ЕҢБЕК ЕЛ БАҒАСЫМЕН ӨЛШЕНЕДІ | Print |
08.02.2018 12:34

Бұған дейін аймақтағы барлық аудан әкімдері ел алдында есеп берген-ді. Кезек бас шаһардың басшысы Нұрлыбек Нәлібаевқа да жетті. Жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған тиісті басқарма өкілдері мен қала активі түгел қатысты. Ең қызығы, кездесуге келген қарапайым халықтың қатары аз көрінді. Әйтсе де, жергілікті биліктегілер бұған аса бас қатыра қоймады. Сонымен, қала әкімінің ел алдындағы есепті кездесуін назарларыңызға ұсынамыз...

Облыс орталығының оңалып, келбеті көріктене түскені шындық. Мұны жоққа теліп, бүйректен сирақ шығар­ғандай  болмайық. Қаланы өркендетуге қаралған қаражат та қомақты. Соңғы бес жылда бас шаһарды дамытуға 115 млрд теңге бөлінген. Желге ұшпай жұмсал­ғанының нәтижесі ме, облыс пен қала  әкімінің іскерлігінің арқасы ма, әйтеуі­р шаһарымыздың шырайы кіріп қалды. Былтыр жыл басында қала қазынасы трансферттерді қоса  есептегенде  30 млрд   831 млн теңге көлемінде бекіт­ілген. Алайда қала бюджеті 43 млрд теңгеге жетіпті. Тайқазанға телміруді доғарып, тірлік еткеннің нәтижесі болар­, өнеркәсіп кәсіпорындары 619 млрд 966 млн теңге­нің өнімін  өндіріпті. Ал өңдеу өнер­кәсі­бінің  өнім  көлемі 37 млрд 188 млн теңге­ні құраған. Жалпы­, респуб­ли­када өңірге инвестиция  тарту­ мәселесіне келгенде біздің аймақ өзгелерден көш ілгері. Облысты былай қой­ғанда, қаланың өзіне өткен жылы негізгі капитал­ға салынған қаржы  көлемі – 105  млрд 322 млн теңге.

Аграрлы аймақ екеніміз аян. Дәлел ретінде айта кете­йік, облыс бойынша күріштен жылда рекордты жаңартып, түсімді молайттық. Өткен жылы қала көлемінде 5 млрд 986 млн теңгенің ауыл шаруа­шылығы  өнімі  өндірілген. Ал 251 шаруа қожалығының бірігуімен 21 кооператив құ­рыл­ған. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы мал басын асылдандыру бағытында да біраз шаруа қолға алынған. Деген­мен, «Сыбаға» бағдар­ламасы  аясында  жұмыс  істеп жатқандар өте аз көрінеді. Есепті кездесуде осы бағытта жұмысты жетілдіру жөнінде сөз  болды.

Енді инфрақұрылым жа­йына келсек. Н.Мәшбекұлының  сөзінше, 2017 жылы республикалық, облыстық, жер­гілікті бюджеттерден қаланың  инфрақұрылымын да­мытуға 3 млрд 376 млн теңге бөлінген. Ауызсу, кәріз жүйелері мен ғимараттарын қайта жаңғырту инвестициялық бағдарламасына сәйкес облыс қазынасынан 61 млн теңге, Ұлттық қор есебінен 545 млн теңге­ қаржы қаралған. «Нұрлы жол» бағдарл­амасы шеңберінде республикалық тайқазаннан 3 млрд 44 млн теңгеге қаладағы 34,4 шақырым ауызсу, 7,8 шақырым кәріз су құбырлары жөнделген. Бүгінде  қалаішілік су құбырларының 60 пайыздан астамы толық жаңғыртудан  өткен. Былтыр жылу желілері мен қазандықтарды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге 1 млрд 20 млн теңге жұмсалған.

