АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР | | Print | |
21.11.2019 11:30 |
«Шыдамның да шегі бар». «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК мен «Су жүйесі» МКК басшылығы осылай дейді. Сұрауы бар су мен қытымыр қыста жан сақтайтын жылудың ақысына келгенде тұрғындар таршылық танытатын көрінеді. Олар ай сайын емес, жыл сайын қордаланған қарыздарын жеке тұрғындар мен мекемелерге ескертуден шаршаған. Жылдың басында жылуға қарыз көлемі 200 миллион теңгеге жеткен. Ал ауызсуды тұтынушылардың небәрі 19 пайызы ғана ақшасын ай сайын төлейді. «Борышкерлер біздің үмітімізді үзді, біз енді оларды коммуналдық қызметтен үземіз» деді олар БАҚ өкілдеріне берген баспасөз брифингінде.
- Қалаға жылу беру маусымы 15 қазаннан басталды. Қаладағы 700-ге жуық көпқабатты үй, бұдан бөлек, 500-ден аса мемлекеттік мекемелер мен орта және шағын бизнес мекемелері орталықтандырылған жылуға қосылған. Кәсіпорынның 700-ден астам қызметкерінің жалақысы, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары мәселелері қаржымен шешілетіндігі белгілі. Қызылорда қаласында 30 мыңнан астам абонент бар. Жазғытұрымнан бастап қарызы қордаланған тұрғындар мен мекемелерге төлем жасау туралы ескертулер айтып, келесі жылдың жұмысын істей бастаймыз. Бірақ, соған қарамастан қарыздың көлемі азаймай отыр. Енді амалсыз жылу жүйесінен ағыту жұмыстарын жүргізуімізге тура келеді, - дейді «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК директоры Р.Нұрмағамбетов. Оның айтуынша, сотқа дейін жеткен қарыздар да жетерлік. Ағымдағы жылы жалпы 97 млн теңге берешегі бар 1200 жеке тұрғынның қарыздарын нотариалды куәландырып, сот орындаушыларына жіберілген. Сондай-ақ жылуға қарызы бар тұрғындарға екінші деңгейлі банктерден несие берілмейді және Қазақстанның шекарасынан шыға алмайтын болады. Тіпті жылуға қарыз тұрғындардың жылжымайтын мүліктері де тәркіленген. Олар қолма-қол төлейтін қаржылары болмағандықтан, мүлікпен есептесетін көрінеді. - Қаламыздағы «Арай» мөлтек ауданы, Жаппасбай батыр көшесі, «Титов» қыстағындағы жаңа үйлерді жылу жүйесінен ажыратуға толығымен мүмкіндік бар. Қазір 200-ден аса пәтерді жылудан ажыратуға мәжбүрміз, - деді Р.Нұрмағамбетов. Судың жайына келейік. Бүгінде ауызсуды қалада 76800 абонент тұтынады. Олардың тек 19 пайызы ғана тұтынған суының ақшасын уақытылы төлеп отыр. Қалғандарының ойына да кіріп шықпайды. Бұл туралы «Су жүйесі» МКК директорының орынбасары С.Төлепбаев мәлімдеді. - Біз де ауызсудың төлемдерін алу үшін бірқатар жұмыстар атқарып жатырмыз. Әр тұтынушыға түбіртек таратылады. Мұнда тұтынушының суға төлемінің көлемі және оны үш жұмыс күні ішінде төлеу қажеттігі туралы жазба қалдырылады. Егер белгіленген уақытта төленбесе, ісі сот орындаушыларына жіберіледі, - деді ол. Қала әкімінің орынбасары Е.Бердібаев бұл тұрғыда коммуналдық қызметтің ақысы төленбесе, көрсетілетін қызметтің де сапасы сын көтермейтіндігін ескертті. - Кезек күттірмейтін шығындарды өтеу мақсатында қордаланған қарызы бар тұтынушыларды жылу және ауызсу беру жүйелерінен ажырату жұмыстарын қолға алудамыз. Тұтынушылар коммуналдық мекемелер мен кәсіпорындардағы айлық жалақы осы тұтынушылардың тұтынған қызметі үшін төлейтін ақшасынан құралатындығын әрі кәсіпорынның қызмет ұсыну сапасы төмендеуіне әкелетінін есте ұстағаны жөн, - деді ол. ТҮЙІН. Коммуналдық сала қызметін тұтынушылар қатарында 500-700 мың теңгеге дейін қарызы бар тұрғындар тіркелген. Бұл – кем дегенде 10 жылдан бері төленбей келген қарыз көлемі. Менталитетімізге сай мейірімділікке салынғанның салдарынан құр босқа құрдымға кетіп бара жатқан кәсіпорындар амалсыз тұрғындардың мүлкін тәркіге салып, сотқа жүгінуге шын мәжбүр. Енді олар қарызын төлеуге шамасы келмейтіндерге бітімгершілікке келіп, бөліп төлеуге де болатындығын айтады. Қарызға еті үйренген бе, қазекемнің мұнысы қызық болған екен?
Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ |