ӨНЕРКӘСІБІ ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІР | Print |
07.11.2019 10:30

Шиелінің шығысында – алты Алашқа белгілі Сығанақ­, Бестам шаһары, теріскейінде оңтүстік өңірге етене еніп жатқан қарт Қаратау бар. Одан соң Арқадан бастау алып, Шиелі жеріне келіп тірелетін Сарысу өзені, талай тарихи оқиғаның куәсі болған атақты «Телікөл», тіпті, «Таңбалы тас» та осында. Батысы­ облыс орталығының шекарасына иек артса, түстігінде әйгілі Қызылқұм жатыр.

Аға ұрпақ еңбек пен ерліктің, ынтымақ пен бірлік­тің жеңісіне осы өңірде қол жеткізді. Бұл – тарлан­ саясаткер, даңғайыр диқан, зерделі ғалым, жезтаңдай әнші мен арқалы ақын, жүректерге жол тапқан сазгерлер  өлкесі.  Төл тарихымыздың алтын тармағы саналған, аты аңызға айналған жеті әулие – Оқшы  ата, Асан  ата, Есабыз  әулие, Ғайып  ата, Қабыл ата, Кітап ата,  Қыш  ата  осы  қасиетті  топырақтан мәңгілік  мекенін  тапқан. Халқына  Жерұйық  іздеген  Асан  қайғы  бабамыздың  бейіті  де  осында орна­ласқан.­


ШАРУАСЫ  ШИРАҚ  ШИЕЛІ

Жалпы, Шиелі ауданының жер көлемі – 3239755 га. Қазіргі таңда аудандағы 40 елді мекенде барлығы 82000-нан астам адам тұрады. Оның ішінде кент орталығында – 32586 адам, ауылдық елді мекендерде 49846 адам қоныстанған. 2019 жылдың 1 шілдесіне ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштері ресми органдар мәліметімен жалпы­ экономикалық тұр­ғыдан тұрақты жағдай қалыптас­қандығын  көрсетіп  отыр.

Ауданның жылдық бюджеті 19 млрд 456 млн теңгені құрады, игерілуі – 1 тамызға 11 млрд 654 млн теңге немесе­ 101,4 пайыз (болжам – 11 млрд 490 млн теңге). Оның ішінде жергілікті бюджет кірістері 1 млрд 119 млн теңгеге немесе 117,1 пайызға орындалды. Аудан бюдже­тінің шығыстар бөлігі 11 млрд 403 млн  теңгеге  орындалды немесе  98,9  пайызды  құ­ра­ды.

2017-2019 жылдары аудан бойынша ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 1 млрд 50 млн теңге болды. Шиелі ауданы бо­йынша 17 ауыл шаруашылы­ғы құрылымы 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында лизингке және өз қаржысына­ 552176820 теңге жаңа үлгі­дегі ауыл шаруашылығы техни­каларын алып, техника парктерін жаңалауда. Жыл соңына дейін 3 шаруа қожалығына 250 млн теңге ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтарын әкелу  жоспарлануда.

Агроөнеркәсіптік кеше­нін дамытудың 2019 жылға арналған негізгі индика­тор­ларының  іс-шара  жоспарына сәйкес, мал шаруашы­лығын дамыту бағытында бірқатар  жұмыстар  атқа­рылуда. Ауданда 2019 жылдың 8 айында ауыл шаруа­шылығы саласы бойынша 6690,0 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыр­ғанда  102,7%-ға  артқан.

Шаруашылық құрылымдары 29595 гектар жерге егін егіп, былтырғы жылмен са­лыс­тырғанда 2400 гектарға өсім алған. Оның ішінде дәнді дақыл­дар – 13882 га, майлы дақылдар – 1896 га, малазықтық дақылдар – 9213 га, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 4664 га болып отыр. Негізгі дақыл сана­латын күріштің көлемі – 12475 га. 1332 га жерге егілген күздік бидай дақылы бүгінгі күнге толығымен жиналы­п, 2664 тонна өнім алынып, орта өнім гекта­рына 20 центнерден  келді.

