БІЛІМГЕ БАҒЫТТАЛҒАН БЮДЖЕТТЕ БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ БАР | Print |
30.08.2018 14:10

“Алты Алаштың баласы бас қосса...” деп келетін аталы сөзді бұған дейін де жазып жүрміз. Алаш ардақтысының осы сөзінде мән қалды ма деп те дүрліккеніміз бар. Әрине, ақпараттық дәуір ғой. Ұстаздың ұлылығына қарсы ұғым қалыптастырғандар да, солай еткісі келіп жүргендер де жетерлік. Бірақ, өзінен 10-15 жас кіші адамның мұғалімдік мәртебесін көтеріп, өле-өлгенше “ағай” деп атап өткен апаны көзіміз көрді. Әлбетте, педагогтерге деген пейіліміз ол кісімен бірге көрге кетпеген болар. Әңгіме болсын деп емес, сабақ болсын, баз біреулер сабасына түссін деп айтып жатырмыз.

Хош, сөз басына қайта оралайық. Өткен аптаның сәрсенбісінде қаладағы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Шараға шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев пен облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов арнайы келді. Ал, араға күн салып білім беру қызметкерлерінің об­лысты­қ тамыз кеңесі де ұйымдастырылды. Жиын­ға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшыс­ы Арын Өрсариев, Білім және ғылым министр­лігі жанындағы ақпараттық талдау орталы­ғы президентінің міндетін атқарушы Елдос Нұрланов, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шамшидиновалар қатысты. Қос шарад­а облыстың бас педагогі Майра Мелдеб­екова төбе көрсетіп, “төрелермен” бірге төрден табылып, ардақты орынға жайғасты. “...төрдегі орын – мұғалімдікі”.

Иә, біздің сөзбасы осы білім жол­басшыларына арналған тәмсілмен бас­талған еді. Басқосу оны дәлелдей түсті.


Н.НӘЛІБАЕВ:

ҚЫЗЫЛОРДА  БІЛІМ  МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ  ОШАҒЫ  БОЛУЫ  ТИІС!

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен тамыз кеңе­сі “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал” тақырыбында өрбіді. Жалпы, тамыз кеңесі – өткенге есеп беріп, алдағы атқа­рылатын жұмыстарды бағамдап, тың тақырыптарды талқыға салатын жауапты жиын. Кеңесті қала әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы ашып берді. Әуелі баяндамасымен облыстық мәс­лихат хатшысы Н.Байқадамов, сонан­ соң облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова білім саласының  маңыздылығы мен тың өзгеріс­теріне тоқталды. Қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының робототехника үйірмесінің жетекшісі Р.Сариев “Робототехника және алғашқы  техникалық  модель­деуді қосымша білім жүйесінде үйлестіру жолдары” тақырыптарында хабарлама оқыса, қалалық білім бөлімінің басшысы А.Нұрсейітов 2017-2018 оқу жылында атқарылған жұмыстар және жаңа оқу жылындағы алға қойылған міндеттер туралы баяндама жасады.

- Тәуелсіз елдің негізгі тірегі – білімді ұрпақ. Білімді ұрпақты тәрбиелеу үшін алдымен мұғалім мәртебесін көтеру керек­. Осы мақсатта 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңартылған білім мазмұны бойынша 1, 2, 5, 7-сыныптарға сабақ беретін мұғалімдердің жалақ­ысы 30%-ға өсіп, қала мектептері бойынша 4003 мұғалімнің жалақысы көбейді. Басталғалы отырған жаңа оқу жылынан бастап 3, 6, 8-сынып­тарға сабақ  беретін 1545 мұғалімнің жалақысы 30%-ға  артатын  болады, - деді қаланың  бас  педагогі.

Қызылорда қаласы бойынша 2017-2018 оқу жылында жалпы білім беретін 50 мектепті 2141 оқушы бітіріп, оның 1670-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қа­тысты. ҰБТ қорытындысында жалпы орташа балл 90,9-ды құрады. Бұл көр­сеткіш бойынша Қызылорда қа­ласы облыс көлемінде 1-орынға ие болды.­ Мемлекеттік білім грантын иелену конкурсының қорытындысы бойынша 980 мектеп бітіруші (2017 жылы – 612 грант, 44%) грант иегері атанып, өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға артты. Сонымен бірге, 2017-2018 оқу жылының қорытындысымен 98 оқушы “Алтын­ белгі” иегері атанса­, 103 оқу­шы “Үздік аттестатты” иеленді.

