ЖЕЛІДЕГІ ЖАЗБА | Print |
26.07.2018 12:41

 

Айгүл  ОРЫНБЕК,

заңгер:

 

БІЗ  ҚАУІПСІЗ  ЕЛДЕ  ТҰРЫП

ЖАТҚАН  ЖОҚПЫЗ

Қазіргі таңда дәл осы ішкі істер органдарында былық өте көп. Көптеген істер ашылмайды. Ашылу үшін ақша керек. Мен бір ғана мысал айтайын, 13 жастағы қыз зорланған. Өзінің қызының зорланғаны туралы дәлелдемесі бар кісі сол істі ашып, қылмыстық­ іс қозғату үшін 1 мың доллар пара берген. Көрдіңіз бе, бұл жүйе әбден іріп-шіріп, шегіне жеткен.

Бір адам 7 жыл басқару деген, бұл сұмдық ғой! Билік жоға­ры­дағы резонанс тудырған дүниелерді ғана көріп отыр. Ал астының іріп-шіріп жатқанын көрмейді. Іріңдеген сыздауық та бір күні жарылады­. Біз міне, жарылдық. Енді өзегін шығарып тастауымыз­ керек.

Кешегі Денис Теннің қазасы бұл қоғамның айнасы іспетті болды. Мынау былығып жатқан жүйенің өзегін шығарып берді. Сол үшін де Қасымов отставкаға кетуі керек.

Мейлі, Денис Тен – жалпақ жұртқа аты мәлім спортшы. Ал күнделікті осындай оқиғаның құрбаны болып жатқан ешкім таны­майтын, ешкімге белгісіз қарапайым жұрттың жайы ше? Кешегі Алматының іргесінде ғана болған оқиға ше? Адамды көлігімен қағып кетіп, жолдың шетіне тастап кеткен. Ол бала елге танымал адам емес ғой. Сондықтан оған қатысты ешкім шулаған жоқ. Қазір адам өлді десе, бала зорланды десе, ешкім таңғалмайды. Өйткені, ол күнделікті болып жатқан дүние, өкінішке қарай.

Тек қана видеосы таралып кетсе немесе атақты адам болса ғана біз шулаймыз. Ал күнделікті қанша адам осылай өліп жатқанына мән бермейміз. Шындығына келсек, біз қауіпсіз елде тұрып жат­қан жоқпыз. Біз өзіміз түгілі өзіміздің меншігіміздегі затымызды­ да қорғай алмаймыз. Ал мемлекет біздің қауіпсіздігіміз үшін қыруар қаржы бөліп отыр. Камерасы бар, басқа жүйелері бар...

Жақында Қасымовтың министрлігіне қатысты сұмдық дерек шықты. Ішкі істер министрлігінің шетелдегі офшоры туралы ақпарат жарияланды. Ешкім сұрау салған жоқ. Ол ақпарат рас па, жоқ па, ешкім анықтаған жоқ.

Біздің полиция белсенділермен, көк шар ұстаған баламен алысамын деп жүргенде, нағыз қылмыскерлер талтаңдап кетті деп ойлаймын. Бұл да – Қасымовтың министрлік қызметінің көрсеткіші. Сол кісі министр болып тұрғанда орын алған оқиғалар.

Біздің полиция дәл қазір біз сияқты халықтың сөзін сөйлеп жүрген азаматтармен күресіп жүр. Келіп бізді қорқытады, бізді жазалайды. Ал нағыз қылмыскерлер бұл кезде емін-еркін тайраңдап жүреді. Өйткені, полицияның белсенділермен арпалысудан қолы босамайды.

Біз қауіпсіз елде тұрып жатырмыз дейміз ғой. Ал шындап келсек­, біздегі кісі өлімі көрсеткіші енді аз болса Сириядағы деңгей­ге жетіп тынады. Онсыз да соның аз-ақ алдында тұрмыз. Дәл осы Қасымовтың кезеңі ішкі істер министрлігінің тоқырау кезеңі болды. Жазылған арыздар ақша бермесе, ашылып, қозғалмайды. Өйткені ондайларды полиция "крышовать" етеді.

Facebook-тегі  парақшасынан

 


 

 

Советқазы   НҰРСИЛА,

қоғам   қайраткері:

 

SАЙРАГҮЛ  SАУЫТБАЙ  немесе

SАНАДАҒЫ  SІЛКІНІС

Қытайдан келген қандасымызды бүкіл ел болып қорғайық, деп жатқанымыз санадағы бір сілкіністің көрінісі іспеттес. Көптеген адамдар істеп отырған жұмыстарын тастап, сотқа баруы – нағыз адамгершіліктің, ұлтқа деген сүйіспеншіліктің айғағы...

Германия, Израиль, Ресей алыстағы қандастарын жинап, олар­ға қаржылай көмек көрсетіп, тіл үйретіп жатыр. Шетелде жүрген қандастарын қорғауы бұл басқа әңгіме. Америка бір солдатын өлтіргені үшін сол мемлекетке соғыс та жариялаймыз деген еді... (Ал, бізде орысша білмедің,- деп, жұмысқа қабылдамай жатыр... полицей, миграция, мемлекеттік органдар орыс тілінде...)

Біз:- Елім, жерім,- деп, Отанына келген қандасымызды соттам­ақшы болып жатқанымыз биліктегілердің саяси қателігі деп айтуға болады. Себебі, жерін, елін, тілін қорғап жатқан адамдарды күндіз майшаммен іздеп, полиция арқылы түрмеге қамап жатқаны, халықтың наразылығын тудырып отырғаны жайлы өте көп пост  жазылған  екен...

1955-1962 жылдары Қытайдан жүз елу мыңдай адам Отанына оралған еді. Сол кезде жергілікті ақсақалдар: -Ұмыт болып бара жатқан тілімізді, әдет-ғұрпымызды, ділімізді осы адамдар ала келіп еді,- дегенді талай естіген едік. Көзі ашық оқығандарын Қырғызстанға дейін (Жалалабад ауданы) аударып жібергенін білеміз. Солардың ұрпағы қазір екі миллиондай болған шығар? Және солардың ұрпағы ата-бабаларынан Қызыл жаһангерлердің жасаған қиянаты туралы талай әңгімелер естіп өскен ұрпақ еді.

Біздің Сайрагүлді Қытайға қайтарып береміз деп отырғанымыз, биліктің әлі де Қызыл жаһангерлер идеологиясынан айрыла­ алмай отырғаны, империяларға жалтақтаудың салдары сияқты! Егеменді ел болғанда, бір қандасымызды қорғау арқылы, әлемдегі барлық қандастарымызды қорғай алатынымызды әлемге паш етуіміз керек қой...!

P.S. Жақсы "Құл" өзінің құл екенін білмейтін құл деген сөз бар... Яғни, біздің санамыз құлдық психологиядан тазалана бастағаны, ары қарай  да  жалғасын табады  деген  сөз! Билікті  халық сайласа, халқын  қорғау басты  міндеті  болуы  керек! Ата заңымызда «Елдің басты  байлығы – сол елдің азаматтары» деп  айқын  жазылған!

Facebook-тегі  парақшасынан