Ауданда бүгінде тамшылатып суару әдісімен 50 гектар алмабақ өсірілуде, оның 15 гектары биылғы жылы егілді (Талаптан а/о – 10 га, Сұлутөбе а/о – 5 га). Суды үнемдеп  пайдалану бойынша Жаңатұрмыс ауылдық окру­гінде «Байсын» шаруа қожалығы ашық топырақта тамшылатып суару әдісімен 13 гектар жерге көкөніс дақылдарын ексе, мұнан бөлек Ақмая, Алмалы, Ақтоған, Талаптан ауылдық округтерінде су үнемдеу мақсатында «плёнка» қолдану әдісімен 155 гектар жерге көкөніс дақылдарын орналас­тырып, жоғарғы өнім­дерге қол жеткізді. Жобалық кеңсе ая­сында Шиелі кенті­нің шығыс аймағынан жылыжай кеше­нінің құрылысы басталды. Бүгінгі күні  2 гектар жерге 8 жылыжай са­лынып, ал­ғаш­қы өнімдері жиналуда. 1093 га жерге көкөніс дақылдары ор­на­ластырылып, 3984 тонна көкөніс алынды.

Ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру бағытында «Ақмая» шаруа қожалығында 800 гектар жерге «Ақылды ферма» жобасы аясында жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары ауыл шаруашы­лығының экспорттық әлеуеті артып келеді. Биыл­ғы жылы 1600 тонна көкөніс, бақша өнімдері Ресей­, Өзбекстан Респуб­ликаларына  экспортталды.

Ауданда 2019 жылдың 1 қыркүйектегі статистикасы бойынша ірі қара – 59658, қой мен ешкі – 93621, түйе – 1504, жылқы – 15939, құс 27890 басты құрады. Төрт түлік мал басының артуына байланысты өндірілген өнімдерде өсім бар. Яғни, алын­ған өнім (тірілей салмақта) 3191,9 тонна ет (ет өндіру – 103,3%-ға артты), 12245,8 тонна сүт (сүт өн­діру – 101,8%-ға артты), 1839,4 мың дана жұмыртқа өндірілген.

ЖҮЗ   ПАЙЫЗ  ЖАРАМДЫ  ЖОЛЫ  БАР

Шиеліде 145,4 шақырым – аудандық, 92 шақырым – облыстық, 80 шақырым республикалық маңызда­ғы автомобиль жолы, Сырдария өзенінде екі қалқымалы көпір мен бір қалқымалы өткел бар. Ау­дандық маңыздағы 145,4 шақырым  автомобиль  жолының 124,5 шақырымы, яғни 83,7 пайызы жақсы­ және қанағаттанарлық жағдайда. Облыстық және республи­калық маңыздағы автомобиль жолдары 100 па­йыз асфальтт­алған. Кент және ауылдық округ елді мекен­дерінде 437 шақырым жол торабы бар.

2019 жылға облыстық бюджеттен 2,8 шақырым «Самара-Шымкент-Майлытоғай» автомобиль жолына орташа жөндеуге 47088 мың теңге қаржы бөлінді. Мемлекеттік сатып алу жұмыстарын облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы өткізіп, жеңім­паз «Қызылорда жолдары» ЖШС мекемесі болды. Бүгінгі күнге 2019 жылға жоспарланған жұмыс толық атқарылды. Сондай-ақ, Қодама­нов ауылының ішкі көше жолдарын орташа жөндеуге 47329 мың теңге бөлін­ді. 42594,0 мың теңге игері­ліп, 4735 мың теңге бюджетке  қайтарылды.

Сметалық құны 120 млн теңге тұратын Оқшы ата мемор­иалдық кешеніне кіреберіс 4,8 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жол құрылысы екі жылға жос­парланып, мердігер мекеме «Шиелі  Жолшы»  ЖШС  96,9 млн теңгеге ұтып алды. 2018 жылы жол құрылысына облыстық бюджеттен бө­лінген 70 млн теңге толық игері­ліп отыр. Жұмыстың толық аяқталуына орай, қосымша 29,5 млн теңге қаржы 2019 жылы бөлініп, қыркүйек айын­да 24,4 млн теңге  игерілді.

Аудандық бюджеттен 2019 жылға Сырдария өзенін­дегі қалқымалы өткел мен екі қалқымалы көпірді, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының 103 шақырымын күтіп-ұстау, ағымдағы жөндеу жұмыстарына 39611 мың теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алу конкурсын «Шиелі Жолшы» ЖШС мекем­есі 21812 мың теңгеге ұтып алды. Бүгінгі күні 6417 мың теңге қаржы игерілді, қалған қаржы бөлімнің жеке қаржыландыру жоспары бойынш­а атқарылады. Үнемделген қаржы бюджетке қайтарыл­ды.

Шиелі станциясының «Шиелі-20 бекет» учаскесіндегі 2945 шақырымдағы қос жолды темір­жол арқылы автомо­биль жолы көпірін салу жұмысына 644,847 млн теңгеге жоба-сметалық құжаты жасалынып, мемлекеттік сарап­тамадан өткі­зілген. Облыстық бюджеттен 1 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізуге құ­жаттары даярлануда. Қалған  қаржы 2020 жылы бөлінеді.

