ҚЫЗЫЛОРДА: ТҰРАҚТЫ ӨРЛЕУ, ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ | Print |
05.12.2019 15:40

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы халыққа Жолдауында 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болатынын айтқан еді. Ішкі жалпы өнімнің тұрақтылығына тікелей әсер ететін фактор ретінде аймақта шикізаттық емес экспорт көлемі соңғы 3 жылда 3 есеге өсті. Шетелден тікелей инвестиция тарту да – маңызды қадамдардың бірі. Жол­даудың жүгі бар, одан бөлек облыстың әлеуметтік-экономикалық даму перспективалық жоспарын орындауда­ғы маңызды мақсаттарына қол жеткізу үшін инвест­иция тартуды жетілдіру шаралары жүзеге асырылу­да. Соның басты тармағы деп жыл сайын өткізіліп  келе  жатқан инвестициялық форумды айтуға­ болады. Биыл да дәстүрлі ұйымдастырылған «XI Baikonyr invest» халықаралық форумы «Қызыл­орда:  тұрақты  өрлеу, инвестициялық ынтымақтастық» тақырыбы аясын қамтыды.

10  АЙДА  288  МЛРД  ТЕҢГЕ  ИНВЕСТИЦИЯ  ТАРТЫЛДЫ

Бүгінде инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, бір жерге шоғырланған 12 мекеменің 68 қызмет түрі «Бір терезе» қағидасы бойынша көрсетілуде. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысын автоматтандыру арқылы техникалық шарт беру уақыты 1 айдан 3 жұмыс күніне дейін қысқар­тылды. Нәтижесінде өңірімізде соңғы 2 жылда жалпы инвестиция көлемі орта есеппен 17,7 пайызға өсті. Ал өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі соңғы 3 жылда 32,6 пайызға артқан. Аймақт­ың инвестициялық тартымдылық потенциалының жылдан-жылға артып келе жатқанын осыдан-ақ аңғару қиын емес. Түрлі индустриалды жобаларды жүзеге­ асыру үшін соңғы бес жылдықта тартылған 1,7 трлн теңгеге жуық тікелей инвестицияның 25,5 пайызы 2018 жылдың еншісіне тиесілі. Жыл басталғалы өңірге тартылған жалпы инвестиция көлемі 288 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың­ есепті кезеңімен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Келесі жылы бұл цифрлар жаңаша сипат алады, оған «XI Baikonyr invest» халықаралық форумы барысында қол қойылған келісімшарттар негіз болады.­

- «Baikonyr Invest» – жыл сайын 300-ден астам шетелдік және отандық бизнес-көшбасшылары, инвестициялық компания басшыларының, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері мен экономика салаларындағы сарапшылардың басын қосатын ауқымды пікірталас алаңы. Алғаш­ рет  2013 жылы тұсауын кескен үлкен шара бүгін 11-ші мәрте өткізілуде. Алдыңғы 10 форумның нәтижесінде 130-дан астам меморандумға қол қойылып, облыс экономикасына 1 триллионнан астам инвестиция­ тартылған еді. Қызылорда облысында атқарыл­ып жатқан жұмыстардың ең маңыз­ды артықшылығының бірі – тиімді логистикалық жағдай. Бүкіл облыс арқылы­ су артериясы (Сырдария өзені), оның бойым­ен теміржол және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралінің 800 шақырымнан астамы біздің өңір арқылы­  өтеді, - деді облыс әкімі Қуанышбек  Ысқақов  форум басталар  тұста.

 

ИРАН  ИГІ  БАҒЫТТАРДЫ ИІРУГЕ   ӘЗІР

Жалпы экономиканың тұрақты және жоғары қарқынды тиімділігін қалыптас­тыруда инвестицияның маңызы зор. Ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін енгізуде, инфрақұрылымды дамыту бағытына бөлінген қаржыны игеру және ақтау әлдеқайда тиімді. Әлемдік тәжірибеде, оның ішінде Азия-Тынық мұхиты аймағындағы кеңістік өзінің терең нарықтық өзгерістері сатысына енуде жоғары инвестициялық белсенділікті танытуда. Ішкі жалпы өнім құрылымында негізгі капиталғ­а инвестиция салудың үлесі 30-40%-дан асуы эконо­микалық саясаттың тиімді ұйымдастыры­луының  нәтижесі екен. Шара барысында  дипломатиялық  байланысы бар ел­дерден  келген  өкілетті  елшілер де сөз алды.