Шаһар  басшысы  ұдайы  басынан дау  арылмайтын  жолаушы  тасымалына­ да тоқталды. Былтыр тоқсан теңгенің «толға­ғы»  тұрғындарды  титықтатқаны рас. Әйтсе де жергілікті депутаттар мақұл­даған соң көпшілік ақыры айт­қанға көнді. Бүгінде қоғамдық көлікпен барыс-келісіңіз – тоқсан теңге. Баға қашанға дейін сақталатыны белгісіз... (Нарық заңына сәйкес тасымалдау құны да құбылады.-ред.). Жолақы қымбаттағанда жауаптылар «қоғамдық көліктегі берекесіздікті қалыпқа түсіреміз» деп уәдені үйіп-төккен. (Қай деңгейде орындалғанын тұрғындар өзі бағамдар.- ред.).

– Қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттан­дыру және қаламыздағы көлік қатынасының сапасын арттыру мақсатында аумағы 5 гектар жерді құрайтын жаңа үлгідегі автобус паркін пайдалануға бердік. Материалдық-техникалық базасы­ толық жабдықталған. Тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан оқу­шылар мен студенттердің қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруіне облыс­тық бюджеттен 105 млн 507 мың теңге бөлінді,- деді Н.Нәлібаев.

Өткен жылы қалада 230 мың шаршы метр болатын 2 мың 971 пәтерлік 61 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Пайызға шақсақ, облыста атқарылған  құрылыс  жұмыстарының 43  пайыздан астамы қалаға тиесілі. Оған  тартылған  инвестиция  көлемі – 33 млрд 142 млн теңге. Қалада былтыр атқарылған екі негізгі жұмыс бар. Біріншісі – Сырдария өзенінің сол жағал­ауындағы  соны  серпін. Құрылыс компаниялары  өз  қаражаты  есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үйдің, 320 орындық­ балабақшаның, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар орталығы, Қазақ Орталық Атқару Комит­еті мұражайы ғимараты тұрғы­зылуда. Сондай-ақ, жаңа қалашықта 100 келушіге арналған емханамен қоса 300 төсектік көпсалалы аурухана, 900 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Бұған дейін ең өзекті болып келген Белкөл кентінің тұрғындары көгілдір  отынға  қол  жеткізді. Аталмыш жұмыстарға  облыс қазынасынан 378 млн теңге­ бөлініп, соның арқасында 830 жеке сектор­дағы баспана, 4 көп­қабатты тұрғын үй және 5 әлеуметтік нысан газданд­ырылды. Қазіргі таңда қаланы  көгілдір  отынмен  қамту  көр­сеткіші  95  пайызға  жеткен.

Былтыр шаһардағы 137 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл ба­ғыт­та жұмсалған қаржы көлемі – 3 млрд 212 млн теңге. Оның 1 млрд 426 млн теңгесіне ұзындығы 5,8 шақырым бо­латын Қорқыт ата көшесі қайта жаң­ғыртылған. Аталмыш көшені жөндеуге 1 млрд 426 млн теңге кеткен. Сондай-ақ, Сәулет мөлтек ауданында ірілі-ұсақты 32 көшеге жөндеу жұмыстары жүр­гізілген. Айтпақшы, Жібек жолы даң­ғылы мен Ділманов көшесінің қиылысында жаяу жүргіншілерге арналған көпір  салынуда. Ерекшелігі сол, онда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ар­налған жеделсаты орналасқан. Өткел жақын­да  пайдалануға  берілмек.

Жиында спорт, мәдениет, білім, денсаулық салалары бойынша атқарыл­ған жұмыстар барысы да айтылды. Барлығы да бірқалыпты деңгейде.

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауын жүзеге асыру мақсатында ауқымды шарал­ар қолға алынбақ. Соның аясында Қызылордада «Ақылды қала» жобасы­ іске асады. Мәселен, халық көп шо­ғырланатын демалыс орындарында «Оrda Wi-Fi» тегін интернет желісі, тұрғындар әкімдікпен тікелей байланыс орнату мақсатында мобильді қосымша, жер қатынастары саласындағы заңбұзу­шылықтарды болдырмау үшін GPS геодезия құралы мен ArcGis бағдарламасы, қауіпсіздікті сақтау­ мақсатынд­а тұрғын үйлерге  видео­домофондар  орнатылмақ. Әрине, мұның барлығы – бола­шақтың енші­сіндегі дүние. Тіпті, кей­бір жобалар аясында  жұмыстар  басталып та кетіпті.

