ЗЕҢГІР КӨККЕ КӨТЕРІЛЕТІН 70 ЗЫМЫРАН ЖЕТІСТІРЕ МЕ? | Print |
06.11.2014 12:04

«Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады». Көгімізді билеген  көршілеріміз біздің көз жасымызға қарайын деп отырған жоқ. Енді Ресей 2020 жылға дейін Байқоңыр ғарыш айлағынан 70 мәрте зымыран ұшыруды жоспарлап отыр. Айналдырған алты жылдың ішінде 70 зымыран «төбемізді тесер» болса, ары қарай ойлана беріңіз. Ал олар гептилмен ұшатын ракеталардан «Ангара» кешені тапсырылғанда ғана бас тартпақ. Бұл туралы «Роскосмос»-тың басшысы О.Остапенко Байқоңырда «Южный» ғарыш орталығы мамандарымен кездесуде мәлімдеген.

Ресей ғарыш мекемесі басшысының айтуынша, Байқоңыр ғарыш айлағындағы ұшырылым­дар­дың қарқыны гептилді зымырандарды ұшыруды қысқарту тенденциясына байланысты бәсеңдеп отыр. Бірақ, «Протон» зымырандарынан бас тарту ойымыз жоқ»,- дей­ді О.Остапенко. Оның ойынша, зиянды отынмен ұшатын зымыраннан «Ангара» комплексі енгізілгенде ғана бас тартуға болады. Ол Қазақстанмен арадағы келіссөздер барысында ғарыш айлағының келешек қызметі туралы жиі талқылана­тынын  айтады.

«Талқыға салынады» дегені – бос әурешілік. Байқоңыр төңірегіндегі байыпты мәселелер күн тәртібінен түспей келеді. Бірақ, нәтиже жоқ. 2007 жылы қыркүйек айында Жезқазған қаласынан 40 шақырым жерге «Протон» құлағаны елдің есінен кете қойған жоқ. Оған  сол жылы Үкімет аз-маз бас қатырған сыңай танытып, мәселені «майшаммен» қарағандай болғ­ан. 2006 жылғы  шіл­деде Қармақшы  ауданы Көмек­баев ауылының тұсына ресейл­ік «Днепр» зымыраны құлап, ондаған тонна гептил мен амил төгіл­ген еді. Алдың­ғы жылғы «Байқоңырдағы» зымыран апаты тағы бар.

Биліктегілер бас болып, проблемаға нүкте қоя алмай отырғанда, бер жағындағылардың үлгісіз тон пішуінің жөні жоқ. Жыл құрғатпай жаудырып жатқан уға шыдас беріп отырған қызылордалықтардың жаны сірі. Айта-айта қазір бұл мәселенің де «қадірі» кеткендей. Байқоңыр «боданда» тұрғанда гептилден көз ашуымыз екіталай. «ҚазҒарыш» агенттінің төрағасы Т.Мұсабаевтың «Известия» бысылымына берген сұхбаты да ел арасында біраз  дау тудырып еді. Онда ол Байқоңырдың Ресей құрамында мәңгілік қалуын қалайтынын айтқан. Мәселе­нің нақ басында жүруге тиісті ел ағаларының аузынан шыққан сөзі осы болса, келешектен үміт күткеніміздің өзі күлкілі. «Адамнан сұрағанша, Алла­дан сұра» деген. Тыныс­ы тарылған жұрт жоғарыдан үміт үзіп, амалсыз Алладан медет сұрайды да.

Керім  ТАУАР

P.S. «Тіл алмасқа сөз айтсаң, адам таппас жауап айтар»­. Әйтпесе, Байқоңырдың жоғын жоқтап, оның болаша­ғы үшін билікке арыз айтып, барын салып жүргенде­р бар. Қарабайыр халық бұғып, Ресей сұғып әлек. Өз жерімізде өзіміз бас көтеріп, билік айта алмайтында­й халде тұрмыз. Ресей 2050 жылға дейін Байқоңы­рды жалға­ алды. Не істеймін десе – өз еркі. Енді 2020 жылға дейін зеңгір көкке 70 зымыран көтерілетін болса, жетіскен­  екенбіз.