ҚАРМАҚШЫ ҚАЛАЙ ДАМЫП КЕЛЕДІ? | Print |
01.08.2019 11:50

Арал мен Қазалы аудандарының алыс-алыс ауылдарын аралап, ондағы ағайынға сәлем беріп, бірқатар нысандардың бүге-шігесіне дейін барып көрген облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлының келесі күнгі бағыты Қармақшы ауданы болды. Әрине, біреуді мақтау үшін екіншісін төмендетудің еш керегі жоқ. Экс-әкім Қырымбек Елеуұлының елегінен өткен аймақ басшысының іскерлігіне сапар барысында көз жеткіздік.

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың Қармақшыдағы қадамы аудандық музейден басталд­ы. Тұтас бір ауданның ғана емес, күллі түркі жұртының ортақ абызына айналған Қорқыт ата жатқан жердің рухан­ияты, мәдениеті мен өнерінен­  аттап  кетпеуді мақсат тұтқаны бізді қуанта түсті. Өйткені, 4 мыңнан астам жәдігер сақталған аудандық тарих­и-өлкетану музейінде ауданның өткені мен бүгіні сайрап жатыр. Бабалар сөзі сақталған, ізі сақталған жердің аурасы тым бөлек. Жалпы, алды­н ала жоспарланған нысан­дар тізбесіне қарасақ, бізді бірқатар жер күтіп тұр екен. Оның ішінде аудан орта­лы­ғына алыс-жақын ауылдар да бар. Ауыл дегенде ішің жылиды, қаның тасиды.

Сапар барысында облыс әкімі №1 индустриялық аймақта орналасқан «Мир-2001» ЖШС бетон бұйымдарын шығар­у цехының жұмысымен таныст­ы. Аудан орталығы Жосалы­ кентінде 2016 жылы ашылған кәсіпорында 12 адам жұмыс істейді. Жеке кәсіпкер Сейфолла Ажмолдаев «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Байқоңыр филиалынан 15 млн теңге несие алып, оған 30 млн теңге өз қаражатын салып, іске қосқан. Бүгінде аудан  жұртшылығын құрылыс құмымен, бетон бұйымдарымен  қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкердің бұл бір ғана жобасы емес. Аудан бойынша  биыл  бағдарлама шеңберінде 155,7 млн теңгені құрайтын 10 жобаны қаржыландыру жоспарланса, соның ішінде екеуі арнайы техника сатып алу және жа­нар­-жағармай бо­йынша айналым қаражатын толық­тыру жобалары осы мекеменің енші­сінде.

- Жалпы, мемлекеттік бағдарламаларды орындау бойынша ауданда біршама жұмыстар атқарылып келеді. Шағын және орта кәсіп­керлікті қолдау, ірі жобаларды жүзеге асыру  бағдарлама­лары  аясында  ауданда 455 млн теңгенің 95 жобасы іске асуда. Сол арқылы 134 жаңа жұмыс орны ашылды. Әлі 30 жобамыз бар, - дейді аудандық кә­сіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі­нің басшысы Жамбыл  Жұмабаев.

Содан соң аудан орталығындағы  Ү.Томанов  атындағы №183 орта мектепке жол түсті. 300 орындық білім ошағы өткен жылы пайдалануға берілген­. Мұнда аудандағы кәсіпкерліктің дамуы, жұмыссыздықпен күрес, білім беру тәрізді мәселелердің жай-жапсар­ы талқыланды. Мек­тепке дейінгі білім беру тұр­ғысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған және жекеменшік балаб­ақшалардың санын арттыру­ мәселесі айтылды. Аудан бойынша 34 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның 32-сі балабақша болса, 2-еуі – шағын  орталық.

- Біз қазір жеке балабақшалар ашуға баса мән беріп отырмыз.  Байқоңыр қаласында да бұл бағыттағы жұмыстар жүр­гізілуде. Аудан балабақшаларында  2-3  жас  аралығында 1264 бала бар. 3-6 жас аралығындағы  балалар  балабақшамен  толық  қамтылған. Барлығы «электронды  балабақша»  жүйесіне қосылған, - деді аудан әкімінің орынбасары Ерке­бұлан Меңлібаев.

Аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов бастаған топтың келесі бағыты – Жаңажол ауылдық округі. Мұнда 2018 жылы пайдалануға берілген сағатына 5 тонна күріш өңдейтін цех бар. 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал шаруашылық құрамында 400 адам жұмыс істейді.

- Біздің өнімдеріміз сапа жағын­ан алдыңғы қатарда. Қазір 400 адам еңбек етеді. Негізі 250 жұмысшының өзі жетіп жатыр, бірақ бізде әр үйден бір адамға жұмыс береміз деген ұстаным бар. Қызмет­керлердің орташа жалақысы – 80 мың теңге. Болашақта бізді көнерген қоймаларды жаңарту, бетон зауытын салу, газоблок цехын ашу тәрізді ауқымды жұмыстар күтіп тұр, - деді «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар  Төлепов.

Мұнда ауыл ақсақалдары аймақ басшысына батасын беріп, ақжолтай тілесе, Қуа­нышбек  Ысқақов  атқарылған жұмыстарға  жақсы  баға  берді.

