«ХАЛЫҚТЫҢ ҚОЛЫН АУЗЫНА ЖЕТКІЗУ КЕРЕК» | Print |
21.06.2018 13:07

Қырымбек  КӨШЕРБАЕВ:

Бас шаһардағы жаппай кәсіпкерлікті дамыту туралы көшпелі мәжілісте «Қызылорда облысының 1999 жылғы бюджеті  9,6 млрд-ақ теңге болған» деп, елең-алаң шақты Қырымбек Елеуұлы есіне алды. Одан бері біраз белесті бағындырдық. Олқылық жіберген сәттеріміз де аз емес. Жүйесіз жұмыстардың жүргізілгендігі, баянсыз бағдарламалардың қабылданғаны да рас. Мұндай жайттар жөнінде аймақ басшысының өзі:

– Министрлікте қызметте жүргенде мемлекеттік бағдарламалар арқылы халықтың әл-ауқатын көтеруге тырыстық. Бір оқиға есімнен кетпейді. Қателеспесем, Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын бір қария мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алған. Біраз уақыт өткеннен кейін сол кісімен кездестік. Алған қаржыға не тындырғанын сұрадық. «Ол ақшаға үй салдым, баламды үйлендірдім. Енді маған не дейсіздер? Жазалаймын десеңіздер, өз еріктерің» дейді. Иә, ел арасында осындай оқиғалар да болған. Бюджеттен қаралған қаржы мақсатты жұмсалуы тиіс,- деді.

Облыс әкімінің аталған жағдайға тоқталуының өзіндік себебі бар. Өйткені, биыл аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп бекітілді. Бұған бюджеттен 32 млрд теңге қаралған.  Ә дегеннен бұл жоба қызылордалықтар арасында дүмпу туғызды. Мұның негізгі мақсаты – облыс тұрғындарын кәсіпкерлікке бейімдеу. Сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, салықтық базаны нығайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты орнату көзделген. Әсіресе, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу – негізгі жоспардың бірі. Себебі аймақ тұрғындарының 64%-і елді мекендерде тұрады. Осы бағытта қала бойынша нендей шаруалар атқарылып жатқандығы туралы шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев:

– Қызылорда қаласында 26 мың 212 шағын кәсіпкерлік субъектісі бар. 2018 жылдың қаңтар-мамыр аралығында 1564 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 1707 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда жалпы құны 140 млн теңгені құрайтын 33 жобаның құжаттары тапсырылды. 18 млн теңгені құрайтын 4 жоба қолдау тапса, қалғандарының құжаттары қаралу үстінде. «Бизнестің Жол  картасы - 2020» бағдарламасы аясында 1 млрд 681 млн 775 мың теңгені құрайтын 30 жоба қолдау тапты. Қаланың кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған барлық қолдау шараларының нәтижесінде ағымдағы жылдың  5 айында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен 1 млрд  330 млн 022 мың теңге салық түсті, - деп есеп берді.

Елімізде нарықтық заман орнағалы көп бола қойған жоқ. Ширек ғасырды енді ғана еңсердік. Қырымбек Көшербаевша айтсақ, нарық халықты қарық қылғанша біраз уақыт қажет. Осы ретте жергілікті билікте жүрген азаматтар бұған білек сыбана кірісуі тиіс. «Жаппай кәскерлікті дамыту» жобасы қабылданарда әр аудан, әр ауылдың әкімдеріне облыстық басқарма басшылары жетекшілік етуге бекітілген. Ондағы мақсат – жаңадан кәсіп бастауға ниетті азаматтарға қолдау көрсету. Құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдесу. Кешегі көшпелі отырыста қалаға қарасты бірнеше ауыл әкімдері мен оған жауапты жетекшілері кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарған жұмысы туралы қатар тұрып есеп берді. Олардың атқарған жұмысын мұқият тыңдаған аймақ басшысы:

– Бұл жоба биылғы жылы  бітеді  деп ойламаңыздар. Ел үшін еңбек етіңіздер. Біз ұл-қызымызды қалай тәриелеп отырсақ, кәсіпкерлерімізді де солай тәрбиелеуіміз қажет. Қазақша айтқанда, халықтың қолын аузына жеткізу  керек. Қаражат бар. Гранттық жобаларға берілген қаржы өз мақсатында жұм­салуы  керек,- деді.

Сондай-ақ, Қырымбек Елеуұлы жергілікті биліктегілерді бюджеттен қаралған 32 млрд теңгені тиімді игеруге жауапты екендігін жеткізді.

Айтпақшы, жаппай кәсіпкерлікті дамыту жобасы  аясында  2018 жылдың  қорытындысы бойынша  ең  үздік 8  стартап-кәсіпкерге  1  млн  теңге  қаржылай сыйақы  тағайындалмақ.

Қозы   Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