ҚАРЫЗ күліп келіп, жылап қайтпасын... | Print |
06.11.2014 12:02

Көк бөрінің ұрпағы сыртқы жүнін қампайтқанымен, қарызы бастан асады. ҚР Ұлттық банкінің есептеуі бойынша 2014 жылдың 30 маусымында елдің сыртқы қарызы 155,5 млрд. долларды құрады. «Оның 10,6 млрд. доллары банк секторына тиесілі. Ал 5,8 млрд. доллар - Ұлттық банк пен ел үкіметінің еншісінде. Қалған қарыздар түрлі корпорациялар мен коммерциялық емес ұйымдардың атында»,- делінген Ұлттық банк мәлімдемесінде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда сыртқы қарыз көлемі 4,1 млрд. долларға артқандығын аңғар­тады. Сонымен, кімге қанша қарызбыз?

Бізді жарылқап отырған бірінші Нидерланды мемле­кеті. Басымызда оларға 37,6 млрд. доллар берешегіміз бар. Ал Ұлыбритания 25,1 млрд. долларын шекарадан айырқалпақтыларға асырған. Аспанасты елінің де бізден 15,9 млрд. АҚШ доллар алашағы бар. Төртінші орында «Ақ үйге» 11,3 млрд. доллар, француздарға  9,3 млрд. доллар, ал теріскейлік көрші Ресейге 4,9 млрд. доллар­ қарызбыз.

Ұлттық банктің мәлімдемесі бойынша, сырттан сауға сұрауға кіріптар бірінші банктер көрінеді. Олардың ағымдағы айдың екінші жартысындағы жатқа қарызы 108,1 млн. долларға өскен.

Бәтуасыз басқосулар, пайдасыз форумдар, іске алғы­сыз ассамблеялар, жүлдесі үш жүздің баласына бұйырматын байрақты бәсекелерді ұйымдастырудан арыл­масақ, қарызымыздың қарымын қойнауымыздағы қазынамыз­ да қайтара алмас.

Сыртқы қарыз бен сыртқа қашқан қаржыға шектеу қойылмаса, 1998 жылғы Оңтүстік Кореяны қыспа­ғына алған дағдарыстың бізді айналып өтпесіне кім кепіл?

АЛДАСПАН