- Қазақстан мен Иранның өркениеттік, экономикалық және саяси-мәдени байланыс­тарының тамыры тереңде және дами береді. Бүгінге дейін 110 екі­жақты құжатқа қол қойылған. Ағымдағы жылдың 16 қыркүйегінде екі елдің сауда-экономикалық серіктестерінің жүздесуі өтті. Келісімнің мұндай түрінде мақсат та, мүдде де ортақ болады.­ Осы күннің өзінде Иран Ислам Республикасына қарасты Мазандаран, Гүлістан провинцияларының Шымкент, Маңғыстау, Қызылорда облыстарымен экономикалық байланыстары бар. Серіктестік қарым-қатынас деңгейін стратегиялық-иннова­циялық, сауда және туризм бағыты­нда дамыту­ жоспарда бар. Сондықтан Иран мемлекеті Қазақстан тарапынан келетін сауда-экономикалық делегацияны күтуге қашанда әзір, - деді Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Маджид­  Самадзаде.

Қазірде Қазақстан – Орталық Азиядан тартылатын тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша көш басында тұрған мемлекет. Тәуелсіздік жылдары ел экономикасына 320 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылған.­ 2018 жылы инвестициялардың жалпы ағымы 24,3 миллиард доллар болды.

 

ІРІ   ИНВЕСТОРМЕН ЫМЫРАЛАСТЫҚ

Өткен жылдың қорытындысы бойынша­ негізгі инвесторлар Нидерланды – 7,3 миллиард доллар, АҚШ – 5,3 миллиард, Швейцария – 2,5 миллиард, Ресей – 1,5 мил­лиард, Қытай – 1,5 миллиард, Бельгия – 1 миллиард, Франция – 0,9 миллиард, Ұлы­британия – 0,6 миллиард, Корея 0,5 миллиард доллар инвестиция құйған. Президент Жолдауында да негізгі өзекке айналған­ шетелден тікелей инвестиция тарту – еліміздің одан әрі дамуы бойынша өршіл міндеттерге қол жеткізуінің бірден-бір  кепілі.

- Бүгінгі инвестициялық форумға қатысушыларға сәттілік тілей отырып, баршаңызға Нидерланды елінің сәлемін жеткізе­мін. Нидерланды – Қазақстанның Еуропа­дағы саяси және экономикалық маңызды әріптесі. 1990 жылдан бері қарай сауда-эконо­микалық екіжақты қарым-қатынасы­ нығайды. Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі ретінде алдағы уақытта мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық жалғаса береті­нін айтқым келеді. Бүгінде біздің елдің қазақ еліне құйып отырған инвес­тиция көлемі 8 млрд доллардан асты. Әсіресе­ ауыл шаруашылығы саласында Нидерланды көшбасшы елдердің қата­рынан түскен емес, - деді Нидерланды Корольдігі­нің Қазақстандағы Төтенше және  өкілетті  елшісі  Андре  Карстенс.

Бүгінде бұл мемлекет заманауи-техникалық құрылғылар мен қондырғыларды қолдану арқылы сауда-өнеркәсіп саласының серіктестігі ретінде Ақтөбеде жоғары сұрыпты қызанақ өндіруде. Болашақта Сыр елінде көптеген инвестициялық жобала­рды қолға аламыз деген ойлары бар.

 

СЫРДЫҢ  ЖЕЛІ  «САМАЛ  ЖЕЛГЕ» СЕРПІН   БЕРІП  ТҰР

Қазіргі уақытта 7,2 млрд АҚШ дол­ларын құрайтын Қазақстан-Корей индустриалды-инновациялық 40 жоба бар. Оның ішінде жалпы сомасы 1,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 19 жоба іске қосылды, 2,1 млрд долларды құрайтын 6 жобаның жұмысы күтілуде және 3,2 млрд долларды құрайтын 15 перспективалық жобаны іске асыру «Самал жел» бағдарламасы аясында қарас­ты­рылған. Бұл – Қазақстан мен Корея­ елдерін­ің қол қойған ортақ жобалары.­

