ӘЛЕУМЕТТІК АХУАЛДЫ ТҮЗЕУГЕ БИЛІК «ӘСКЕРІ» НЕГЕ ӘЛСІЗ? | Print |
05.12.2019 16:00

Расул  ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы

Қазақстанда дамып, өркендеу үшін қажеттінің бәрі: ұлан-ғайыр жер, табиғи байлық, оған қоса сауатты да еңбекқор халық бар.

Бұл  әлеуетті реттейтін билік  өкілдерінде де тапшылық жоқ. Бірақ күнкөрісіміз мәз емес. Неліктен?

1983 жылы Кеңес Одағының басшысы Юрий Андроповтың «Біз  өзіміз  тұрып  жат­қан елді білмейміз» деген­ сөзі бар. Әккі чекис­т, тәжірибелі коммун­истің бұл сөзді ай­туына елдегі басқару жүйесінің терең дағ­дарысқа енгені, пар­тияның шынайы өмір­ден алшақтағаны  себеп  бол­ған еді. Андропов осыны  түсініп, былық­қа батқан, «өзім білемін» дегенге тұйықталған  менмен­шіл  жүйе­ні өз­гертуге тырысты. Бірақ реформалар  үстірт, жүйе­сіз  болғандықтан, Андропов та, оның із­басарлары да сәтсіздікке ұшырады. Әлгі мәлімдемеден кейін арада сегіз жыл өткенде КСРО күй­реп тынды.

Өкінішті-ақ жағдай, Қазақстанда орнаған билік  жүйесі  елдегі  ахуал­ды толықтай сезі­ніп-түсініп отыр деп айта алмай­мыз. Олай болған жағдайда «Азаматтардың 97 пайызы өзінің өмір деңгейі­не   қанағаттанады», «2020 жылға қарай ха­лықтың­ 95 пайызы қазақша сөйлейді»,  «500 теңгеге тойып тамақт­ануға болады­» сынды күлкі үйіретін мәлімдемелер  жа­салм­ас  еді. «Бұлардың аяғы  салбы­рап   аспаннан  түсті  ме?»  деп оған  қо­ғам да  кейімес   еді.

Талайдан бері Отанымызда бір-бірімен онша қабыса бермейтін бөлек екі әлем қалыптасқаны ешкімге құпия емес. Бірі – күнде ойын, күнде той, төрткүл дүниені қияли табыстарымен тамсандырған Қазақстан да, екіншісі – шенділері жемқорлыққа батқан, экономикасы дағдарыстан көз ашпайтын, зейнеткерлері арып-ашыған, орта буыны жан сақтаумен әлек, ал жастары ше­телге  кетуді  аңсаған Қазақстан.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары билік кінәнің бәрін Мәскеуге  жабушы  еді. «Өзі­міз­дің қолымызда еш қауқар болма­ды, бізбен ешкім санаспады, айтқанымызға құлақ аспад­ы, ал енді сәл шыдай тұрыңыз, елдің еңсесін көтереміз»  деген  сыңайдағы  ақталу­ сөздері айтылатын. Алайда арада бес емес, он емес, жиырма сегіз жыл өтті. Институтты енді аяқтаған қылшылдаған жаста­р  бүгін  немере тербеткен ата мен әжеге айналды. Қазақтың  топты  жарып, «екін­ші Кувейтке» айналғанын көрмей кеткен жандар қан­шама. Тек баяғы өзі тұрып жатқа­н елін білмес даныш­пансымақтар көбеймесе, кеміген­   жоқ.

 

 


 

Енді, міне, кеш те болса, сең қозғалғандай сезім бар. Жоғарыда өзгерістердің қажеттігі жайлы жиі айтылуда. «Қоғам дайын емес, әлі де кідіре тұру керек» деген­ ұрандар тыйыл­ғандай. Есесіне реформаларды саясат­тан  бастау  керек­ екені мойындалып жатыр. Қалай болғ­анда да тұрақтылықты  сақтап, алға жылжудың жалғыз жолы – демократияға жетуге деген ерік-жігер анық байқа­лады. Бірақ мардымды нәтиже болу үшін құр ерік-жігер жеткіліксіз. Реформалар кезек­ті көзбояушылық емес, ойдағыд­ай жүзеге асу  үшін  сауатты, ақыл­ға  сүйенген, жан-жақты таразыланған  шешімдер керек.


 

 

Қарап отырсақ, Қазақстанда төменнен жоғарыға шейін маңыз­ды мемлекеттік шешімдерді зерттеуші, ұсынушы, сұрыптаушы, тексеруші, мақұлдаушы, бекітуші, орындаушы, қадағалаушы, қадағалаушыны қадағалаушы, мүлт кетсе, жауап­қа тартушы мекемелер жетіп артылад­ы. Үкімет пен парламенттен бастап, аудандық мәслихат пен ұсақ статисти­калық  бөлім­шелерге дейін. Бұл тұрғыдан алған­да біздегі мемлек­еттік басқа­ру жүйесі басқалардан еш кем емес. Тіпті сан жағынан алғанд­а әлемнің көш басында келе­міз. Мәселен, 128 миллион халқы­ бар Жапонияда 9 мың шенеу­нік болса,­ 18 миллион халық тұратын Қазақстанда оларды­ң саны 120 мыңнан асады. Сондағысы біздің елде жан басына  шаққан­дағы  жалпы  ішкі өнім жылына­ ресми 9,4 мың доллар­ды құраса, Күншығыс елінде­ аталғ­ан көр­сеткіш 38,4 мың доллар­  немесе  төрт  есе  көп.

