“БОҚҚА” БАТЫП БАРАМЫЗ... | Print |
30.08.2018 13:27

Білмеймін, Құдай ақырын берсін. Нұртілеу Иманғалиұлы айтқанындай, “Бай-қуатты болайық” деп барлығымыз жүрміз. Бірақ, батып барамыз, батып барамыз. Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы бір сөзінде: “Өкімет өлтірмейді” дегенді қою керек. Ол заман өтті” деген еді. Сондықтан болар, биылғы жылды “жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы” деп жариялады. “Қара халықтың қолы аузына жетсін. Тірлік етсін, қамдансын” дегені де. Жөн-ақ. Әйтпесе, соқыр тиын ұстаса көкірегіне нан пісе кететін кедей байғұстың күні қашан да қараң. Шынында, қазақ бай болуға кежегесі кейін тартып, көткеншектеп жатыр дей алмайсыз.

Ұлт жалқау емес. Бірақ, біздің тынымсыз тыраштануымыздың өзі құр аш қалуымызға әкеліп соқтыруға жақын. Басында несиесі жоқ отбасын­ білесіз бе, олардың саны көп пе? Статистика емес, қазақы мысал – бұл. Бізде банкпен “байланысы” жоқ адам аз деп айтуға болады.­ Нені болмасын несиеге алып жүрген, “кім?” деген сұраққа жауап беретіндердің саналы түрде жасаған ісі – осы. “Банкке бар болған­ соң берешегі, бұлыңғыр баз біреудің келешегі” деп бұған дейін де жазғанбыз. Қарыз төлеп күн өткізіп жүрген қаймана қазақтың, қазақстандықтардың саны қанша екен? Мұны білмедік, біздің біл­ге­німіз қазақстандықтар банктерге жалпы  сомасы  6 триллион теңгедей қарыз көрінеді. Бұл туралы tengrinews.kz порталы Ranking.kz зерт­теуіне  сүйеніп  ақпарат  таратты.

Жеке тұлғалардың несие бо­йынша  жиынтық  қарызы  2018 жылдың маусым айының аяғында 5,6 триллион теңгені құраған. Бұл өткен айға қарағанда 2,3 пайызға жоғары. Сарапшылардың мәлі­метінше, бөлшек қарыздардың жарты­сынан  астамы – салық  салынбайтын  несиелер. Олардың  үлесі бір айда 51,3  пайыздан 51,7-ге дейін  өскен.

Бөлшек несие беру құрылымы бойынша онлайн-компаниялардың үлесі маусым бойынша 2 пайызды ғана құрады, бұл – ағымдағы жылдағы ең төменгі көрсеткіш. 2018 жылдың алғашқы жартыжылды­ғындағы ең жоғарғы көрсеткіш науры­зда (4,1 пайыз) байқалған. Жалпы, онлайн-компаниялар ға­ламтор  арқылы жедел  түрде қарыз алу үлгісін ұсынады. Кіші пайыздық мөлшерлемесі 0,25 па­йыздан 1 па­йызға дейін түрленеді. Қарыз беру уақыты – 1 айға дейін (30-31 күн). Ең  азы – 21, көбі – 365 күн.

Ел ішінде “қарызға белшесінен батқан” деген тіркес бар. Қарызды басқа деп алып, батуды тура мағынасында елестетіп көріңізші. “Тәуе­кел­, белуардан келсе де, тыныстауға, қол сермеуге, көмек сұрауға мүм­кіндік қарастырылған” дерсіз. Ал, біз батып барамыз, батып барамыз. Ойлаудың өзі қорқынышты...

 

Рыскелді   ЖАХМАН