«САНА ТАЗАРМАЙ, ҚАЛА ТАЗАРМАЙДЫ» | Print |
15.08.2019 11:40

Қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Бұған дейін мәжіліс залында ине шаншар орын болмайтын. Бұл жолы орын бос болды. Шамасы, ақжағалылар тамылжыған тамызда тынығуды жөн санаса керек. Жә, бастысы, ол емес.
Аппарат мәжілісінде екі мәселе таразыға тартылды.

Алдымен Қызылөзек ауылдық округінің әкімі Сәкен Әбдіжаппар жыл басынан бері атқарған жұмысы туралы есеп берді. Елді мекендегі қолға алынған жобаларды тілге тиек еткен ол ауыл халқын алаңдатқан мәселелерді де жайып салды. Оның айтуынша, Қараөзек бекетінде орналасқан 127 үйдің 35-і  теміржол бекетіне қарасты электр  желісіне  қосылған көрінеді. Кеңес үкіметінің тұсында. Тозығы жеткен подстанцияның 35 үйді жарықтандыруға күші жетпейді екен. Сондықтан оған жауапты мекеме  электр  қуатынан ажыратпақ. Ал ауылға «Қызылорда қалалық электр тарату торабы» мекемесінің орнатқан подстанциясының да жағдайы анау айтқандай емес. «Қазіргі таңда жаңадан электр подстанциясын салудың қажеттілігі туындап отыр» дейді ауыл  әкімі.
Сонымен қатар Қараөзек халқын қаламен байланыстырып отырған жалғыз көпір апатты жағдайда деп танылған. Осындай түйткілдерді ортаға салған ауыл әкімі қала басшысынан шұғыл түрде аталған мәселені шешуге ықпал етуді сұрады.
Өз кезегінде Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы Роза Боханова ауылда бұқаралық  спортты дамытуға байланысты нендей іс-шаралар өткізіліп жатқандығын  сұрады.
– Ауылдық округке қарасты екі елді мекенде спорт кешені жоқ. Дегенмен, мектептің спорт залында түрлі спорттық шараларды ұдайы өткізіп тұрамыз. Спорт нысандарын салу туралы мәселе бұған дейін де көтерілген, - деп атап өтті Сәкен  Нысанұлы.
Бұл ретте қала әкімі жекеменшік әріптестік аясында  салынып жатқан нысандарды бақылауға алу керектігін ескертті. Оның сөзінше, бұған жұмсалған кәсіпкердің қаржысын мемлекет өтейтін болған соң құрылыс жұмыстарын назарда  ұстаған  жөн.
– Әр ауылға 300-400 млн теңгеге спорт кешендерін тұрғызуға мүмкіндік жоқ. Оның қайтарымы бар. Егер кәсіпкерлер өздері салып беремін десе, құба-құп. Сондықтан әзірше қолда бар дүниені пайдаланған  дұрыс, - деді Н.Машбекұлы.
Сондай-ақ, ол жекеменшік әріптестік аясында салынған нысандардың онсызда көп екендігін алға тартты.
Бұдан соң «Қызылорда тазалығы» ЖШС директоры Марат Жаркеткенов баяндама жасады. Ол жыл басынан бері атқарған жұмысын жіпке тізді. Тазалық шараларын іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан шаруалар жөнінде айтып берді. Дегенмен, бұл тұрғыда да түйткілдердің бары белгілі. Әсіресе, әлеуметтік желіде қала тазалығына қатысты сын-ескертпе өте көп. Мұны серіктестік басшысы техниканың аздығымен  түсіндірді. Өз кезегінде Н.Машбекұлы да аталған проблеманы жоққа  шығармады.
– Рас, серіктестікке осыдан 6-7 жыл бұрын техникалар алып бердік. Олар 24 сағат тынбай жұмыс істейді. Техникалардың тозығы жетті. Серіктестіктің техникалық базасын жаңалау керек. «Сана тазармай, қала тазармайды». Біз осыны  тұрғындарға түсіндіруіміз  қажет, - деп атап  өтті.
Сонымен қатар шаһар басшысы «Қызылорда тазалығына» 200-ден аса көшеге тазалық жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінетінін жеткізді. Алайда бүгінгі таңда қалада 800-дің үстінде көше бар екен. Оның барлығына техниканың жетпейтінін ашық айтты.
Мәжіліс соңында қала әкімі көтерілген мәселелерге орай тиісті сала басшыларына тапсырмалар  жүктеді.

 


Халық-хабар