ЭМИГРАЦИЯ – САЯСАТ АЙНАСЫ | Print |
05.12.2019 15:20

Марат  БӘЙДІЛДӘҰЛЫ,

қоғам  қайраткері:

Иә, 2014 жылдан бері елімізден көшіп кетушілер саны көбейіп барады. Статистика жөніндегі коми­теттің деректеріне қарағанда 2012 жылдан бері 230 мыңдай адам тұрақты тұру үшін Қазақстаннан басқа елдерге көшіп кеткен. Бақытын сырттан іздегендер саны жылдан-жылға ұлғаюда. 2014 жылы – 28946 адам, 2015 жылы –30047 адам, 2016 жылы –34900 адам, 2017 жылы –37704 адам, 2018 жылы 41894 адам шетелге қоныс аударған. Тек өткен жылы ғана 42 мыңдай адам эмиграцияға кетіпті. Қазақстан миграция бойынша Еуразиялық одақта көш бастап тұр. Екінші орында – Армения, үшінші орында – Қырғызстан.

Еліміздегі эмиграция тасқынында Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан об­лыстарының  үлесі  басым. Ұлттық жағынан қарасақ, көшіп кетушілер – негізін­ен орыстар, украиндар және неміс­тер. Эмиграцияның Қа­зақстан үшін әрі теріс, әрі пайдалы жағы бар. Теріс жағы – көшіп кетушілердің тең жартысы жоғары және орта білімді мамандар. Мұны демография тілінде ақыл-ой­дың жылыстауы деп атайды. Тиімді жағы – Қазақстанда  қазақтардың  үлес салмағы арта түседі. Анықталмаған дерек­терге қарағанда еліміздегі қазақтардың үлес салма­ғы қазір 72-73 пайызға жеткен.

Миграциялық сальдо (көшіп кетушілер мен көшіп келушілер санының айырмашылығы) минус 29 мың адам болса, ол халықтың табиғи өсімінен (238 230) сегіз есе кем. Яғни бұл еліміз үшін бәлендей қауіпті емес. Келімсек диаспоралар  өкілдерінің  өзде­рі­нің  тарихи отандарына көшуі болса, ол – табиғи  үдеріс.

Қауіптісі – алдағы кезең. «Стратегия» қо­ғамдық қорының 2019 жылдың қаңтар айында жүргізген зерттеулеріне қарағанда Қазақстан халқы­ның төрттен үш бөлігі елден көшіп кет­кісі келед­і екен. Оның ішінде орыстардың 52 пайызы, қазақтардың 31 пайызы сондай пиғылда. Әсіресе, 25 пен 34 жастың арасындағылар. Мені алаңдататыны да сол жастар. Зиялы қауым ортасында жүрген соң кездескенде бала-шағаның жайын сұраймыз. Сонда еститініміз: «Балам Канадада», «қы­зым Англияда», «немереміз Германияда», «оқуын бітіріп сонда қалды» деген тәрізді жаңалықтар. «Не себепті?» десең, шетінен Қазақстанда жоғары жалақысы бар лайықты жұмысқа тұру, мансаптық өсу мүм­кіндігінің шектеулі екен­дігін алға тартады. Шетелдегі қазақ жастарымен кездескенде олар «режим өзгермей елге қайту жоспары» жоқ екендігін жа­йып салады. Яғни бұдан эмиграциялық үдеріс елімі­здегі режим мен режи­м саясатына тікелей байланысты екені бай­қалады. Әрине, біз қазақ жастарының Қазақ­станның экономикалық, әлеу­меттік дамуына үлес қосқанын қалаймыз. Алайда ол саяси өзгеріс­терге  ғана тәуелді болып тұрғаны  өкінішті.

Facebook-тегі  парақшасынан  алынды.