Экологиялық ахуал жақсара түспек | Print |
20.11.2014 10:36

Айналаға ағаш егіп, тал отырғызу қазір қызылордалықтардың айнымас үрдісіне айналған. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген. Бүгін отырғызылған шыбық – ертең жанға сая, табиғаттың сәні. Қазір қайсыбір ауыл-аймақ немесе қаланың жасыл желекке бөленіп, түрге енуі басты орынға қойылды. Көшесі мен ауласы кербез қайыңдар мен сылаңдаған теректерге толып тұрса, қоғамның көркемдікке деген көңілін аңғаруға болады.

Көгалды аймақ құруға Қызылорда облысының табиғаты қытымырлық танытса да, сырбойылықтардың жасыл желекті көбейтуге ынта-ықыластары төмендеген емес. Осы күнге дейін егілген ағаш пен отырғызылған талдың сан алуан түрі қазір Қызылорданың көркін келістіріп тұр. Бұл экологиялық аймақтың ауасын таза ұстауға сәл де болса септігін тигізері хақ. Облыста тек айналаны көркейтіп, көгалдандыру жұмыстары ғана емес, табиғат тынысын кеңейтуге бағытталған нәтижелі істер де бар.

Елбасының өзі бүкіл ел аумағын жасыл желекке айналдыруды игі бастама ретінде алып, көгалдандырудың маңызын тәптіштеп түсіндіріп берген болатын. Осыған орай мемлекет басшысы «Жасыл белдеу» бағдарламасын ұсынып, қазір осы бойынша барлық өңірде қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аймақ басшысы Қ.Көшербаев Қызылорда облысының аумағында «Жасыл белдеу» бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыруды тиісті мекемелерге тапсырған болатын. Тапсырма жерде қалмай, жұмыстар нәтижесімен көрініп жатыр. Бір кездері Израиль мемлекетінде де осындай жасылдандыру саясаты жүргізілгені бар. Олардың топырақ құнарлылығы бізбен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Өсімдіктің өнуіне кедергі көп. Олармен салыстырғанда біздің табиғи мүмкіншілігіміз әлдеқайда жоғары. Сондықтан «болмайды» деп бас шайқап отырғаннан, тәуекел деп табысқа жеткен өзімізге де пайдалы. Жасыл белдеу орналасатын жалпы жер көлемі бас-аяғы 23,5 гектарды құрайды. Ал ұзындығы 7 шақырымға дейін жетеді. Белгіленген жерге жергілікті жерсіндірілген сыр талы, терек ағаштарының 11 мыңнан астам данасы отырғызылатын болады.

Аймағымыз үшін қолға алынып жатқан САРАТС жобасының маңызы зор. Қазір жобаның екінші кезеңін қаржыландыру мәселесі шешілді. «Ғасыр жобасын» жүзеге асыруға дүниежүзілік банк қаржы бөледі. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Елбасының тікелей бастамасымен табаны құрғаған теңізді қайтару мақсатында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы қолға алынды. Сан жылдардан бері қасіреттен көз ашпаған халық сағымға айналған қуанышты күндерінің қайта оралатынына сеніммен қарады. Халықаралық сарапшылар «Ғасыр жобасы» деп әспеттеген «САРАТС»-тың бірінші кезеңі сәтті жүзеге асты.

Қомақты қаржыға Үлкен және Кіші Аралдың түйіскен тұсына 13 шақырымды құрайтын Көкарал бөгеті салынып, Сырдария өзенінің арнасы тазартылды. Бұған қоса, бірнеше гидротехникалық құрылғылар орнатылды. Нәтижесінде Сырдария өзенінің су өткізу мүмкіндігі артты. Теңіздің құрғаған 870 шақырымын су басып, балық түрлері көбейген. Судың тұздылығы төмендеді. Бұрын балықтың бір түрі қалса, қазір су маржанының саны жиырмадан асты. Балық аулау көлемі  400 тоннадан 5000 тоннаға дейін жетіп отыр. Теңіз Арал қаласына 74 шақырымнан 17 шақырымға дейін жақындады. Бүгінде «ғасыр жобасының» екінші кезеңін қаржыландыру мәселесі де шешілді. Дүниежүзілік банкінің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Сародж Кумар Джа Сыр өңіріне арнайы келіп, жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруға байланысты екіжақты меморандумға қол қойған болатын. Жыл соңына дейін құжаттар рәсімделіп, келер жылы құрылыс жұмыстары басталады. Балық шаруашылығы саласының өзінде 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Теңіз айдыны мен Арал қаласының арақашықтығы бір шақырымға дейін жақындайды.