МАМАН   ДАЙЫНДАУҒА  МАШЫҚТАНҒАН...

2019 жылы халықты жұ­мыспен қамту орталығына 2790 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелді. Жұмыс із­деу­ші азаматтардың 1379-ы, яғни 49,4 пайызы тұрақты жұмысқа орналасса, 1265-сі мемлекеттік қолдау шараларымен, яғни ұзақ, қысқамер­зімді оқыту курстары, шағын несиелендіру, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі және ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылды. 60 азаматқа мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаражатының есебінен жұ­мысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем­ақы тағайындалды.

2019 жылға Шиелі ауданы бойынша 900 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, осы күні 1143-ке (127 пайыз) орындалып отыр. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ауданда 2018 жыл қорытындысымен экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 39552-ге, жұмыспен қамтылған халық саны 37615-ке артып, жұмыссыздық деңгейі­ 4,9 пайызға төмен­деген. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты  аясында  техникалық және  кәсіптік  білімі  бар 140 кадрды даярлау және 182 азаматты қысқамерзімді оқыту курс­тарынан өткізу жоспарланып, бүгінгі күнге тігінші мамандығы  бойынша 20 азамат ЖК «Юсупованың» «Мақсат» оқу орталығ­ына, 40 азамат тігінші, пішуші мамандықтары бойынша ДК «Тоғжан» оқу орталы­ғына, 20 азамат аспаз маманд­ығы  бойынша «Шиелі индустриалды-аграрлық колледжіне», 20 азамат құс шаруаш­ылығы мамандығы бойынша ЖК «Қасиет» оқу орталығы­на, жалпы 100 азамат 3 ай мерзімге қысқамерзімді оқыту курстарына жолданды. 20 азамат оқу курсын аяқтап, 2-еуі жұмысқа орналастырылса, 6 азаматқа мемлекеттік грант  берілді.

Бағдарламаның екінші ба­ғыты­ шеңберінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында 110 азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып, 120 азамат оқытылып, 110-ы серти­фикат алды. Ағымдағы жылы 300 азаматқа жаңа бизнес-идеяла­рды  іске асыру бағытында  мемлекеттік  грант  беріл­у жоспарланып, бүгінгі күнге 159 азаматқа 48733 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді. 2019 жылдың  3 тоқсанында 4595 шағын кәсіпкерлік субъектісі тір­келген. Оның ішінде заңды тұлға – 538, жеке кәсіпкер – 2875, шаруа қожалықтары – 1183.

Бизнесті қолдау мақса­тында Шиелі кентінің шығыс аймағынан индустриялық аймаққ­а 96 гектар жер беріліп, жарықпен, сумен, жолмен, теміржо­лмен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні индустриял­дық аймақтан жобалық құны 66 млрд 30 млн теңгені құрайтын 7 жобаға 63 га жер телімі табысталды. Бос жер көлемі – 33 га. («Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС,«Мия Шиелі» ЖШС, «Тұлпар 2000» ЖШС, «Шиелі тас» ЖШС, «Шиелі Жолшы» ЖШС, «Бек-транс строй» ЖШС,  «Бөпежанова» ЖК).

ӘР  САЛАДА   СЕРПІН  БАР

Шиелі ауданы бойынша статистика басқармасының мәліметіне сәйкес, ауданда 14  пен 29 жас аралығында 20129 жас бар. Оның ішінде, кент жастары – 8430 (41,8%), ауыл жастары – 11699 (58,1%). Жастар аудандағы жалпы халықтың­ 25 пайызын құрайды. Биылғы жылы жастар ресурс­тық орталығымен әр­түрлі санаттағы жастарға ба­ғытта­лған шілде, тамыз, қыр­күйек айларында 32 шара ұйымдастырылып, оған 3598 жас  қамтылған.

Ауданда амбулаториялық емханалық мекемелер бо­йынша барлығы 170 дәрігер, 773 орта буынды медицина қызметкер жұмыс істейді және олар медициналық қызметтің 27 түрі бойынша мамандан­дырылған көмек көрсетеді. 10000 адамға шаққанда дәрігермен  қамтылу  көрсет­кіші – 21,9. Дәрігерлердің біліктілік санаттары – 48 (28,7%), оның ішінде жоғары­  санатта – 13 (27,9 %), І санатта – 27( 56,26 %), ІІ санатта – 8 (16,6 %). Орта буынд­ы медицина қызметкер­ле­рі­нің білік­тілік санаты – 129 (16,6%), оның ішінде жоғар­ы санатта – 97 (75,28%), І санатта –  26 (20,16%), ІІ санатта –  6 (4,66%).