Қармақшы  ауданына жұмыс  сапары  аясында  облыс әкімі Дауылкөл ауылдық округі­, Тұрмағамбет ауылындағы 80 орындық балабақшаның ашылу салтанатына қатысты­. Тапсырыс беруші – «Тұрмағамбет» ЖШС. Айта кетейік, Қызылорда облы­сында 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесі 2015 жылы толық шешілген.­

- Бүгін, міне, салтанатты түрде өздеріңізбен бірге заманауи балабақшаны іске қосқалы отырмыз. Осымен, ауылдық округт­егі балабақша мәселесі толық шешілді деп санаймыз. Сондай-ақ, соңғы жылдары Дауылк­өл ауылдық округінде бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын айту керек. Тамыз­ айында Тұрмағамбет ауылында  тәулігіне 1  тонна  сүт өңдейтін цех құрылысы аяқталып, іске қосылады. «Орта­лық алаң» құрылысы қарқын­ды жүруде. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағыты­нда «Тұрмағамбет» ЖШС өңірімізде суды аз қажет ететін соя егуді қолға алды. Мұның барлығы ауыл тұрғын­дарының әл-ауқатын арттыруға және аймақтың экономикасын  дамытуға  мүмкіндік беред­і, - деп атап өтті Қуанышбек  Ысқақов.­

Шара барысында аймақ басшысы­ тұрғындарды жаңа нысанның ел игілігіне берілуімен құттықтаса, батыр ана, Социали­стік Еңбек ері Сәлима­ Жұмабекова облыс әкіміне ақ батасын берді.

Елді мекендегі «Тұрмағамбет» ЖШС төрағасы Нұржан Пірмантаев балабақша шаруашылық есебінен салынғанын, ол үшін ешбір несие алын­бағанын  жеткізді.

- Бізге тек егін егіп, қарап отыруға болмайды. Өйткені, «Шіркейлі» каналының аяғында отырмыз. Оның суын тұтынатын ең соңғы ауыл – біз. Су тапшылығы бола қалса, ең әуелі біз сезінеміз. Күріш, бидай, жоңыш­қа­  егеміз. Әртараптандыруды да ұмытпаймыз. Елдегі қажет­тілікті өтеу жолында міне, балабақ­ша салдық. Қолыңнан келетін істен бөлек, халықтың  да  мұқтаждығымен санас­қан  жөн, - деді шаруашылық төрағасы.­

Балабақша 80 бүлдіршінге арналған. Балабақша меңгеру­шісінің міндетін атқарушы Айгүл Задаева тәрбиешілердің де талапқа сай, жоғары білікті маман екенін айтты.

- Ұжымда 25 қызметкер бар. Тәрбиешілеріміз жоғары білімді. Халық сұранысын толық қанағаттандырамыз деген сенімдемін. Заманауи жабдықтар мен қажеттіліктерге қолымыз жетті. Мынадай ғимарат қолданы­сқа берілген соң ауылда балабақшамен қамтылмаған бала қалмасы  анық, - деді қуанышын  жасырмай.

«Тұрмағамбет» ЖШС мұнымен қатар сүт өнімдерін өңдеу цехын таяу арада қолданысқа бермек. Екі мыңнан астам халқы­ бар елді мекен мал шаруашы­лығын да, егін шаруашы­лығын да қолға алған. Нұржан Пірмантаев цехта шикіза­т мәселесі болмайтынын ашып айтты. Жобаның жалпы құны 30 млн теңгені құрайды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ІІІ Интернационал ауылдық округінде «Достық жер МК» ЖШС демеушілігімен жүргі­зілген орталық алаңды абаттандыру жұмыстарымен, Ақтөб­е ауылдық округінде қуаттыл­ығы  жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрика­сының  құрылысымен танысты.

Құс фабрикасының құрылысы бүгінде белсенді жүріп жатыр. Мұнда 50-ге жуық ауыл тұрғынын жұмысқа орналас­тыру жоспарланып отыр. 2018 жылы «Байқоңыр ӘКК» арқылы  458 млн теңге, жоба бас­тамашысы «Ақтөбе и К» серікте­стігі арқылы 200 млн теңге, барлығы 658 млн теңге қар­жысы­  игерілген.

- Жобаның  жалпы  құны – 1,9 млрд теңге. Инженерлік инфрақ­ұрылымы «Бизнестің  жол картасы – 2020» бағдарламасы  шеңберінде жүзеге асып жатыр. Қосымша құрама жеммен­  қамтамасыз ету үшін 512 гектар жер аукционсыз берілді. Жоба толық іске қосылса, 47 адам жұмыспен қамтылады, - дейді облыстық индустриялық-иннов­ациялық даму басқар­масы басшысының орын­басары  Жанар Берде­нова.

Төретам кентінде облыс әкімі 2018 жылы ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кеше­нінің жұмысымен танысты. Спорттың бокс, ауыр атлетика, баскетбол, волейбол және кикбо­ксинг  түрлері бойынша шәкірт  тәрбиелейтін  кешенд­е 210  бала  жаттығады.

Сондай-ақ, өңір басшысы аудандағы бірқатар елді мекен тұрғындарымен кездесіп, өңір­ді дамыту мәселелерін талқылады. Біздің көз жеткізгеніміз аймақ басшысы ауыл үлкендерінің ұсыныс-тілектерін соңын­а дейін әрі барлығын тыңдап жатты. Бұ да болса, қарапайымдылықтың бір бел­гісі шығар. Таң атқанда бас­тал­ған сапар барысы кеш бат­қанғ­а дейін жалғасты. Осы уақыт аралығын­да Қуанышбек Досмайылұлы «Қармақшы қалай дамып келеді?» деген сауал­ға іштей жауап тапты деп ойлаймыз. Әрине, кейбір сандардың қате жазылғанын байқаған облыс­ әкімі аудан әкімі Сұлтан Мақашовқа ескертіп те жатты.

 

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