Нұрлыбек Нәлібаевтың есебінен соң аймақ басшысы сөз алды. Ол облыс­та  атқарылып жатқан шаруалар жөнін­де қысқаша баяндады да, қала әкіміне бірнеше тапсырма берді. Мәселен, қалаға инвестиция тарту төмендеген. Қырымбек Елеуұлы индустриялық жобал­арды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы саласын жетілдіру және жұмыссыздықты төмендету керектігін айтты. Осыдан кейін көпшілік тара­пынан бірнеше сауалдар қойылды. Ең қызығы, нақты сұрақтардан гөрі алғысын­   жаудырғандар   қатары көп.

Т.Әлиев,  «Саяхат» мөлтек ауданының  тұрғыны:

– Біздің негізгі мәселеміз – жол. Көктемде әбден батпаққа батамыз. Бізге  қашан  жол  салынады?

Н.Нәлібаев,  қала  әкімі:

– «Саяхаттың»  жол  құрылысының жобасын  дайындап  жатырмыз. Жоба  дайын болған соң, облыс әкім­дігіне  ұсыны­с  береміз.

Н.Боранбаева, қала тұрғыны:

– Көпқабатты  тұрғын  үйлердің 4-5-қабаттарына су көтерілмейді. Тұр­ғындар  насос  пайдаланып отыр. Екін­ші  сауалым, жолаушы тасымалына қатысты­. Қала автобустарында мүге­дектерге жеңілдік қарасты­рыла ма? 70 жастан асқан зейнет­керлерге  берілетін 50  пайыздық жеңіл­дікті барлық зейнеткерлерге ұсынуға бола  ма?

Н.Нәлібаев, қала әкімі:

– Соңғы 5 жылда ауызсу желілерін жаңғыртуға 16 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде  ауызсу  құбырларының  60 пайыздан астамы жаңар­тылды. Жаңа құбырлар қосылғанда су қысымы көтеріледі. Бізде су қоры жеткілікті  бол­ғанымен, ескі құбырлар қысымды  кө­термейді. Екінші сауалың­ызға  келсек,  қоғамдық көлік қызметі  негізінен  бәсекелестік орта­ға­  жіберілуі  қажет. Алайда біздің кәсіпкерлер мұнымен айна­лысуға  ынтал­ы емес. Ал  зейнеткерлер­дің   бар­лығы­на  жеңілдік  жасау  жөнінде  зерт­те­п   жатырмыз.

Қ.Қожағұлов,  қала  тұрғыны:

– Жер телімі 2005 жылдан бері кезекте­ тұрғандарға берілді. Енді 2006, 2007 жылдан кезекте тұрғандар  қашан  қол  жеткізеді?

Н.Нәлібаев,  қала  әкімі:

– Қазір 53 мың адам жер кезегінде тұр. Ашығын айту қажет, олар жерге шын мұқтаж адамдар емес. «Бәйтерек» ықшам ауданын ашуға 11 млрд теңге қаржы жұмсалды. Сол ауданнан 6 мыңнан астам адамға жер телімін бердік. Қазір сол маңда 15-ақ адам тұрып жатыр.­  Бар-жоғы  80 баспана бой көтерген. Инфрақұрылымды ор­натуғ­а қыруар­ қаржы жұмсалды. Оны  ұстап  тұру  оңай  емес. Халық онда қоныстануға құлықсыз. Биыл 1 млрд теңге қаржы бөлінеді. Тұрғындарға 1267 жер телімін табыс­таймыз.

Облыс әкімі де бұл  мәселеден хабар­дар екендігін жеткізді. Жер телімін алған­дар баспана салмаса, оны кері қайтарып, нағыз мұқтаж адамдарға берілет­індігін  ескертті.

Жиын соңында ардагерлер атқарылып жатқан шаруаларға оң бағасын беріп, ізгі тілегін білдірді.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ,

Бағдат  Есжанов  (сурет)