Аудандағы білім беру жүйесін жалпы білім беретін  40 мектеп пен 1 кешкі мектеп, 128 мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу ұйымы құ­райды. Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес сапалы білім беру көрсеткішінің негізгі бағыты білім ұйымдарының материалдық-техникалық базасы­н нығайту болса, осы бағытт­а 2019 жылы аудандағы білім мекемелерін ағымдағы жай жөндеу жұмыстары үшін    31 млн теңге қаражат бөлінді.

2018-2019 оқу жылы 17127 оқушымен басталып, 17074 оқушымен аяқталды. 2019-2020 оқу жылында 1-11-сынып аралығында 17897 оқушы 927 сынып топтамасына, мектепалды даярлық тобы 36 мектепте ашылып, 91 топқа 1727 бала жинақталды. Оқу жылы басында 1-сыныпқа 2256 бала келеді деп жоспарланса, қазіргі кезеңде нақты түрде барлық білім беру мекемелерінде  102 сынып топтамасында  2044 оқушы білім алуда. Биылғы­ жылы облыс­тық білім басқармасының бастамасымен білім саласын цифрландыру мақсатында «mektep.sitсen.kz» ақпараттық жүйесі іске қосылып, «мектептің 1-сыныпқа бала қабылдау», «тегін тамақпен қамтуды ұсыну» және «тегін тасымал­дауды қам­тамасыз ету» мемлекеттік көрсетілім қызметтері жүйе арқылы­ жүргізілетін болады. «Мектептің 1-сыныпқа бала қабылдау» қызметі ағымдағы жылдың маусым айынан жүргізілуде, қазіргі уақытта мектепке 1-сыныпқа бала қабылдау аудан бойынша осы ақпараттық жүйе арқылы жүргізіліп, 2028 оқушының өтініші электронды, 16 оқушыныкі қағаз түрінде қабылданды.

Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спорттың даму тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі бірінші кезең 2016-2020 жылдарға арнал­ған іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Дене шы­нық­тыру және спортты дамыту­ бағытында ауданда 2 стадион, 3 спорт кешені, 37 спортзал, 121 спорт алаңдары жұмыс істейді. Ауданда 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және Шиелі спорт клубы бар, оған 3742 жасөспірім спорттың 19 түрінен секцияларға тар­тылған, бұл көрсеткіш аудан бойынша балалардың 47 пайы­зын құрап отыр.

Аудан бойынша 2019 жылдың  бірінші  жартыжылды­ғында  дене  шынық­тыру және спортпен жүйелі түрде айна­лысушылар саны 23703 адам, шұғылданушылар үлесі 28,7% пайызды құраса, жыл соңына дейін 29 пайызға жеткі­зу   жоспарлануда.

Ұлттық және бұқаралық  спортты дамыту, насихаттау мақсатында 2019 жылдың І жартыжылдығында күнтіз­бе­лік жоспарға сәйкес жыл басынан бері 62 аудандық, 6 облыстық, 3 республикалық іс-шара өткізілді. Оның ішінде отбасылық жарыс, велошеру, ұлттық спорт түрлерінен және мекеме қызметкерлері  арасында жү­гіру  жарыстары  өткізіліп  келе­ді. 2019 жылдың ІІ жартыжылдығында  жекешелік-әріптес­тік негізде Керделі елді мекенінде­ спорт кешені пайдалануға беріле­ді деп күтілуде. Онда бокс, волейбол, күрес түрлері, гимнастика спорт  түрлерін  ашу  жоспарлануда.

Қазан айының 2-6-сы күн­дері Қармақшы ауданында өткен облыстық ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2019» спартакиадасында Шиелі ауданы құрама коман­дасы спорттың 16 түрінен қатысып, жүлделі екінші орынды иеленді.

Өңірде бүгінгі таңда 1 ау­дандық мәдениет үйі, «Арман» кенттік мәдениет үйі, 10 ауылдық мәдениет үйі мен 15 ауылдық клубы, барлығы 27 мәдени ошағы, 7 халықтық ұжым,      2 мәдени-демалыс кешені халы­ққа мәдени қызмет көр­сетіп келеді. 2019 жылдың 6 айын­да аудан бо­йынша өткі­зілген мәдени шара 697 болса, қамтылған көрермен – 11330  адам.

 

ӨНЕРКӘСІПТІҢ  ӨНІМІ  ӨСКЕН

Индустрияландыру бағ­дарламасына  сәйкес  өнер­кәсіп өнімінің көлемін арт­тыру бағыт­ында 3 жоба жүзеге асырылуда.

