ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР – ЖИЫННЫҢ БАСТЫ ТАҚЫРЫБЫ | Print |
12.09.2019 11:45

Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

Бес тараудан тұратын мін­деттер, еліміздің бұған дейінгі жетістіктері мен табыстарын еселейтін, қажеттіліктер мен негізгі сұраныстарды қанағаттандыратын негізгі бағдарламалық құжат болып табылады.

Идеологиялық актив жиында шаһар басшысы Нұрлыбек Машбекұлы қаланың қарқынды дамуы және қолдауды қажет ететін салалар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық мәслихатындағы депутаттық фракция жетекшісі, мемлекет және қоғам қайраткері, Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызыл­орда агро-техникалық жоғарғы колледжінің директоры, философия ғылымдарының кандидаты Ибадулла Құттықожаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Кеңес Одағы қар­жы саласының үздігі, «Парасат» орденінің иегері Қалқазбек Әжібеков, республикалық, халықаралық айтыстардың бір­неше мәрте жүлдегері, екі дүр­кін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, қалалық мәс­лихат депутаты, №23 мектеп-лицейінің директоры Ләйлә Қожаниязова, «Самғау» жастар сыйлығының иегері, «Бизнес старт» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығының басшысы Жандос Оразмаханов сөз алып, өз ойларын ортаға салды.

Жалпы, Елбасының бастамасымен өмірге келген жаңа бағдарламалар мен тың идеялардың ық­палымен, облыс басшылығының қолдауының ар­қасында Сыр елінің орталығы Қызыл­орда қаласында маңызды мәселелер шешімін тауып келеді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Әрине, атқарылар іс әлі де бар. Өйткені, қала аумағы кеңейіп, тұрғындар саны артты. Қозғалысы бар аймақтың қордаланған мәселесі бітпек емес, бітпейді де, бітуге тиіс те емес.

- Биылғы жылдың осы күнге дейінгі есептік көрсеткіштері бойынша қаламызда көптеген жұмыстар жоғары нәтижемен орындалуда. Жыл басында қаламыздың бюджеті 43 млрд теңге көлемінде бекітіліп, 6 айдың қорытындысымен 70 млрд теңге­ден асты. Бұл бюджет көлемі­нің жыл басынан бері 62,5 па­йызға (27 млрд теңге) ұлғайғанын көрсетеді. Қала бюджеті­нің 2019 жылдың 8 айына кіріс­тер болжамы 30,8 млрд теңгеге жоспарланса, нақты түсім 31 млрд теңгені құрап, 101 па­йызға орындалды. Оның ішінде өз кірістеріміз болжанған 7,9 млрд теңгеден, 8,1 млрд теңгеге неме­се 102 пайызға орындалды, - деді шаһар басшысы.

Бүгінде облыс бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 60 пайызға жуығы қаланың үлесінде. Жыл басынан бері жаңадан тіркелген 1,5 мыңнан астам кәсіп­керлік субъектісінде 1 мың  600 жаңа жұмыс орны ашыл­ған. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­кер­лікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекет­тік  бағдарламасы»  аясында  727 млн теңгені құрайтын 121 жоба қолдау тапқан, оның ішінде 469 млн теңгені құрайтын 70 жоба қаржыланды­рылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 14 пайызға артып­  отыр.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғ­ы тұрақты өсімін 5 па­йызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болатынын, Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруды, оның ішінде шикізатқа бай­ланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруды тапсырған болатын.

Біздің аймақта өнеркәсіп өндірісінің негізгі бөлігі мұнай өндіруге тиесілі екені рас. Соңғы жылдары жекелеген мұнай құбырларының сулануы салдарынан өңірімізде мұнай өндіру көлемі қысқарды. Бұл өз кезегінде экономиканың барлық салаларына айтарлықтай әсер етуде. Дегенмен, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін өткен жылмен салыстырғанда 50,5 па­йызға арттыруға қол жеткізіліп, нәтижесінде қалаға 58,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Айта кету керек, облысқа са­лын­ған инвестицияның 32,5 па­йы­зы қаланың үлесінде.

Жолдаудағы басымдық беріл­ген келесі сала – дамыған агроөнеркәсіп кешені.

- Қаламызда ағымдағы жылдың 6 айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,3 млрд теңгені, өнімнің нақты көлемі­нің индексі өткен жылмен салысты­рғанда 103,2 пайызды құрады. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкер­лікті дамыту» бағдарламасы аясында 82 жоба мақұлданып, 536 млн теңге несие алынды. Қала бойынша 390 шаруа қожалығының бірігуімен 27 ауыл шаруа­шылығы өндіріс кооперативі құрылды. Егіс көлемдерін әртараптандыру мақсатында, барлығы  8 мың  583  гектар  жерге ауыл шаруашылығы дақыл­дары, оның ішінде 4 мың 11 гектарына күріш орналас­тырылды, - деді қала әкімі өз баян­дамасында.

Мемлекет басшысы басымдық бергендей, біздің елімізде ең басты және негізгі страте­гиялық ұстанымдарының бірі – білім саласын дамыту. Жалпы, жыл сайын қала бюджетінің  40 пайыздан астамы білім сала­сына бағытталып келеді. Бұл – осы саланы қолдаудың айқын көрінісі. Мысалы, 2018 жылы 20,6 млрд теңге қаралса, биыл­ғы жылы бұл сома 25 млрд теңгені құрап отыр. Мемлекеттік цифрландыру бағдарламасымен қала мектептерінің компьютермен жабдықталуы, интернет желісіне қолжетімділігі, электронды күнделік жүйесіне қо­сылу көрсеткіші 100 пайызға жетті. Білім беру нысандарының саны жыл сайын артуда.

Өңірде білім, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік нысандардың саны артып, материалдық-техникалық базасы дамып келеді. Елбасының және мемлекет басшысының негізгі басымдықтарына ие бол­ған мәселе – халықты тұр­ғын үймен қамтамасыз ету. Қалада тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселене түсуде. Соңғы жыл­дары қалада жаңа шағын аудандар бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болды. Бұл жұмыстар осы жылы да қарқынды жүргізіліп, атқарылған құрылыс жұмыс­тарының көлемі 22 млрд 375,5 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 2,3 есеге артып отыр. Облыста жүзеге асқан құрылыс жұмыстарының 40 па­йызы Қызылорда қаласының үлесінде екен.

Қала әкімі Жолдауда жүк­телген міндеттерді негізге ала отырып, қаладағы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Сондай-ақ, сала бойынша кей­бір мәселелерді бақылауда ұс­тауды орынбасарларына жеке-жеке тапсырса, салаға тікелей қатысы бар бөлім басшыларына соны жүктеді.

Рыскелді  ЖАХМАН