Балық шаруашылығының мамандары Көкарал бөгеті салынғалы балық қоры мен олардың түрі едәуір көбейгенін айтып отыр. Бөгет суының деңгейін 50 метрге дейін көтергенде Кіші Аралдың кез келген жеріне балық қыстап, уылдырық шаша алады. Сондай-ақ теңіздің барлық алаңы тұщы суға толыға бастайды да, табиғи өсім есебінен көбейген балықты аулау көрсеткіші екі есе артады екен. ҚР Премьер-министрдің орынбасары Б.Сағынтаев бастаған Үкімет делегациясы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келгенде «Көкарал» бөгетінде болып, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының бірінші кезеңінде жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижесімен танысты. Содан соң ол Үкіметте осыған байланысты мәжіліс өткізілетіндігін тілге тиек еткен еді. Осыған орай облыс әкімінің өкімімен жұмысшы тобы құрылып, оның құрамына республикадағы алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу институттары мен халықаралық ұйымдар басшылары енгізілді. Екінші кезең жобасын жан-жақты зерделеуге байланысты қабылданған шешімді ел үшін маңызы зор жобаға тарихи бетбұрыс десек болады. Қазір суды үнемдеу жаһандық проблемаға айналған. Жоғарыдан келген судың алдымен Үлкен теңізге кетпей, Кіші Аралды толтыруы экологиялық жағдайдың оңалуына септігін тигізеді. Аралдың келешек тағдырымен тамырлас жоба туралы оңды саяси шешім қабылдау жолында мамандардың жұмыла жүк көтергенін де айта кеткен абзал. Қазір өңірдің әлеуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайының жақсаруына тікелей қатысты жобаны егжей-тегжейлі талқылаудың маңыздылығы артып келеді. Ең бастысы, аталмыш жоба аймақтың экологиялық жағдайын жақсартып, халықтың келешекке деген сенімін нығайтады. Сонымен қатар САРАТС Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне даңғыл жол ашады деген сенім бар.

САРАТС жобасының екінші кезеңі жүзеге асқан уақытта Арал теңізінен 30 мың тоннадан астам балық ауланатын болады. Қызылорда облысында балық кластерін дамыту мақсатында «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ-ның қатысуымен біршама инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда балық шаруашылығы саласы бойынша бірлескен кәсіпорындар құру арқылы («СПК Қызылорда Балық» ЖШС, «Қаратерең Балық» ЖШС, «Бөген» сервистік-дайындау орталығы» ЖШС) жалпы құны 383 млн. теңге құрайтын 3 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Аталған кәсіпорындар арқылы үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жалпы құны  456 млн. теңге құрайтын 1121 тонна балық өнімдері өндірілді.

Арал қаласындағы қуаттылығы жылына 6 мың тонна балық өңдейтін «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС-ін ұзақ мерзімге жалға алу келісіліп, бүгінгі таңда кәсіпорын өз жұмысын жалғастыруда. Кәсіпорынның жұмысын жандандыру және айналым қорын ұлғайту мақсатында «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС арқылы 65 млн. теңге жеңілдетілген несие берілді. Үстіміздегі жылдың 9 айында бұл кәсіпорында құны 381,5 млн. теңге құрайтын 231 тонна балық өнімдері өндірілді. Бұл өнімдердің ішінде құны 12,2 млн. теңге құрайтын 71 тонна балық өнімдері экспортталды. Бүгінгі күні «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС өндірісті басқару және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі стандарттарын енгізіп, тиісті сертификаттарын алды. Сонымен қатар, кәсіпорын шығарылатын балық өнімдеріне еврономер алу бағытында жұмыстар жүргізуде. Қазіргі таңда кәсіпорын арқылы Арал теңізінің 2 учаскесінен келісімшарт негізінде балық аулануда. Кәсіпорында 75 адам жұмысқа тартылып отыр.

Сондай-ақ Қызылорда қаласына қарасты Иіркөл өңірінде 459 га жерде тоғанды балық шаруашылығын ұйымдастыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте «Болат» ШҚ-на жалпы көлемі 166 га құрайтын жер телімі 2 жыл мерзімге жалға берілді. Аталған тоған шаруашылығын  толықтай іске қосуды және инфрақұрылымын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 25 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда электр желісін жеткізудің жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сонымен қатар, республикалық меншіктегі «Қамыстыбас балық питомнигі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын коммуналдық меншікке алып, «Байқоңыр ӘКК» ҰК» АҚ-ның жарғылық қорын ұлғайту жолымен теңгеріміне беру жөнінде жұмыстар жүргізілуде.

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында су тасқынының алдын алуға 452 млн. теңге қаржы бөлінетіндігін тілге тиек еткен болатын. Қызылорда облысы аумағынан ағып жатқан Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы 1274 шақырымды құрайды. Қыс-көктем мезгілдерінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына судың жоғары мөлшерде жіберілуіне байланысты су тасу қауіпі болады. Осыған орай, облыстағы жағалау қорғаныс бөгеттері өзен суын қыс уақытында 400 куб/м/с көлемде қауіпсіз өткізу мақсатында жыл сайын қорғаныс бөгеттерінің жай-күйлеріне алдын ала зерттеулер жүргізу арқылы жөндеу, күшейту және қалпына келтіру жұмыстары жасалынып келеді. Сырдария өзенімен келген мол су әсерінен қайта қалпына келтіруді қажет ететін аса қауіпті деген 46 нысанға облыстық бюджеттен бірінші кезеңге 452,0 млн. теңге қаражат бөлініп, жоба-сметалық құжаттары дайындалып, қазіргі кезде аталған су шаруашылығы нысандары мен қорғаныс бөгеттерін нығайту және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қызылорда облысы – еліміздегі экологиялық аймақтардың бірі. Арал, Байқоңыр мәселелері жергілікті жұртшылықтың таза ауамен тыныстауына кедергі келтіреді. Алайда жергілікті билік халыққа қолайлы жағдай туғызу үшін аянып қалып жатқан жоқ. Мәселелерді шешу жолында табанды еңбектер жасалуда. Бірлік туының астында біріккен ел ағаларының экологиялық ахуалды жақсартуға қатысты атқарып жатқан жұмыстары нәтижелі. Аймақты жасыл желекке айналдыру, экологиялық жаңару, жобаларды жүзеге асыру, бағдарламаларды жүйелі түрде орындау жоспармен орындалып жатыр. Бұл билік пен халық арасында тығыз байланыстың бар екендігін анық байқатады.

К.ҚЫСТАУБАЙ