КЕЛЕСІ ПРЕЗИДЕНТ КІМ БОЛАДЫ? | Print |
06.11.2014 12:07

Жылдар жылжыған сайын алты алашты ел билігі алаңдатуда. 2016 жылдың желтоқсанында қазіргі президент Н.Назарбаевтің шартты мер­зімі аяқталған соң, кімді ақ киізге көтеріп «хан» сайлаймыз? Тақ, тізгін кімге бұйырады? Бұқа­раны беймаза еткен сауал­ға «Рейтинг кз» зерт­теу агенттігі жауап іздеді. Ақорданың айналасында жүрген, саясат сахнасында элита саналатұғын тұлғалардың мүм­кіндігін зерделеді.

Сайтқа сілтеме жасаған Ұлт.кз порталының мәліметінше, қыркүйек­тің 12-сі мен 20-сы аралығында жүргізілген сараптамалық сауалнамаға саяса­т һәм экономиканың жілігін шағып, ма­йын ішкен 28 респондент қатысқан. Келесі президенттің кандидатурасы 9 факторға негіз­делген. Мұнда мұрагер­лік билік әлдеқашан жойылғанына қарамастан «Презид­ент Назарбаевтың сенімі» деген­ критерий көш бастайды. Одан соң үміт­керлер «ішкі күш­тердің және сыртқы ли­дерлер­дің қолдауы», «саяс­и, экономикалық әсері» сынды нұсқалар бойынша анықталған. Сонымен көрсет­кіш көшбасында кімдер тұр?

Тізгін тартар тізімді Ахметжан Есімов пен Кәрім Мәсімов бастайды. Алматының әкімі «Президент сенімі» критерийі бойынша алда. Әйтпесе, дағдарыс жағдайында әлін көрсете ал­мағ­ан, базарының басы­нан бұлт арылмаған Есімов жылы орнынан жылжымай әліге дейін отырар ма еді? Ал «үйсіз әкімнің» үзеңгілесінің «сыртқы күштің қолдауы» нұсқасы бойынша мысы басым. “Мұртты министр” критерийдің қай-қайсысынан да кем түспейді не­гізі. Президенттің сенімі болмаса, ол Үкімет билі­гін қайта қолға алар ма еді? Оны мықты стратег ретінде де ел жақсы таниды. Бірақ қалың бұқараның хандықты «жатқа» беріп қарап отыруы екіталай.

Келесі орындар – Нұр­тай Әбіқаев пен Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың еншісінде. Одан кейінгі тізім «көсемнің» туыс­тары Тимур  Құлыбаев пен Дариға Назарбаеваға тиесі­лі. Ал Астананың экс-әкімі  Иманғали Тас­мағам­бетовтің  мүмкін­дігі біраз төмендеген. Қазіргі Қорғаныс  министрі  бар-жоғы жетінші орынға жайғасқан.

Президенттікке бастайтын баспалдақтың келесі­ теппесінде Әділ­бек Жақсыбеков, Нұрлан Нығматулин, Болат Өтемұратов, Бақытжан Сағынтаев, Өмірзақ Шө­кеев, Әсет Исекешев, Мұрат Тәжин, Бауыржан Байбек, Самат Әбіш, т.б. тұлғалар тұр. Болжамның соңын «жолы болмағандар» тобы түйіндейді. Олар - Ақордадан алас­татылған Серік Ахметов пен Аслан Мусин.

Елбасы биліктен бас тартарын ашып айтқан жоқ. Ал біздікі не дауры­ғу? Әйтеуір, «ұл көрмеген уалап, қой көрмеген қуалап өлтіріптінің» кері келмесе игі.

ТАМШЫ