«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» – ЖАҢА ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМА | Print |
25.07.2019 13:07

Аймақ тұрғындары үшін баспаналы болудың тағы бір мүмкіндігі ашылды. Бұған дейін «Қолжетімді тұрғын үй», «Өз үйім», «Орда» се­кілді бағдарламалардың игілі­гін көрген қызылордалықтар енді «Бақытты отбасы» жаңа әлеуметтік бағдарламасы негі­зінде баспаналы бола алады.

«Бақытты отбасы» – табысы­ төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған несиелендіру бағдарламасы. Оған төрт және одан көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар (жоғарғы оқу орындарында, колледждерде және басқа оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі балаларды қоса алғанда) көпбалалы­ отбасылар, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар толық емес және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар қатыса алады. Сіздің атыңызда және сізбен бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмаса, отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс 42500 теңгеден аспаса, онда жылдық заем мөлшерлемесі 2 пайызбен, 20 жылға дейін ең төменгі бастапқы 10 па­йыз жарна төлеп, өз үйіңізге қол жеткізу мүмкіндігін жіберіп алмаға­ныңыз дұрыс. Шыны керек, әкімдіктің үй кезегінде тұрған адамдардың бәрі баспанаға мұқтаж. Аталмыш жобаның артықшылығы сол, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салым­шысы жаңа салынған үйдегі жаңа пәтерді, қолданыста болған пәтерді және жеке тұрғын үйді таңдай алады.

- Бағдарлама талаптарына сәйкес, қатысушы ең алдымен, әкімдіктің үй кезегінде тұруы, атында жылжымайтын мүлік­тің тіркелмеуі керек. Соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі ең төменгі жал­ақыдан артық болмауы басты талаптардың қатарында. «Бақытты отбасы» бағдарламасына­ қатысушылар үшін тағы бір маңызды жайт – жергілікті әкімдіктен отбасы мәртебесін растайтын құжат алу. Ол құ­жатты «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» несиелік өті­німді берген сәтке дейін алу керек. Бағдарлама 3 жылға негізделген. Бастапқы жарна не­бәрі 10 пайыз ғана. Егер одан артық құйсаңыз, ай сайынғы төлем азая түседі, - деді «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Ә.Сәуле­баев.

«Заманың қасқыр болса, түлкі боп шал» демекші, осындай бағдарламалар іске қосылғаннан бастап, ел ішіндегі алаяқ­тар жоспарларын іске асырады. Яғни, «банктен, әкім­діктен анықтама әперемін», «таңдаған үйіңді аласың, ол үшін маған мынадай көлемде ақша бер» деген секілді сан сылтауларды айтып, халықты құрығына түсіреді. Ал бұл жерде­ ескеретін жайт, БАНК КЕҢЕСШІЛЕРІ ЖАРНА ҚАБЫЛДАМАЙДЫ! Ақшаны «ТҚЖБ» АҚ-ның бөлімшелері мен серіктес ұйымдарының интернет-банкингі, төлем терминалдары немесе банктің интернет-банкингі арқылы аударуға болады. Төлем қабілетті­лігі бағалаудан өткен соң отбасыңыздың мәртебесін растайтын әкімдік құжаты, кәмелет­тік жасқа толған отбасы мүшелерінің жеке куәліктері мен балалардың туу туралы куәліктері, неке қию немесе неке бұзу туралы куәліктері, соңғы 6 ай ішіндегі табыстарды растайтын құжаттар, оның ішінде ерінің немесе әйелінің, сондай-ақ, қажет болған жағдайда қосалқы заемшының атына берілген құжаттар тиісті орынға жолданады. Осы сатылардан өткен соң бағдарлама қатысушысы тұрғын үй іздеп, кез келген бағалау ұйымы арқылы таңдалған баспананы бағалап, сатушы­дан тұрғын үйдің құқық белгілеуші құжаттарының кө­шірмелерін алу керек. Жылжымайтын мүліктің бағалау нәтижелері мен құқық белгілеуші құжаттарды төлем қабілеттілігі расталған күннен бастап үш айдан аспайтын уақыт ішінде тапсыруы шарт. Мақұлданған соң нотариуста сатушымен сатып­ алу-сату келісімшартын бекітіп, жұбайыңыздың кепілге рұқсаты алынады. Осыдан кейін ғана халыққа қызмет көрсету орталығында немесе нотариуста кепілді тіркеу жаса­лынып, заем беріледі.

Бағдарламаның артықшылығына келер болсақ, аудандық жерлерде баспана кезегінде тұрған тұрғындар да бастапқы жарна салу арқылы Қызыл­орда қаласынан баспана алуға құқы­лы. Ал өзге бағдарламаларда тұрғылықты жері бойынша ғана мүмкіндік болса, «Бақытты отбасы» бағдарламасы осындай «сый» жасап отыр. Айта кетейік, 3 жылға негізделген бағдарламаға мемлекет барлы­ғы 150 млрд теңге бөліп отыр. Әр жыл сайын 50 млрд теңге игерілуі керек. Бұл қаржыға еліміздің 6000 отбасы баспаналы болады деп күтіліп отыр. Бұйыртса, Қызылорда облысында жыл соңына дейін 400 отбасы қоныстойын тойлайды.

Бағдарлама қатысушылары үшін 2019 жылдың 22-26 шілде аралығында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылы­ғы және тұрғын үй инспекциясы коммуналдық мемлекеттік мекемесі ғимаратында жолдама беру үшін құжаттар қабылданады.

Н.ҚАЗИ

 


Сұрақ-жауап

 

- Несиесі бар отбасылар үшін мүмкіндік бар ма?

- Бүгінгінің  басты  сауалы – несие мәселесі. Кез келген­ несие заемшының төлем қабілетіне әсер етуі мүмкін. Алайда несие дер кезінде жабылып, айлық табыс­ы жетіп тұрса, еш кедергі  келтірмейді.

- Толық емес отбасының баласы 18-ден асса, оларға қатыса  ала  ма?

- Әкімдікке баспана кезегіне тұрғанда бала кәмелеттік жасқа толмаса, мін­детті түрде қатысу мүмкін­дігі  бар.

- Мүгедек баланың жәр­демақысы  табыс  көзіне  есептеле  ме?

- Мүгедек жандардың мемлекет тарапынан төле­ніп отырған жәрдемақысы табыс көзіне алынбайды. Егер анасы мүгедек бала күтімімен үйде отырып, әкесі жұмыс істесе, оны шешу­дің жолдары қарас­тырылған.

- Ажырасқан  отбасыларға мүмкіндік  бар  ма?

- Мемлекеттен бөлінген мүмкіндікті пайдалану үшін қағаз жүзінде ғана ажыра­судың көбейіп кетуіне байланысты неке куәлігін неке бұзу туралы куәлікке айырбастағандар 3 жыл уақыт өтпей, бағдарлама қатысушысы  атана  алмайды.

- Төлем есептеу жобасы қандай?

- Пәтер құны 10 млн теңге­ болған  жағдайда Тұрғын  үй құрылыс жинақ жүйесі ая­сында төлем мөлшері 8 жыл ішінде алдын ала заем бо­йынша 52600 теңгені құраса, қалған 11 жыл бойы 36000 теңгеден  төлеп  тұру керек.