ЖАҢАҚҰРЫЛЫС ЖАСТАРЫНЫҢ ЖАРҚЫН ІСТЕРІ | Print |
10.05.2018 10:00

Пайғамбар жасынан ас­қан соң өткен өміріңді зерделей отырып, бүгінгі күнде­ріңді ой елегінен өткізіп, елдің тыныс-тіршілігіне көз жүгіртесің. Атқарылып жатқан игі істер болса, қуанып, бойың бір сергіп қалатыны рас. Әрине, біз жасымыз келгесін кейінгі буынның жөні түзу азамат болғанын тілей­міз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасы­сын»  дейді  емес  пе?

Менің айтпағым, Жаңа­құрылыс ауылы әкімшілігінің жанынан  құрылған «Жастар» ұйымының жарқын істерін көпшілікке жеткізгенді жөн көрдім. Дана қазақ «Балам жаман дегенше, өзім жаман де, Өзім жаман дегенше, тәр­бием жаман де» дейді. Ата-ананың міндеті – өз ұрпағына­ дұрыс тәлім-тәрбие беру.

Біздің ауылдың жастары қолға алынған жаңа баста­ма­ларға болысып, араласып келеді. Бұған аға буын бек қуанышты. Ауыл әкімші­лігі­нің өткізген әрбір іс-шараларына атсалысып, әр жылдары жаңа бір іске ұйытқы болып, көпші­ліктің  алғысына бөленіп келеді. Мысалы, Нұржан Төрениязов, Ғалымжан Базарбаевтың бастамасымен ауыл жас­тары 180 түп тал егіп, елді мекен­нің жасыл желекке айна­луына үлес қосты. Сондай-ақ, жолаушыларға автобус күтетін жаңа аялдама салып берді. Былтыр ауылдың кіреберіс жеріне­ «Жаңақұрылыс ауы­лына қош келдіңіздер!» деген­ арка орнатты. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайтын тәріз­ді. Биыл ауыл ортасындағы паркте орналасқан Ұлы Отан соғысы­нан оралмағандарға қойылған ескерткішті қайтадан заман талабына сай жа­ңар­тып салуды жоспарлап отыр. Бұл айтылған нәрсенің бәрі қаражатсыз бітпейтіні белгілі. Олар жыл көлемінде ұйымдасқан түрде қаржы жинап, туған жерін­е бір игі істі жасауды жоспарлаған. Кешегі Наурыз мейрамында ауыл жастары бірігіп, ауызбірші­ліктің, ынтыма­қтың, татулықтың озық үлгісін көрсетіп, өзіндік сән-салтанатымен атап  өттік. Жақында ғана ата-бабаларға арнап орталық «Өтеш ахун» мешітінде жалпы­ ауыл тұр­ғындарына ас берді. Өмірден өткендерге құран бағыштап, үлкендердің ба­та­сын алды. «Жауынмен жер көгереді, батам­ен ер көгереді» дегендей, аруақтар қолда­п, жас­тарымыздың  жарас­ымдылығы арта  берсін демекпін!

Сөзімнің басында айтқандай, әр отбасында берілген дұрыс тәлім-тәрбиенің ар­қа­сында, ауыл жастарының өнегелі істерін айту менің парызым деп білемін. Бұл елдің бірлігі ажырамасын, ағайын! Жастарымыздың өнегелі істері көп болсын!

Сердалы  Шалбаев,

Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Арал ауданы