«ЖАУЫРДЫ ЖАБА ТОҚУ» АУЫЛ ӘКІМІНЕ ЖҰҚҚАН БА? | Print |
17.01.2019 12:07

«Қолдан келмеген шаруаның бәрін болашаққа ысырып тастадық» депті тілден қағынған біреу. Қағілез қауым астарлы әзілдің қатпарын түсінген шығар, бәлкім?! Иә, әдеттегідей жылдағы «дәстүрге» сай әкімқаралар «күнделіктерін»  ашып, ел алдындағы  есепті кездесуін бастады. Осы төңірегінде аз-кем әңгіме өрбітсек дейміз...

Бұрындары бұқарадан «аудан әкімі ауылға ешқашан ат ізін салмады» деп еститін едік. Бүгінде ақ жағалылар мұндай «әдеттен» арыла бастаған ба, әлде, олардың халыққа жақындай түскендігінің белгісі ме, әйтеуір жыл бойы елде атқарылған шаруалар бары­сын егжей-тегжейлі баяндап, жүздесетін болды. Әрине, жергілікті биліктің бұл әрекетіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қазір қарашаның көзі ашық, көкірегі ояу. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дейтін дәуір әлдеқашан өтті. Сондықтан атқамінерлер есепті кездесуге атүсті қарауды қойған сыңайлы. Өйткені БАҚ-тан бө­лек, әлеуметтік желінің әлеуеті артып, кәдімгідей ықпалды күшке айналып үлгерді.

Ауыл жастары қандай мәселеге кімнің жауапты екендігін біледі және сұрайды. Бұл – оның құқығы. Десе де, өңірдегі кейбір ауыл ақсақалдары «жауырды жаба тоқудан» алыстай алмаған тәрізді. Аудан басшыларының есепті кездесуі қалай және  қай деңгейде ұйымдастырылатынын, қа­лыптасқан сценарийлерге өзіңіз де қанық шығарсыз, құрметті оқырман! Бұдан бөлек, ауыл әкім­дері де қулықтың қыр-сырын бір кісідей меңге­ріпті-міс. Олар «елдегі бар түйткілді жоғары жаққа жайып салады-ау» деген ақсақалдардың аузын «майлап», шалдар­ға шай беретінді шығарыпты. Одан қалды, жергілікті жерде мемлекеттік мекемелерде еңбек ететін адамдарды есепті кездесуге алдыру баяғыдан бар. Ал аузында «бас­тырығы»  барлардың  «мәу» демейтіні шындық. «Ауыл әкімінің жұмысымен таныспыз ғой. Біраз шаруа атқа­рылды. Аудан көлемінде қандай игілікті істер атқары­луда?» деп мик­рофонды аудан әкіміне ұсынатын «салт» орна­ғалы  да  көп  болды.

Айтпақшы, үш өтірік­тің бірі – статистика. Осы  статистика дегеннен шығады, «дәстүрлі» жиында қылмыстың тө­мендеп, барымташылық бәсеңдеп, есесіне, аудан бюджеті  ұлғайып, инфра­құрылымның жетіліп шыға келетіні  несі?!

Ауыл тұрғындары оң бағалаған бұл жиын ба­та берумен, алғыс айтумен аяқталатыны анық. Ұмытып­ барады екенбіз, есепті жиыннан ұйықтап қайтқан қауымның да қарасы қалың.

 

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