2014 жылдан бастап аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының тікелей бастама­сымен Қызылорда қаласының түлектері Ресей Федерациясының жоғары­ оқу орындарында білім алуға мүмкіндік жасалып, бүгіннің өзінде Қызылорда қаласынан 346 студент Ресей­ Федерациясының беделді оқу орындарында білім алуда. Осы игілікті бастаманың жалғасы ретінде биылғы жылы да Қызылорда қаласы бойынша 12 түлек Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті­нің, 16 түлек Мәскеу Энергетика университетінің және 29 түлек Санкт-Петерб­ург қаласындағы беделді оқу орнының грантын жеңіп алды.

- Қызылорда қаласы бойынша қалалық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін 54 мектепте (2018-2019 оқу жылында) биылғы жылы 59 мың 127 оқу­шы білім алады деп күтілуде. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 4 мың 125  оқушыға  көп. Бұл –  қала халқының саны  артқандығының  және өңіріміздегі демографиялық дамудың нақты көр­сеткіші, - деді қала әкімі.

2017-2018 оқу жылы бойынша жалпы­ білім беретін пәндер бойынша 8-11-сынып оқушылары арасында респуб­ликалық олимпиаданың об­лыстық кезеңіне қала мектептерінен қатысқан 32 оқушының 26-сы жүл­дегер атанып, олимпиада қорытын­дысымен Қызылорда қаласы ең үздік нәтиже  көрсетті.

Сондай-ақ, Сүлейман Демирел атындағы университетінде 450-ге жуық оқушы қатысқан “InfoMatrix Asia & Pacific” халықаралық компьютерлік жобасында (информатика) “Мұрагер” мектебінің оқушылары І, ІІ орындарға ие болды. Ресейдің Королев қаласында өткен “Адам-Жер-Ғарыш” балалар мен жастардың бүкілресейлік ғылыми-зерт­теулік және оқу-зерттеулік жобалар олимпиадасында тағы да “Мұрагер” мектебінің оқушылары ІІ, ІІІ орындарды иеленді. Әлбетте, жетіс­тікке жетіп, оқушыларына үлгі көрсетуде ұстаздар қауымы да аянып қалған жоқ. Былтыр­ғы оқу жылында №1 мектеп-гимназиясының орыс тілі пәнінің мұғалімі Сәуле­ Әлден және №144 орта мектептің ән-әуез  пәнінің  мұғалімі  Сағатбек  Қарапаев  республикада  өткен “Үздік мұға­лім-2017” байқауының жеңімпазы болып­, миллионер мұғалімдер  атанды.

Жыл сайын жаңа білім ошақтары мен балабақшалар пайдалануға бері­ліп, материалдық-техникалық базалары жаңартыл­уда және мектептер күрделі жөндеуден өткізілуде. Қалада білім саласын қамтамасыз етуге 2017 жылы 18 млрд 2 млн теңге қаржы қаралса, биылғы жылы бұл сома 21 млрд 206 млн  теңгені  құрады.

“Біз жыл сайын қала бюдже­тінің 45-50 пайызын білім саласына бағыттап келеміз. Білім беру нысандарының  саны  да  жыл санап еселеп артуда” деді қала әкімі өз  сөзінде. Біз  білімге бағытталған бюджеттің берері мол екенін  есімізге алып, одан болаша­ғы­мыз­дың  бар  екенін  байқадық.

 

Қ.КӨШЕРБАЕВ:

ТҮЛЕКТЕРДІ  ДҰРЫС  БАҒЫТТАУ – БІЗДІҢ  МІНДЕТІМІЗ

Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында облыс­ педагогтерінің дәстүрлі тамыз кеңесі қорытындыланды. Аймақ басшыс­ы Қырымбек Көшербаев алқал­ы жиында заманауи білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелерді атап өтті. Түйткілдерге тоқталған облыс әкімінің назарынан білім алушы­лардың мамандықтары мен еңбек нарығы­  сұранысының сәйкес келуі де тыс  қалмады.

- Біздің  әрдайым  назарда  ұстайтын ерекше  маңызды көрсеткішіміз – түлектердің жұмыспен қамтылуы. Мойындау  қажет, бізде бұл мәселеде келеңсіздіктер аз емес. Түлектерді бір мамандық  бойынша  даярлаймыз, ал олар мүлде басқа саладан орын табады. Олардың­  қабілеті мен нарықтағы жағдай­ды ескере отырып, түлектерді дұрыс  бағыттау – біздің   міндетіміз, - деді ол.