Біріншісі, «Гежуба Шиелі цемент» ЖШС 20 мамырда іске қосылып, қалыпты жағ­дайда жұмыс істеуде. Бүгінгі күнге зауыт 43,8 мың тонна цемент­ өндіріп, 260 тұрақты жаңа  жұмыс  орны  ашылды.

Екіншісі, «Фирма Балауса» арқылы құны 125 млн АҚШ долларын құрайтын металл өңдеу жобасы жүзеге асырылуда. 2019 жылдың 1 қаңтарына экспорт көлемі 3,2 есеге ұлғайтылып (2017 жылы – 128 тонна), 1,4 млрд теңгені құрайтын 200 тонна аммоний метаванадатын экспорттады. Биылғы жылы  5  окситті  ванадий өндіру цехы құрылысы жүргі­зілуде. Цех осы жылы іске қосылады. Қазіргі  таңда  кәсіп­орында 147 адам  жұмыс істейді.

Үшіншісі, «Таң ЛТД» ЖШС-нің жобалық құны 397 млн теңгені құрайтын «Күріш және құрама жем өндірісі» жобасы іске асы­рылуда. Мемлекет тарапынан 5000 га жер телімі егіндік мақсатта табысталды. Қазіргі таңда 1000 га жерге жоңышқа және мақсары дақылдары егілді.

Сонымен  қатар, «Сыр агро и К» ЖШС-нің 1100 бас­қа арналған­ тауарлы сүт фермасы жобасы аймақтық үйлестіру кеңесі­не ұсынылып, қолдау тапты. Өндірістік мақсатқа 500 гектар жер телімі табысталды. Жобалық құны – 2,5 млрд теңге, қуаттылығы жылына 5,3 мың тонна сүт өндіреді.

Бүгінге күні Шиелі кенті бойынша үйлерге газ кіргізуге 5224 өтініш тіркеліп, оның 5216-сы «көгілдір отынды» пайдаланып отыр. Аудан орталығындағы 190 кәсіпорын, мекеме­лер және кәсіпкерлік нысандары газбен толық қамтамасыз етілген. Оның 24-і – әлеуметтік сала мекемелері. Биылғы жылы әлеуметтік жекеш­елік әріптестік аясында кент орталығындағы 8 білім беру мекемесінің (№47, 48, 127, 219, 244, 270, оқушылар үйі және №47 мектептің ескі ғимараты) қазандықтарын газ­ға ауыстыру жұмыстары толығымен аяқ­талды. 17 мектепке дейінгі балабақ­шалар толық газбен қамтамасыз  етілген.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдар­ламасы аясында Шиелі кенті Шұғыла 2, Шұғыла 3, Шығыс  4 мөлтек аудандарының инженерлік инфрақұрылым құрылысына (электр, ауызсу) 2018-2020 жылдары респуб­ликалық және облыстық бюджеттен 1 млрд 470 млн теңге бөлініп, игерілуде. Осы мөлтек аудандағы тасжолдың құрылысы жұмы­сына (43 көше) об­лыстық бюджеттен 291 млн 762 мың теңге  қаржы  қаралды (жобалық  құны – 751 млн 366 мың теңге). Нысан  2020 жылы пайда­лануға  беріледі.

2000  жылы  анықталған облыстағы Сыр бойындағы он ғасыр  адамының  бесеуі  шиелілік  тұлға  еді. Олар: ұлт жанашыры, күллі түркі  баласының  басын  қосып, ел етсем деп арманда өткен арыс азаматымыз, Түркістан автономияс­ының алғаш президенті атанған Мұстафа Шоқай, даңғайыр  диқан, дала академигі, ақ күріштен тау  тұрғызған Ыбырай  Жақаев, атақты ғалым,  академик, еңбегі  еліне  азық болған  Шахмардан  Есенов, «Неге маған­  жырламасқа  Сырда туған елімді?» деп жырлаға­н  ақын  Әбілдә Тәжібаев және Сыр сүлейі, бел­гілі  композито­р  Нартай  Бекежанов.

ТҮЙІН:

Шиелі – ежелгі Сырдария өзенінің орта ағысында орналасқа­н  киелі  мекен.

Шиелі – көптеген тарихи оқиғаның куәсі болған байырғы­  өлке.

Шиелі – талай текті тұлғаларды тудырған топырақ.

Шиелі – шаруасы ширақ, шаттығы шалқыған шаһар.

Шиелі – өнеркәсібі өркендеген, өнерпаздары өрлеген­ өлке.

Рыскелді   ЖАХМАН