Күліп келген ҚАРЫЗ жылатып жүрмесін | Print |
17.05.2018 12:44

Қарыз түнде – қайғы, күндіз – қорлық. Қазір жұрт заманауи мақалға айналдырып алған тағы бір тәмсіл бар: Досыңды да, ақшаңды да жоғалтқың келсе, қарыз бер. Осыдан-ақ қоғамдағы, адамдар арасындағы қарыздың құны қаншалықты екенін бағамдай беріңіз. Бастапқыда басымызға іс түсіп, қиыншылыққа кезіккенде жұрттан қарыз сұрай бастаймыз. Сосын рақымшылық жасағанға рақмет айтамыз да, қарыздың көмегімен ойдағы істі орындап аламыз. Бұл бір көңіл жайланып, жан дүниеміз рақатқа бөленетін кез делік. Аз ғана уақыт. Тіпті бір мезет болуы да мүмкін. Мұнан кейін ше? Қарызды қайтаруға қауқарымыз жетсе, жақсы. Ал жетпесе, төлем мезгілі жақындаған сайын әзірейілдің келер күнін білетіндей тыпырши түсеміз. Таппасақ, тап бір жардан жығылардай баз кешеміз. Осылайша күліп келген қарыз қайтқанда  «жылайды».

Енді қарыз алу деңгейін жо­ғары көтеріп көрейік. Мәселен, мемлекеттер арасында. Жуырда «Қазақ елінің сыртқы қарызы 2018  жылдың  наурыз  айында 14,8 триллион теңгеге жетті» деп хабарлады Абай.kz. 14,8 триллион теңге. Миллиондар мен мил­лиард­тардан асып, тіліміз күрмелетін, жайшылықта сөз ете қоймайтын триллион теңгені тілге тиек етіп отырмыз. Осындай мол қаржыны қазақ қашан болмасын төлеуі тиіс. Өйткені, ол қаражат елдің мүддесі үшін жұмсалды. Экономист мамандар әлемде да­мыға­н мемлекеттердің өзі қа­рыз алатынын айтып жүр. Тіпті сырт­қы қарызы көп елдердің кө­шін бастайды екен олар. Демек, сырт­қы қарыз елдің бай немесе кедей екендігін білдірмейді. Бұл – сала мамандарының түсіндірмесі. Осы орайда Қазақстанның сыртқы қарызы ел экономикасына әсер етпей ме деген күдік һәм қауіп туары сөзсіз. Еліміздің экономикасы мұнай-газ саласына мұқ­таж. Мұнай арзандаса, ертеңіміз не болмақ? Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанның қарызы 20,9 пайызға өскен. Тарқатайық.

Елдің мемлекеттік қарызының жиынтығы: мемлекеттік қарыз – 14,3 триллион теңге (бір жылда 20,1 пайызға артқан), кепілден­дірілген  мемлекеттік қарыз – 428,5 миллиард теңге (59,4 пайыз­ға  өскен) және мемлекет кепіл­дігімен алынған қарыз – 37,8 миллиард  теңге.

Сонымен қатар, мемлекеттік қарыздың өсуіне негізгі себеп – ҚР үкіметінің ішкі қарызы (салыс­тыр­малы  үлесі – 39,5 пайыз). Бір жылда ол  30,9 пайызға өскен – 4,4-тен 5,7 триллион теңгеге дейін. Ал сыртқ­ы қарыз айтарлықтай өзгермеген – 0,1 пайыз немесе 5 мил­лиард теңге. Соңғы бес жылда мемлекеттік  қарыз 3,7 есе (10,8 триллион теңге) артқан – 4-тен 14,8 триллион  теңгеге  дейін.

Қарызға қызмет көрсетуге 2018  жылдың  алғашқы  тоқсанын­да 156,7 миллиард теңге  бөлінді, бұл былтырғы көрсеткішпен са­лыстырғанда  21  пайызға артық (129,5  миллиард  теңге  болған).

Сонымен  қатар, мемлекеттік бюджеттің  жалпы  шығыны – 2,4 триллион теңге (бір жылда 13,5 пайызға артқан). Қарызға қызмет көрсету шығыны – 6,5 па­йыз (былтыр 6,1 пайыз болатын).

Соңғы бес жылда мемлекеттік қарызға қызмет көрсету 3,5 есе (328,4 миллиард теңге) артқан, 130,5-тен 458,9 миллиард теңгеге дейін.

«Қарызды мен алған жоқпын, төлеуге де негіз жоқ» деп өзімшіл­дікке салынбаңыз. Қазақстан – ортақ үйіміз. Демек, ортақ үйдің мәселесі де ортақ. Тек Үкіметтің ғана емес, барлық қазақстандықтардың мойнындағы қарыз. 2018 жылдың 1 қаңтарынан мем­лекеттік борыш 13,5 трлн теңгені (40,6 млрд АҚШ доллары) немесе жалпы ішкі өнімнің 26 пайызын құраған. Екі айдан кейін ол сома 14,8 триллион теңгеге жетіп жығыл­ған. Мұнан берешегіміз күн санап өспесе, кеміп жатпағанын бағамдаған боларсыз? Ел дамуы, мемлекет құлпыруы жолында жұмсадық дейміз. Десек те кезінде күліп алған қарызымыз қайтарда жылатпаса болды...

ТОЛҚЫН