-ға қабылданғанымен, оның әлеуе­ті мен мүмкіндігін өз пайдасына асыра­ алмады. Әлі күнге дейін экспорттық себетті дивер­сификациялай  алмай отыр. Кәсіп­орындар мен компаниялар үкімет қа­былдайтын шаралардан тыс, тәуелсіз  жұ­мыс істеуі тиіс. Қолданысқа  заманауи технологиялар енгізу қажет. Ең бастысы әрі маңыздысы, Қазақстанға икемді саясат­қа бет бұру қажет, - деген пікір білдірген Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы кеңсесінің жетекш­і экономисі Хулио Ревилла.­

Жуырда ғана Дүниежүзілік банк жариялаған «Doing bussiness» рейтингісінде 190 елдің ішінде 28-орынға тұрақтаған ел – Қазақстан. Осы деңгейі­не қарап инвесторлар қолайлы орта деп санап, қаржы құйғанымен, олардың қатары көп емес. Зерттеу деректерінде экономиканың дамуы­на кедергі келтіріп тұрған басты үш себеп ретінде жемқорлық, тамыр-таныстық пен нарықтың құ­былуын анықтаған. Десек те елімізде жүргізілген барлық экономикалық шаралар өз жемісін беріп, қарышты дамуға қол жеткізіп келеміз. Басты бағыты­мыз да айқын, әлем елдерінің жүріп өткен жолдарын електен өткізіп, нарықтық қатынас заңдылықтарын, механизмдерін тәжірибеге енгізу­ге талпынып жатқанымыз өтірік емес. Өткен аптада бас экономист еліміздің жыл басынан бергі дамуына бір шолу жасады. Айтуынша, жалпы ішкі өнімнің өсуі есепті кезеңде 4,1 пайызды құраған. Жоғары инвестициялық белсенділік, инфляцияның бәсеңдеуі, сондай-ақ, экономиканың базалық салаларында өндірістің ұлғаюы экономикалық өсудің негізгі факторлары саналғанмен, оларды еңсерудің жолы да бар. Бастысы, өнеркәсіп өндірісі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Кейбір салалық өндірістердің де төмендігі бар, әрине. Өйткені кіріс пен шығыс қатар жүретінін ескерсек, бұл – заңдылық. Жалпы, экономикалық жағдай­дың бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы­ екенін анық байқап жүрміз. Осыншалықты оң өзгерістерге қарамастан кейбір аймақтар өнді­рістік белсенділік таныта алмай келеді. Осы тізім­дегі Батыс Қазақстан мен Түркістан облыстарының қатарында Қызылорда да бар. Сыр еліндегі басты мәселе мұнай өндірісінің күрт төмендеуінен туындап отырғанын аймақ басшысының өзі де айтып жүр. Қарышты даму даңғылына түскен аймақ ретінде әлеуметтік-экономикалық көр­сеткіштің жоғары сатысына көтерілу қызыл­ордалықтар үшін аса қиын еместігін аңғарамыз.

Жаһандану дәуірінде индустрияға бет бұру – уақыт талабы. Сондықтан өнеркәсіпке тартыл­ған инвестиция – экономиканың діңгегі. Мейлі, әлем елдерін де айналып өтпеген дағдарыс Қазақстан­ға кері әсерін тигізсе де, өз дамуын тежемейтіні анық. Соңғы он жылда бұл көрсеткіш кемшілігіміз болып көрсетіліп тұрса, алдағы он жылдықта екі есе даму теориямыз қалып­тасуы мүмкін. Дүниежүзі елдерімен салы­стыра отырып сандық көрсеткішке­ мән беру біздің бағытымызды бұрып, айқын мақсатымыздан айыра алмайды. Өйткені, экономиканың бәсекеге қабілетті­ дамуы нарықтық қатынас­тарды игере және ұйымдастыра білгенге байлан­ысты. Ал теріс мәнге ие салалардың болашағын уақыттың еншісіне қалдырайық...

Н.ҚАЗИ