ҚҰРЫШ ҚАЛҚАН: ҚОРҒАНЫС һәм ҚОРҒАСЫН | | Print | |
05.04.2018 11:59 |
«Мемлекеттік идеологияның бізге аса қажет бір ірі бұтағы, қомақты тармағы – халықты, ұрпақты патриотизмге, отаншылдыққа, рухқа, елді, жерді сүюге, қорғауға жұмылдыру». Бұл – ел президенті, ҚР Қарулы Күштерінің бас қолбасшысы Н.Назарбаевтың сөзі. Қазақ елі бұрынғы кезеңге қарағанда әлемге аузын ашып қарайтын емес, жаһанға жар салып, алақанын ашып та, жұдырығын жұмып та көрсететін мемлекеттердің қатарында. Айналамыздағы кей елдердегі әлеуметтік, қоғамдық-саяси тұрақсыздық салдарынан туындап отырған күрделі ахуалды көзбен көріп отырмыз. Осыдан тұп-тура жеті жыл бұрын басталған Сириядағы үкіметке қарсы қимылдар Таяу Шығыстағы революциялар сериясының жалғасына ұласты. Башар Асадтың басқарып отырған еліндегі келіспеушілік себебінен болған көтеріліс соғыс сипатын таныта бастады. Түптеп келгенде Сирия елінің аумағы сырттан келетін түрлі террористік топтардан қорғана алмады. Оған себепті өзге елден басып кірушілерден емес, сол елдің құрыш қалқанының әлсіздігінен іздесек әбден болады. Әрине, мұндай деңгейге жеткізбесін деп тілейтініміз анық. Десек те сақтықта қорлық жоқ. Мәселе туындағаннан кейін себебін іздестіріп жүргеннен оны болдырмаудың салдарымен күрескен әлдеқайда тиімді. Мұнымен не айтқымыз келгенін ұққан боларсыз. Запастағы генерал-майор Әмірбек Тоғысов «Қазақстан қорғаныс өнеркәсібі тіпті сонау Кеңес Одағы кезіндегі әлеуетінен де айырылып қалған» деген пікірді қандай негізге сүйеніп айтты? Бәлкім, астарында ащы өкініш пен елге деген жанашырлық сезімі жатқан болар? Бұл сөздерден асып түсу үшін әуелі Қазақстан армиясының әскери техникаларының оқу-жаттығудан өзге де қуатты жағдайларға жарайтынын дәлелдеу керек. Ал бізде қуаттың бұл түрі қаншалықты мықты? Тосыннан тиген «иық қағу», «аяқтан шалу» мәселесіне еліміздің Қарулы күштері қалай төтеп бере алады? «Global Fireрower» халықаралық кеңсесінің мәліметінше, Қазақстанның әскери қуаты дүниежүзінде 55-орынға ие. ТМД елдерінің ішінде алдымызға Ресей, Украина, Беларусь пен Өзбекстан түсіп кеткен көрінеді. Рейтинг тізімінде жалпы саны 133 мемлекет бар. Заман ақпарат пен технологиялардың дамуына жол беріп тұрған шақта көштің ортасында тұрғанымызды бір абырой санап қойдық. Біз өзімізден кейінгі орындарға ие болған 78 мемлекетпен емес, алдымызға түсіп тұрған елдермен теңесуге ұмтылып, бәсі биік белестерді сол құрыш қалқанымызбен жеңуге тиіспіз. Ол үшін сырттан төнетін қауіп-қатерлерден қорғай білетін Қарулы күштерге қыруар қаржы бөліп, заманауи үлгіде жабдықтап қою артық етпейді. Әскер мықтылығын зерттеп-зерделеп отыратын әлемдік рейтинг ақпараттарына сүйенсек, Қазақстан шабуылдаушы ұшақ саны жағынан – 20, жойғыш ұшақтар бойынша – 23, әскери транспорттың әуе саласы бойынша – 53, әскери тікұшақтар бойынша – 54, танктер жөнінен – 49, бронды техника бойынша – 44, өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар саны бойынша – 24, сүйрейтін зеңбіректер жөнінен – 18, реактивті атыс қарулары бойынша 12-орында екен. Тарихтың сыры тұнған тұнбаға көз жүгіртсек, ежелде ғұндардың атақты батыры Мөде жастық шағында Қытайдың батыры Дун Хуанды жекпе-жекте жеңіп, басын алыпты-мыс. Қытайдың жүз мың әскері Ғұн жеріне кіре берісте тас-талқан болып жеңіліске ұшырап, содан кейін қытай басқыншылары ғұн еліне көп уақытқа дейін көз қырын сала алмапты. Бір күні Қытай патшасы Гао-ди қолбасшылары мен батырларын шақырып алып мәжіліс құрыпты. «Біз ғұн еліне соғыс ашамыз. Ғұндарды тонаймыз, жерін жаулап аламыз…» деп алдына мақсат қойыпты. Әскери қолбасшының бірі «Ғұндарға соғыс ашып жауынгерлерімізден айырылып қаламыз. Олар оңайлықпен беріле қоймайды. Менің әкем Мөденің жас кезінде біздің әскерлермен шайқасына қатысқан еді. Әкем «Ғұндар ат бауырында ойнайтын, ат үстінде би билейтін жауынгер халық...» деп айтып, соғыс ашудан тайсалған жауынгерді Гао-ди абақтыға қамап тастаған екен. Бұдан ұғатынымыз, қанша жерден қарумен жасақталғанмен, әскери күш құрамындағы сарбаздарға өжеттілік пен намыс жетіспесе, бәрі бекер. Табиғи қажеттілік бойынша адамға алдымен ауа қажет. Ал бүгінде Қарулы күштерге ауадай қажеті – қаржы. Ресми дереккөздеріндегі мәліметтерге сүйенсек, ҚР Қорғаныс министрлігінің бюджеті 2006 жылы 80,5 миллиардтан 2016 жылы 434,1 миллиард теңгеге өскен. Ал 2017 жылы 382,4 миллиард теңгеге дейін қысқарған. Соңғы дереккөздер Қазақстан халқының 18 миллионға жеткенін растап отыр. Соның 80 мыңға жуығы – әскерилер. Әскерге жарамды деп саналатын адам саны – 6 млн 440 мың. Әлемдік рейтинг ұйымдастырушылар 50 санат бойынша салыстырмалы түрде тізім жасайтынын ескерсек, жаңа технологиялық бағытта Қорғаныс саласына қажетті керек-жарақтар да жаңартылып отырады. Алғашқы ондық емес, ортаңғы елулікке енбегеніне де реніш білдірмесек болады. Өйткені алып державалардың қатарынан көріну үшін бізге де ел дамуы жолында тәжірибе қажет. Ал шекарасында ши шықса, шиелеп байлап тастайтын дәрежеге АҚШ жеткен. Қарулы жасағы қызыл отқа лап қойып кетуге дайын Ресей екінші, аждаһа атанған, түтінге ұмтылғанды отпен орайтын Қытай үшінші орында тұр. Ондықты толтырып тұрған елдердің қатарында Египет, Германия, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Франция және Үндістан бар. Қорыта келгенде, қолына найза, қынына қылыш, жорық белдеуіне қынапты семсер мен қынды пышақ секілді қаруларын салып жүріп, елін қорғаған жауынгер бабаларымыз секілді бүгінгі қазақ әскері бейбіт елдің тыныштығын күзетіп тұруға жарап-ақ тұр. Шын майданда шыңдалып, құрыш қалқан қорғанысымыздан қорғасын оқтың өтуінен сақтасын! Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН |