НАРЫҚ пен ҚАЛЫП | Print |
27.07.2017 12:02

«Егер мұнай бағасы қазіргі деңгейде сақталса, дамушы­ нарықтан капиталдың кетуі әбден мүмкін. Бірақ соңғы айларда мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстан мен Ресей секілді мұнайға тәуелді мемлекеттердің  ұлттық  валютасын  нығайтты. “Қара алтынның”­  бағасы­  тұрақтылығын сақтайтын болса, екі елдің де төл ақшалары девальвация дертінен аман қалады. Бірақ Ресей билігі үшін рубльдің әлсірей түскені пайдал­ы. Өйткені олар осы тұсты пайдаланып, девальвация жасауы мүмкін, ал Қазақстанның әрекеті Үкіметке және мұнай бағасына байланысты». Бұл – Еуропаның даму және қайта құру  банкінің бас экономис­і Сергей Гуриевтің аң-құсы ортақ екі елге  берген­  бағасы.

Шындығында шикізат тұзағындағы бұл елдердің экономикалық даму астарында тың саяси бағыт пен құпия мазмұндағы жоспар бар. Қайда барса да сағаттың­  қос тілі  іспетті  қатар  жүретін  қазақ  даласы мен теріс­кейдегі көршінің ұстанған бағыты жерасты байлығы  мен  әлемдік  экономиканың  «температурасымен»  тығыз  байланысты. Ортақ  мақсат  біріктірген ортақ одақта да бір-біріне ілеспесе, іздері түспейді. Мәселен­, өткен жылы елден жаппай капитал шығарыла  бастағанда да валютасы әлсірейтін елдердің қатарында екі мемлекеттің аты қатар айтылды. Ал «қара алтын» қорының қымбаттауына байланысты айтыл­ған  жаңалықтарда  да Қазақстандағы нығайған валютаны уақытша  құбылысқа теңегендер табылды. Осы аралықта  Қазақстан мен Ресей валюталық деваль­вация  жасайды  деген  сәуегейлер де кездесті. Деген­мен, біздегі қаржылық саясат қазіргі таңда басқаша­ өрбу үстінде екені белгілі. Болашақта көлеңкесі түсіп тұрған елдерден тамырын бөлек кесіп алып, ұлттық валютаны нығайтатын боламыз деген сенім  бар.

Бұған дейін де валюта нарығының тұзағынан аттап өтіп жүрген еліміз Румыни­ямен қатар банк балансын тазала­уды нәтижелі жүзеге асырған еді. Бірақ, банктерді құтқару үшін мемлекет 2 триллион теңге қаржы бөлді. Бұл доллар бағамына шаққанда 6,5 млрд долларды құраса, теріскейдегі көрші дәл осы мақсатқа 8,6 млрд доллардан артық ақша жұмсады. Мұны не үшін айтып отыр деп ойлап отыруыңыз әбден мүмкін. Егер екі мемлекет те өздерінің әлеуметтік-экономикалық деңгейлеріне сенімсіз, қаржы жүйесі “жаралы” болса, экономиканы қаржылық ресурспен қамтамасыз ете алмас еді. Осы ретте тағы бір заңды сауал туынд­айды. Исландия секілді банктерді сауықтырудан бас тартқан жағдайд­а экономикалық шығын болмас­ та еді. Алайда біздегі күрделі экономикалық ахуал салғырт қарауды көтермейді. Оған себеп те бар. Себеп сол, соңғы жылдары Қазақстан нарығынан шетелдік банктер кетіп қалды. Нарықтағы бос орындар қазір айна­лымға табыс түсіріп тұрған жоқ. Ал ақша табысы азайған мемлекеттің эконом­икалық өсімі де баяулайды. Қарап отырсаңыз, біздегі саяси одақ болсын, экономикалық одақ болсын, барлығы бір бағытта, бір мақсатта құрылғ­ан. Әлемдік деңгейде сауда-саттық жүргізу, шикізат қоры арқылы эконом­икалық өсімге қол жеткізу – ортақ мақсаттары. Ал мұндай одақтар бір-бірін толықтырып отыратын мемлек­еттер үшін тиімділігін көрсетпесе, экономикасы тең дәрежедегі елдер­ үшін аса пайдасын тигізе қоймайды. Өйткені олардың деңгейі бір-бірімен бәсекелесуге жетеді де, ал мықты­ қадамы бар мемлекеттер мұн­дай бірігуге мұрнын да шүйірмейді. Сондықтан өздеріне тиесілі бір шаңырақ құрып алады да, қаржылық, шикізаттық қоры басымдау ел қалған мемлекеттерді тасасында ұстауға тырысады.­ Біздің ел экономикасының да Ресейге тәуелділігі осындай салдардан туындаған жайт. Бірақ Ресейді мықты деп мойындауға тырыс­қанымен, майда-шүйде тауарлары сауда нүктелерін жаулап тұрғанымен, инвестициялық жобаларды қаржыландыруға келгенде жұмған аузын ашпайтын «аю патшалығына» таңданысымызды жасыру қиын. Жобалық жоспарларды жүзеге асыруда­ Қытай елінің еншісі мол екендігін көзді жұмып тұрсақ та мойындауға тура келеді. Үнсіз жатқан «аюдың» түбінде не ойы барын ойласақ, денеміз тітіркеніп кетеді. Отарлау саясатының қайтып келмейтініне өзімізді сендіруге тыры­самыз. Мұны ойлағанда девальвация мәселесінің делебесі қозбақ түгілі, еске де алуға жарамай қаламыз.

Нарықтық экономикадағы теңгенің девальвацияға ұшырауы туралы соңғы кездері жиі айтылғанымен, оған ауыз толтырып айтарлық сылтау табылып тұрғаны шамалы. Ал жарыса айтып жүрген алтын валюта қорының болашағы бар деп жүргендердің дені – қаржыгерлер. Өйткені девальва­цияның да өзіндік артықшылықтары бар. Ол мемлекеттің алтын валюталық қорларының  сақталынып қалуы. Өйткені алтын – халық­аралық өтімділіктің негізгі нысаны және мемлекеттің валюта бағамына ықпал ету мақсатында валюта интервенциясын жүргізуге пайдаланы­латын  қор. Ал Ресей сарапшылары «Қазақстан саналы   түрде  девальвация  жасап  отырған жалғыз­  мемлекет емес» деген бағаны әлдеқашан берген­  болатын. Ақша-несие саясатында инфляциялық таргеттеу  режиміне  көшкен алғашқы күннің өзінде-ақ теңгенің долларға шаққандағы бағамы  26 пайызға  құлдыраған-ды.

Өз кезегінде елдің ахуалын бақылаусыз қалдыр­майтын мемлекет басшысы да Үкімет пен Ұлттық банк қабылдаған шешімге қатысты «Теңгені­ң құнсыздануы бәсекеге қабілеттілікті арттырады және Қазақстан экономикасында рецесс­ияға жол бермеуге ықпал етеді» деп топшылаған болатын. Осы сөзді айтқалы тура екі жыл болды. Нәтиженің қандай екенін көзімізбен көріп отырмыз. Әлемдік экономиканың ықпалымен еркін валюталық жүйеге көшуді емес, одақтастар арасындағы ортақ валюта туралы толған­ып жүргеніміз өңімізді өзегі қатпай тұрып діңгегі аршылған ағашқа ұқсатып-ақ тұр.

А.НҰРТАС