Досмайылұлы Дүйсенұлы мен Делмұхановты таңдады | Print |
01.08.2019 14:40

Бұған дейін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың аймақты алты жылдан аса басқарған Қырымбек Елеуұлымен талай­ жыл қызметтес болғанын жазған едік. Нақтырақ айтқанда, Көшербаев командасының өкілі. Табаны күректей төрт жыл облыс басшысының бірінші орынбасары болған ол мемлекет басшысының Жарлығымен жаңа қызметке тағайын­далды. Ал Қырымбек Көшербаев «АП»-ға ауысты. Енді жергілікті билікте қандай ауыс-түйіс орын алмақ? Кететін кімдер, келетін кімдер?  Аудан әкімдері қызметімен қоштаса ма? Басқарма басшылары қайда барады? Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, билікке жаңа әрі жас кадрлар келе ме? Қысқасы, Қуанышбек Досмайылұлының кадр таңдауда қарым-қабілеті сыналатын күнге  де жеттік.

Кадр бәрін шешеді. Жұмыс алға жылжымаса, «сұрап алған аурудың емі жоқ» дейміз. Аттай қалап алдырған кадр қадіріңді кетірсе, ең алдымен басшыға – сын. Сондықтан сақадай мамандарды іріктеу – аймақ басшысының алдында тұрған басты міндет.

Облыс әкімі өткен аптадан бері аудандарды аралап­ жүр. Енді ол аудан әкімдерінің жұмысын саралап, салмақ­тап, елеп-екшеп, қызметін қарық қылмай отырған­дарды орынынан алатыны анық. Оның облыс­ты­ң тізгінін ұстағанына бір айдан асып барады. Әзірге анау айтқандай ауыс-түйістер жасауға бара қойған жоқ. Бұған дейінгі әкімдер келе сала уақыт өткізбей, алды­мен­ қала әкімін «қағып» тастаудан бастайтын еді. Байқағанымыз, Ысқақов қажет кезінде қарамағын­дағыларды «ысқыртып» алатын сияқты. Мұны қала әкімінің орынбасары Бектас Нұриддиновты көптің көзінше «сойып» салғанда көрдік. Айтпақшы, кадр тағайындаудың алдында «АП»-ның, яғни Көшербаев жетекшілік ететін ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі болуы тиіс екенін ескерте кетейік.

Досмайылұлы өзгерісті өзіне жақын адамдардан бастағанды жөн санаса керек. Кешегі аптаның соңында  ауыс-түйістің алғашқы легі де басталды. Төрт жыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы­  болған Жаханов Бахыт Дүйсенұлы Қазақстан  Респуб­ликасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің орынбасары қызметіне  тағайындалды. Бұрын бұл орында Қуанышбек Досмайылұлының  өзі  отырған еді.

Бүгінгі таңда облыстық ауыл шаруашылығы басқармас­ы басшысының «креслосы» бос тұр. Ол орынтаққа лайықты кім? Бахыт Жаханов басшылық жасаған­ жылдары аймақтың агросаласында бірқатар жобалар жүзеге асты. Дегенмен, Дүйсенұлының тұсында ет бағасы­ қымбаттап кетті. Есесіне, төрт түлікті тірілей шетелге экспорттап жатырмыз. Ең қызығы, статистикаға сүйенсек, облыста тіркелген мал басы өткен ғасырдағы ең көп болған уақыты 1993 жылмен салыстырғанда әлдеқайда артқан көрінеді. Бұған қарамаста­н  ет  бағасы  шарықтап тұр. Мұны басқарманың экс-басшысы «жем-шөптің қымбаттауынан» деп түсіндіріп еді, жарықтық. Келесі кресло иесінен ел «ет  бағасын  тұрақтандырса»  деп  сұрайды. Күріштің бағасы­ да көңіл көншітпейді. Бұл да жауапсыз  сауалдың­  бірі...

Сондай-ақ, қырықтың қырқасына шыққан, екі жылдан бері облыс әкімі аппаратының басшысы болға­н Делмұханов Марат Нұрсайынұлы облыс­ әкімінің орынбасары қызметіне кірісті. Бейресми деректерге сүйенсек, М.Делмұханов Ким Евгений Германовичтің орнына барған. Ал Кимнің қайда кеткені беймәлім. Марат Нұрсайынұлының авто­биографиясы Көшербаевпен тікелей байланысты. Мәселен, 2000-2003 жылдары Қырымбек Елеу­ұлы Батыс Қазақстан об­лысының әкімі болды.­ Ал М.Делмұханов 2001-2010 жылдары аталған өңірде экономика басқармасының бас маманы, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты талдау-эксперттік бөлімінің бас маманы, ұйымдас­тыру-бақылау бөлімі­нің бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, облыс­ әкімі аппараты басшысының орынбасары, «Технопарк «Алгори­тм» ЖШС-нің директоры қыз­меттерін атқарған. 2006-2011 жылдары Көшербаев Маңғыстау облысына басшылық жасаған тұста Делмұханов (2010-2013 жылдары) Маңғыстау облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбас­ары болған. Елеуұлы 2013 жылы Қызыл­орда облысының әкімі қызметіне тағайы­ндалған соң Нұрсайынұлын біздің өңірге алдырыпты. Алдымен облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, сосын басқарма басшысы болды. Дәл осыдан екі жылдай бұрын облыс әкімі аппаратының басшысы қызметіне келген еді.

Ашығын  айтайық, қызметтік карьерасы Көшербаевпен байланысты болған Марат Нұрсайынұлының аталған лауазымды қалай алып жүретіні алдағы уақытта белгілі болмақ. Ал, оның орнына кімнің келетіні де кейбіреулердің көңілін күпті етіп тұр.

«Ат ауыстыру» әлі де жалғасатыны хақ. Әсіресе бірқатар аудан әкімдерінің, бас­қарма басшыларының «жылжитын» кезі жетті-ау! Көпшілігі «ал кеттім!» деген көңіл күйде жүрген де шығар, бәлкім?! Осы ретте айта кетейік, аудан әкімдері арасында «креслос­ын» ең ұзақ сақтап отырғаны – Сырдария  ауданының  әкімі  Ғанибек  Қазан­таев. Ол 2013 жылы лауазымды қызметке­ кіріскен  екен.

Не  болса, о болсын, қызықтың көкесі әлі алда...

 

Асан  ДӘУЛЕТ