Көріп отырғанымыздай, гәп санда емес, сапада. Бұнымен «біздегі мемлекеттік қызметкерлер шетінен әлсіз, олардың кәсіби деңгейі төмен» деген­ баға беруден аулақпын. Кадр жасақтау ісінде тамыр-таныстық, бастыққа жағыну секілді олқылықтар көзге ұрып тұрса да, тиісті мекемелерде өз саласының білгір де адал мамандары аз емес. Олардың, әсіресе, орта және төмен деңгейде жұмыс атқаратындарының жалақысы да мәз емес. Еңбек уақыты ұзақ – қызметкерлер кейде заңмен белгіленген 8 сағаттық жұмыс күні жайын­а қалып, түнгі тоғыз-он бірге дейін кеңседе отырады. Ол аздай, кейде сенбі күндері де жұмысқа келуге мәжбүр. Сонда  «орасан армияның күні-түні  тынбай жасайтын жұмысы неліктен көңіл көн­шітпейді?» деген сауал пайда болуы  заңды.

Бұл парадокстың көптеген себебін келтіруге болар. Бірақ солардың ішіндегі бастылары келесілер:

1.      Басшылықтың еңбек ұжымдары алдында ортақ стратегияға бағынған нақты мін­деттерді қоя алмай, науқаншылдыққа бой алдыруы.

2.      Қызметкерлер мотивациясының төмендеп, адал еңбектің орнына жеке бастың қамы, жағымпаздық, ойын ашық айтудан тартыну сияқты келеңсіз сипаттардың алға шығуы.

3.      Қағазбастылыққа салынып, елдің қамы мен түпкілікті нәтижеге емес, әйтеуір жұмыс үшін жұмыс істеуге дағдылану.

Әр шендінің қызмет бабында жауапсыздыққа жол беруі басқару жүйесінің түгелдей іріп-шіруіне алып келеді. Шамалас жағдай бүгінде көршілес Ресейде орныққан. РФ президенті Владимир Путиннің тікелей эфирде отырып, Сібір­дегі шалғай ауылдың мектебіне­ жөндеу жұмыстарын жүргізуі, Самарадағы қоқыс алаңын тазарту, басқа да ұсақ мәселелер бойынша Кремльден бұйрықтар үлестіруі қалыпты жағдай. Бұл – орта және төменгі деңгейлерде түйткілдер тарқатылмайды деген сөз. Әбігерге түскен жұрттың президенттен араша не көмек сұраудан басқа лажы қалмаған.

 


 

Олай  болса, «тыш­қан ауламайтын арамтамақ мысықтан­» не пайда?

 


 

Анығы сол – мемлекеттік басқару жүйесіне, онымен қатарласып жүретін кадрларды жасақтау мен іріктеу саласына түбегейлі реформа қажет. Алайда мәселе реттелгеннің өзінде бастапқыда сөз болған өз елін танып-білу тұрғысынан ақпарат пен сараптама, статистика мен әлеуметтік зерттеуді мықтап қолға алған жөн. Онсыз кез келген шешімнің оңтайлы да қолжетімді болуы екіталай.

Аталған бағыттарда да «әт­теген-айлар» бастан асады. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстан бойынша орташа жалақ­ы – 176 мың теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 мың теңге шамасында. Рас, жаманды­ жақсы, ақты қара қылып көрсетуді көздеген айла-тәсілдер билік басындағылардың құлағына жағымды естілетін де шығар. Бірақ бұл маңызды шешімд­ер осындай қисық дерект­ерге сүйеніп қабылданатынын ескерсек, олардың өзі де қисық болатыны, ал әлеуметтік-экономикалық сая­саттың ылғи  ақсап  жататыны әу  бастан-ақ  белгілі ғой.

Әділ сараптама күйі де сол сияқты. Халықтың тыныс-тір­шілігі, толғандырған ойлары туралы мәліметтерді билікке бүкпесіз жеткізуге арналған әлеуметтік зерттеулерге келсек, ондай орталар Қазақстанда мүлде жоқтың қасы. Нелік­тен? Көзбояушылыққа еті үйреніп қалған ресми мекемелер тәуелсіз пікірді тыңдағысы жоқ, ондайларды назарға алып, елеуге құлық танытпайды. Тиісін­ше тек «жақсы хабар» әкелуші саясаттанушылар мен әлеуметтанушыларға жағдай жасайды. Демек, жағдай оңалу үшін бірден-бір алғышарт – әділ де сауатты сараптама жасауш­ы тәуелсіз орталарға жағдай   жасау.

Түйін. Баспасөз ақиқатты айтудың орнына оны бүр­кемелеумен әлек, ал сот әділ­діктен гөрі жоғарыдағы бастыққа кіріптар болса, статистика шынайы деректерді жария­лаудың орнына, оларды сылап-сипайтын болса, күштік мекемелер қарапайым азаматты қорғау орнына билікті халықт­ан арашалайтын болса, бұндай қоғамның ертеңі не болмақ?

Автордың   пікірі  редакцияның   ұстанымына

сай  келмеуі  мүмкін.