- Ағымдағы жылдың 22 сәуірінде Корея­ президенті Мун Чжэ Инның Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан-Корей сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық кездесуі өтті. Онда Үкіметаралық комиссиясының қолдау­ымен жүзеге асырылатын 2019-2022 жылдарға арналған «Самал жел» жаңа экономи­калық ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Құжатқа ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­і Роман Скляр мен Корея Республикасының Сауда, индустрия және энергетика министрі Сон Юн Мо қол қойды. Бағдарлама көлік және логистика, құрылыс, өнеркәсіп, инфрақұрылымды дамыту,­ тау-кен металлургия және жер қойнауын пайдалану, сауда-экономикалық ынтымақтастық, энергетика, инновация, ауыл шаруашылығы, қаржы, денсаулық сақтау мен мәдениет, туризм және білім беру салалары­ндағы нақты 58 жобаны іске асыруды­ң және 10 бағыттағы кешенді өзара іс-қимылды қамтиды. Бүгінде Корея тарапынан Қызылордада өзге де бастамалар қолға алынуда. Қызылордада жел бар, оны көптеген мақсатқа пайдалануға болады­, - деп баяндады Корея Республикасының  ҚР  Төтенше  және  өкілетті  елшісі  Ким  Дэсик  форум  барысында.

Тілге тиек етерлігі, Корея елі белсенді бизнес-ынтымақтастық орнатуда үздік ондық қатарында. Қазірдің өзінде бұл елдің капиталының қатысуымен 500-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

 

ӨҢІР   ЭКОНОМИКАСЫН  КӨТЕРЕТІН   ЖОБАЛАР   БАР

Инвестиция тарту – жаңа жұмыс орындары­н құру, қазақстандық кадрлардың біліктілігін арттыру, инновациялық технологиялар трансферті, сонымен қатар мемлекет бюджетіне салық түсімдерін ұлғайту. Яғни қоғамның әлеуметтік проб­лемаларын шешуге оң әсерін тигізеді. Осы міндеттерді  орындау  мақсатында  шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жаңа жүйе жетілдірілуде. Шетелдік мекемелермен өзара іс-қимылды күшейту және бұл инфрақұрылымды инвестициялар тартудың негізгі құралдарының бірі ретінде пайдала­ну қарастырылған. Қазақстанның жаңа инвестициялар тарту бойынша жұмысына­ бағдарланған арнайы инсти­туттары  қатарында «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы  да  бар.

- Қазіргі уақытта компанияның Қытай, АҚШ, Германия, Франция, Түркия елдерін­де өкілдері бар. Компания «бір терезе»­ қағидаты бойынша инвесторлардың Қазақстан Республикасының мем­лекеттік органдарының өкілдерімен өзара іс-қимылын болдырмайтын немесе ба­рын­ша­ азайтатын функцияларды жүзеге­ асы­рады­. 2019 жылы жалпы құны 454,1 млрд долларды құрайтын 8 жоба жүзеге асырылды, 60 жоба қолға алынуда. Ең көбі Алматы­ қаласында, ал Қызылордада өңір экономикасын көтеретін 10 жоба жүзеге асады деген жоспар бар. Алдағы уақытта 683 млрд теңгені құрайтын 280 жобаның 31-і Қызыл­орда облысында жүзеге аспақшы, - деді «Kazakh Invest» АҚ ұлттық компаниясы басқар­ма төрағасының кеңесшісі Марат Есенов.

 

ФОРУМ    ТАБЫСЫ –  ҚОЛ   ҚОЙЫЛҒАН   МЕМОРАНДУМ

Келелі жиын төрінде пленарлық отырыс­ пен кездесулер, әр салаға қатысты секциялық жиындар, инвесторлар мен жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, пленарлық отырыста «Байқоңыр» арнайы экономикалық аймағындағы жобаларды іске асыруға арналған перспективалы алаңға, ауыл шаруаш­ылығында фермерлікті және мал шаруашылығы кластерін дамыту мүмкін­діктері, мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестікті дамыту перспективалары туралы баяндама­лар оқылды. Шетелдік және отандық­ бизнес-қауымдастық өкілдері, инвестициялық компаниялардың бас­шылары, ғылыми-зерттеу институттары өкілдері және Иран, Франция, Германия, Македония, Нидерланды Корольдігі, Корея­, Канада, Словения, ҚХР, Ресей Федера­циясынан шақырылған инвесторлар қатысқан форум табысты аяқталды. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес, жалпы құны 100 млрд теңгеге жуық жобаларды жүзеге асыру үшін 25 меморандум, 1 келісімшартқа қол қойылды. Олардың қатарында өнеркәсіп саласы, агроөнеркәсіптік сектор, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағыты шеңберіндегі инвестициялық жобала­р  бар.

Сонымен қатар, форум қатысушы­лары үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағына және «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне экскур­сиялық  тур  ұйымдастырылды.

 

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН