МАЛШЫЛАР МЕРЕЙІ | Print |
17.05.2018 12:14

Көліктеміз. Бағытымыз – Үсен бауы. Телефон жайына қалып, терезеге әлсін-әлсін телміріп келеміз. Жердің ұшы-қиыры жоқ секілді. Еркіндікті енді сезіндім. Бір сағаттық жолды артқа тастап, діттеген жерімізге жеттік. Тау қақпасын бағындырғанда өзге әлемге енгендей кейіпте болдым. Мұнда алғаш келуі­м. Қатпар-қатпар Қаратау бір-біріне жалғасып сілемді құрайды. “Үсен бауы” аталған тау шатқалының біз бағындырмаған белесі, біз ашпаған құпиясы көп секілді. Тау етегінің шөбі шүйгін. Сылдырап аққан бұлақ тіршілік атауына нәр беріп тұрған бейне бір күретамыр іспеттес. Іргесінде үшбұрышталып 40-қа жуық киіз үй тігілген. Қыратында ірі қара мал жайы­лып жүр. Ымырт түсіп, қас қараймай тұрғанда бір топ әріптестермен тауға шығып қайтқанды жөн көрдік. Тауда адамға тас та қас қылады  екен. Түсі­нікті шығар, майда тасқа аяғымыз тайып­, үлкен жартастарға жармаса жүрдік. Не керек, әйтеуір итшілеп биік­ке көтерілдік. Ғажап көрініс! Бірлігі сүттей ұйыған бір ғана қазақы ауыл сияқты.

Құмырсқадай қыбыр-жыбыр етіп, бір сәтке болса да дамыл таппаған жандарды беті бұжыр-бұжыр Қаратаудың қара тастардан құралған бір сілемінен бақылап тұрмыз. Тау басынан жарығын жа­ғып, бізге қарай беттеп келе жатқан көліктердің қарасы қалың. Бірі таудың саф ауасымен демалуға асықса, енді бірі өзіне жүктелген жұмысты аяқтауға асығуда, білемін. Қалай болғанда да, барлығының ойы – жетіп жығылу. Азанда білдім, кеш түскенде аудан орталығ­ына жетіп тоқтағандар көп болыпты. Өйткені, алыстан шаңдатып малшылар тойына асыққандар біз тұрған аумаққа бастайтын жалғыз ғана жолға бір тыным бермеді. Бұл сәтке сүйсіне қарамай тұрып, бұлақ суына жуынып алған едім. Мұрныма жусанның иісі келеді. Бір аттам жерде орындық тұрса да, көк майсаға отыра кет­тім. Таң қылаң бергенде мұнда қызу тірлік басталды. Қазанға етті ерте сал­ғандар буын бұрқыратып, көбігін сүзіп жатыр. Керек-жарағын түгендеп, суын құйып, астындағы отын дайындап әлек болып жатқандары да бар. Киіз үйдің ішінде кейбір ағайындар оразасын шаймен ашып, сораптап отыр. Ағаш үйдің алдында екі иығынан буы бұрқырап, түтінін түзу ұшырып самау­рындар да тұр. Мұндағы күйбің тірлік таңсәріден басталған. Орта жолдан қосылған біз де осылайша көптеген көріністерге тап болдық. “Сәл ерте тұрғанда дайындықтың барысына басын­ан бастап куәгер болар едік-ау” деп қоямын ішімнен. Бас-аяғы 4-5 сағатта қараша үйдегі демалыстан ұйқы қанып-ақ қалыпты. Сағат тілі 7-ге жақындап қалған уақытта киіз үйлер­дің біріне кірдім. Құшақ жая қарсы алға­н жігіт ағасы қолымен төрді нұс­қап, ыстық шайын ұсынды. Дастарқан­ басында таныс-біліс болып, әңгімені әріден  қозғай  жөнелдік...

Дәл осы шақ – атакәсіпті қол­ға алған малшы қауымның еңбегі еленіп, мерейі таситын уақыты. Рас, бақташылар айтулы күнді асыға күтетін жағдайға жетті. Бұлай деуімізге себеп, соңғы рет 1996 жылы өтіп, 2014 жылы жалғасын тапқан мал­шылар мерекесі биыл өңіріміз­де IV мәрте ұйымдастырылып отыр. Екі күнге созылған шара Жаңақорған ауданында басталып, Қаратауға жалғасқан “Үсен бауы” тау шатқалында өтті. Іс-шараға ҚР Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің, Ауыл шаруашылығы қызметкерле­рінің салалық кәсіптік одағының, “ҚазАгро” ұлттық бас­қарушы холдингінің басшы қызметкерлері, еліміздің белгі­лі ғалымдары, төрт түлік малдың республикалық палата­лары мен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері қатысты.

Слет  қатысушылары  алғаш­қы күні ауданда орналасқан “Орда Агротехнология” және “Бекарыс  Агрофуд” репродукциялық  шаруашылықтардың жұмысымен  танысты. Шаруашылықтар бүгінде “Байқоңыр” ӘКК-мен бір­лесіп, ет бағытындағы 150 бас “Санта Гертруда” тұқымды және 300 бас қалмақ тұ­қымды ірі қара малын сатып алып, селек­циялық жұмыстар жүргізіп жатыр. Одан соң, слет аясында жергілікті тауар өн­дірушілер өнімдері, ветеринарлық тех­ника мен құрал-жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылса, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыт­у және мал шаруа­шылығы өнім­дері­нің бәсекеге қа­білет­тілігін арт­тыру мәселелері бо­йынша семинар өтті.

Көп ұзамай малшылар тойы басталды. Арал мен Жаңақорған аралығын ғана емес, республиканың бірнеше аймағы ат­салысқан слет жұ­мы­сы жаңбыр астында, әр­түрлі көңіл күйде өрбіді. Басқа-басқа дәл осы күні жауынның жаууын шаруалар жақсылыққа ба­лады. Біз де солай.

- Бүгінгі күні ата­кәсібіміз – мал шаруа­шылығының ел экономикасындағы салмағы азайғанымен, оның тұрмыстық-шаруашылық, тарихи-мәдени мән-мағынасы ке­мі­ген жоқ. Әсіресе, әлемде жылдан-жылға халық санының өсуінен сапалы азық-түлік өндіру ғаламдық деңгейдегі өзекті мәселеге айналып отыр. Елбасы айтқандай, “Қа­зақстанның агроөнер­кәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемдегі ірі аграрлық экс­порттық өнім өндірушілер бола аламыз­”. Сондықтан, көп жыл ұмыт болып, бүгінде дәстүрге айналған малшылар слетінің негізгі мақсаты – төрт түлік­тің жаңа замандағы алар орны жайлы ой салу. Осы кәсіпті кеңей­тіп, оны дамытудың жолдары туралы пікір алмасу. Ықылым заманнан келе жат­қан ата-бабаларымыздың “малым – жанымның, жаным – арымның садағасы” деген қағидасын жаңа ХХІ ғасырда да үлкен ниет­пен, үлкен үмітпен қай­талаймыз! - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев іс-шара барысында. Сондай-ақ, ол мал шаруашылығы қазақ  халқының атакәсібі болып табылатынын және осы күнге дейін республикамызда жетекші сала екен­дігін атап өтті.

Айта кету қажет, облыс тари­хында алғаш рет ауыл шаруа­шылығы өнімдерін та­рату нарығына маркетингтік зерттеулер жүргізіп, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамы­тудың 2020 жылға дейінгі “Агрокартасы” қабылданған болатын. Жоспарға сай 2022 жылға дейін облыста ет өндірі­сін 13 мың тоннаға, сүт өндірі­сін 68 мың тоннаға ұлғайту және 2021 жыл­ға қарай ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің экспо­ртын 5 есеге дейін арт­тыру тиіс.

“Облыстың географиялық жағынан тиімді орналасуы Қытай, Орталық Азия, Ресей, Еуропа мемлекеттеріне өнім­дерімізді экспорттауға өте қо­лайлы. “Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу” теміржолы Иран және Парсы шығанағындағы елдермен сауда-саттық жасаудың жолын ашып отыр. Ал, буфер­лік аймақтан шығуымыз, өткен жылдың өзінде Иран, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірлігіне 2,3 мың бас тірілей қозыны етке өткізу мақсатында экс­порттауға мүмкіндік берді”, - деп атап өтті өңір басшысы.

Қазір Иран, Қытай, Моң­ғолия, Еуропа, Ресей елдері Қазақстанда өндірілетін таби­ғи өнімдерге үлкен қызығушылық танытып, агросекторға инвес­тиция салуға, өндірілген ауылшаруашылық өнімдерді сатып алуға дайын екендігін білдіруде.

- Мінеки, бүгін біз тәжірибе алмасуға Қызылорда облысына, оның ішінде Жаңақорған ауданында өтіп жатқан малшылар слетіне арнайы келіп отырмыз. Негізгі  мақсатымыз – осындағы шопандармен тығыз қарым-қатынас орнату. Сондай-ақ, жүн, тері секілді шикізаттарды өз облысымызға жөнелтуге жағдай жасамақшымыз, - деді Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бас­шы­сы Аманжол Қабдеш.

Соңғы 5 жылдың өзінде салағ­а тартылған инвестиция 23 есеге ұлғайды. Өткен жылы “Байқоңыр” әлеуметтік кәсіп­керлік корпорациясы арқылы облыстық бюджеттен мал шаруа­шылығын дамытуға 1 млрд теңге қаржы бөлінсе, биыл 1,3 млрд теңге қарас­тырылды. Облыста мал басы, өткен ғасырдағы ең көп болған уақыты 1993 жылмен салыс­тырғанда мүйізді ірі қара – 29,6%, жылқы – 50,4%, түйе саны 52,5%-ға көбейіп отыр. Оның ішінде, соңғы 5 жылда ұйымдастырылған шаруашылықтарда ет өндіру 2,7 есеге ұлғайса, сүт өндірудің көлемі 1,6 есеге артқан. Облыста “Сыбаға”, “Алтын асық”, “Құлан” бағдарламаларының аясында мал басы көбейіп, тұқым түр­лендіру жұмыстары атқарылуда. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын репродукторлық  шаруашылықтар құрылды. Тек соңғы 5 жылда 4,5 мың бас асыл тұқымды ірі қара, 36 мың бас қой  сатып  алынды, жылына 23 мың бас мүйізді ірі қара малын­ бордақылайтын алаң құрылыстары  салынды.

Сондай-ақ, облыс әкімі мал шаруашылығын дамытуда шешімін күткен мәселелер (жем-шөп қорының жеткілік­сіздігі, мал басының жеке сектордағы үлесінің басым болуы, жергілікті мал өнімділігінің төменділігі) де жеткілікті екенін атап өтті және оларды шешу мақсатында жайылымдық жерді барынша тиімді пайда­ланып, ет, сүт, жүн, тері­ні өңдейтін жаңа техноло­гия­ларды енгізу және жеке секторда отбасылық шағын тауарл­ы өндірістерді ұйым­дастыру мен оларды ауыл шаруа­шылығы кооперативіне біріктіру жөнінде ұсыныс айтты­. Әрине, ол бір жағынан, ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға, екінші жағынан, ауылдық жерлерде жұмыссыз жүрген жандарды тұрақты жұ­мыспен  қамтуға  тиімді  мүм­кіндік береді.

Жем қорын қалыптастыру мақсатында да облыста егін шаруашылығын әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп, құрама жем өндіретін екі зауыт­ іске қосылды. Биылғы жылы халықаралық стандартарға сәйкес келетін “Сыр маржаны” серіктестігінің ет комбинатының құрылысы бас­тал­мақшы. Ет, сүт шаруашы­лы­ғын  дамытумен  қатар, облыста құс ша­руа­шылы­ғы да қол­ға алынып жат­қаны барша­ға белгілі. Аймақта мал шаруаш­ылығын дамытудың кластер­лік негізі қалыптастырылуда. Осы шаралар толық орындал­ғанда 2019 жылы мал шаруа­шылығының дамуы қалыпты өсіп, ет өндірісі – 17%, сүт өндірісі – 7%, жұмыртқа – 65%, құс етін өндіру 69,9 есеге артады деп күтілуде.

- Қазіргі таңда қазақтың ақбас сиырын және жабы жылқысын өсірумен айналысамын. Ақбас сиырларын биыл Батыс Қазақстан облысынан 127 бас аналығын, 5 бас бұқасымен алып келдім. Ал, жабы  жылқының 80 бас аналығын, 6 айғырын Ақтөбеден сатып алдым. Қазір ауыл  шаруашылығына көп көңіл бөлініп жатыр ғой. Сондықтан, алдағы уақытта кәсібімді кеңей­туді  жоспарлап отырмын, - дейді Қармақшы ауданындағы “Олжа” шаруа қожалығының жетекшісі Болат Бөгетов.

Дәстүр бойынша аймақтың агроөнеркәсіп кешенінің үздік қызметкерлері ҚР АШМ медальдары мен құрмет грамо­таларымен және облыс әкімі­нің алғыс хатымен марапат­талды. Облыс әкімі Қ.Көшербаев пен республикалық ауылшаруашылығы қызметкерле­рінің салалық кәсіподағының төрағасы Әбубәкір Сүлейменов үздік­терді марапаттап, жеткен жетістіктерімен құттықтады. Марапат биігінен көрінгендердің арасында Қазақстан ұлттық арнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Ақерке Биятова мен Шиелі аудандық “Өскен өңір” газе­ті­нің  тілшісі  Гүлнәр Дүйсебаева секілді әріптестеріміз болды. Одан бөлек, 30 озат малшыға бағалы сыйлықтар та­бысталды.

Малшылар тойында үздік­тер қатарыннан табылғандардың бірі – Айдос Мадияров. “Абай-Дәулет” шаруа қожа­лығынан келген ол еңбегінің еленгеніне  дән  риза.

- Сырдария  ауданы, Бесарық елді мекенінде орналасқан “Абай-Дәулет” шаруа қожа­лығынан келдік. “Ордабасы” деген­ асыл тұқымды қой ұстап отырмыз. 2966  бас қойдың 1978-ін қашырып, төл басын көбейтуді жоспарладық. Бүгін шаруашылықтағы еңбегіміз еленіп, I дәрежелі үздік шопан атандым. Еліміздің ауыл шаруа­шылығына, мал шаруашылығына өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын, - дейді ол.

Ашық аспан астында ән салып­, би билеп, домбыраның да үні естілді. Балуандар белдесіп, атқа мінгендер ауда­рыспақтан күш сынасты. Бір топ білектілер бір-бірінің қол күшін сынап көрді. Арқан тартып­, арқасы қозғандар да бар. Осылайша, табиғаты тамсан­арлық Қаратау бау­райында малшылардың төр­тінші тойы аяқталды. Айтқандай, шараға жыл сайын басқа өңірлерден қатысушылардың саны артып келе жатқанын ескер­е отырып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев келесі жылы малшылар слетін рес­публикалық деңгейде өткізуді ұсынды. Бір түсінгеніміз, бұл аста-төк тойға ешқандай ұқ­самайды. Жалпы, Сыр өңірі мұндай елеусіз қалған оқи­ғаларды тірілтуші болып санала­ды. Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын Арал ауданын­да жарты ғасыр бо­йына жалғасын таппаған балықшылар слетін де көз алдымызға әкелген еді.

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ,

Бағдат  Есжанов  (сурет)