Сыр өңірінің білім саласында атқары­лған  жүйелі  жұмыстар жетер­лік. Атап айтқанда, бүлдіршіндер мектеп­ке дейінгі  мекемелермен  толық қамтылып отыр. Бүгінде облыста үш ауысымдағы бірде-бір мектеп жоқ. Бұл мәселе шешімін тапқалы қашан? Соңғы 5 жылда апаттық мектептер орнын­а 45 білім ошағы салынып, бұл мәселе де толықтай шешімін тапты. 2013 жылдан бастап жыл сайын 100 дарынды әрі талапты ауыл балалары, оның ішінде аз қамтылған және көп­балалы отбасынан шыққан жастарды еліміздің белді жоғарғы оқу орын­дарына облыс әкімінің грантымен  оқуға түсіру қолға алынған. Биыл оқу грантының саны 100-ден 205-ке дейін ұлғайды. Қарап отыр­саңыз, 2 есеге артқан. Айтуға оңай бол­ғаныме­н, іс жүзінде  жүзеге  асыру қиынның­  қиыны. Осылайша,  бүгінгі таңда грант иегерлерінің саны 900 адам­ға жетті. Биылғы ұлттық бірың­ғай тестілеу­дің қорытындысы бойынша облыс түлектерінің орташа көрсеткіші 85,2 балды құрағаны көпшілікке аян. Бұл  өткен жылмен  салыстырғанда   2,42 балға жоғары. Былтыр қорытын­дысы бойынша түлектердің 97 пайызы жоға­ры  және орта арнаулы оқу орын­да­рына­ түскенін мақтанышпен атап өтуге  болад­ы. Осы жетістіктерді тізбектеп айтып­ келе жатқан Қырымбек Елеуұлы­ “Ендігі нәтиже  де жақсы болады деген­ үміттеміз”  деп  сөзін  түйіндеді.

Әкімнен кейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев, Білім және ғылым министрлігі жанындағы ақпараттық талдау орталығы президентінің міндетін атқарушы Елдос Нұрланов, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының басқарма­ төрайымы Күләш Шамшидиновалар баяндама жасап, білім саласына қа­тысты өз ойларымен бөлісті.

Өз кезегінде “Мәскеу болат және қорытпалар институты” Ұлттық зерттеу технологиялық университетінің түлегі А.Тобжан Мәскеуден диплом алып оралған алғашқы студенттің бірі ретінде сол жақта білім алған жастардың атынан аймақ басшысына алғысын­ айтты.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовтан соң сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Майра Тұрғанбайқызы бірқатар мәлімет­терден мысалдар келтірді.

- 2018-2019 оқу жылында облыстың жалпы  білім  беретін 294 мектебінде 154 559 оқушыны оқыту жоспарланып отыр. 18 942 бала бірінші сыныпқа бара­ды. Жаңа оқу жылында Қазалы және Жаңақорған аудандарында 300 орынға арналған жаңа мектептер пайдалануға берілді. 2017-2018 оқу жылында облыста Қармақшы және Жаңақорған аудандарында 3 мектеп жұмысын бастаған болатын. Бұдан басқа, жылдың соңына дейін Арал ауданында 300 орындық және Қызылорда қаласында 600 орындық мекте­п  салынады, - деді ол.

Қос тамыз кеңесіне қатысушылар үшін де арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен оқушыларының өнер, ғылым мен білім саласында жетке­н жетістіктері таныстырылды. Көрменің басты мақсаты – енгізіліп жатқан инновациялық-ақпараттық технологияларды кеңінен таныстыру, қаланың, облыстың білім беру мекемелерінің жетістіктерін көрсету, білім беру қызметінің сапасын арттыру бойын­ша  тәжірибе  алмасу.

Алғашқы жиын соңында қала әкімі өткен оқу жылында нәтижелі жұмыстар көрсеткен 10 ұстазды алғыс хатпен марапаттап, ноутбук табыстады. Ал, білім беру ұйымдарының облыстық тамыз кеңесінде бірқатар оқытушылар “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісіне ие болса, “Ыбырай Алтынсарин” медалімен марапатталғандары да болды­. Сондай-ақ, облыс әкімінің құрмет грамоталары және алғыс хат­тары берілді. “Үздік орта білім ұйымы” номинациясы бойынша “Мұрагер” мектебіне 17 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Рыскелді   ЖАХМАН