«ҰР ТОҚПАҚ» һәм «СЫБАҒАЛЫ» МИНИСТРЛЕР | Print |
11.10.2018 11:59

Мерзімінен бұрын жолданған Жолдау­ дегенге де құлағымыз үйрене бастады­. Күз мезгілін әдетте «балапан санайтын уақыт» деп қарайтын саяси топтар күтпеген жерден абдырап қалды. Тыңнан түрен салды ма, әлде түлен түртті ме, әйтеуір қатты қысқан «толғақ» жыл соңына дейін шыдатпады. Шыны керек, осы жолғы оқиға ойда жоқта орын алды. Алдыңғы жолдаудан қалған «сарқыт­» әлі таусылмаса да, мәзірге соңғысы­н қосуға тура келді. Бұл да жаңа жоспар, тың тіршіліктің тіні болуы мүмкін.

Өйткені жыл соңында мемлекеттік бюджетті министрлер «мөңі­ретіп» кететінін жақсы білеміз. Ал жеме-жемге келгенде қаржыға жүген сала алмай, қай ақшаның қай «жайлауға» кеткенін өздері білмей, мең-зең күй кешеді. Ал қағаз бен тілге келгенде олардан шебер құжат құнттаушы, олардан асып түсетін орақ орушы табылу қиын. Бұл біздің ғана артып отырған сынымыз емес, оны өздерінен бастап ел президентіне дейін біледі. Сондықтан болса керек, Үкімет пен Парламент үйінде ара-тұра «шаң» шығып тұрады. Ал «үй сыртында» жаны шыққалы отырған­  қанша  халық  бар...

Жыл сайын мемлекеттік қызметтегі мүйізі қарағайдай басшылар мен қосшыларды Парламент төріне жинап, жылдық жұмыс жүктейтін ел президенті бұл жолы олардың басын Ақордаға жинады. Мақсат бір, мұрат айқын, жоспар жүйелі, ал жолдау ортақ. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы саяси құжат тікелей көрсетілім арқылы халыққа таныстырылды. Дәл осы жиында шаруасына «шалынып» жүрген министрлер «сыбағасын» алды.

Жүгі жеңіл еместігін аңғартқан Жолдауд­а мемлекет басшысы отандық өнімдерді өндірудің маңыздылығына мән берді. Халықтың үстіне жапқаны көбіне Түркия, Қырғызстан, Қытай елдері­нің киімдері екені рас. Тіпті министр­лерге өз елінің тауарларын кигенн­ен  гөрі, «Германияның кәс­төмі», «Италияның туфлиі» деген тір­кестер қатты ұнайтын сияқты. Ал ел президенті олардың мұндай ойларына «құрық» салып, бастан-аяқ қазақстандық болып жүруді меңзеді.

- Сендер киген киімдерді шешетін болса, жалаңа­ш қаласыңдар! - деген сөзінен-ақ осы жайтты­  оңай  түсіндік. Ал Елбасының өзі – отан­дық­  өнім тұтынушысы.

Әзірге отандық өнімдерді тұтынатын бізге белгілі үш «қазақста­ндық қазақ» бар. Мемлекет басшысы, Әсет  Исекешов  және  Азат Перуашев.

Президенттің өзі «қазанға» салып «қайнатқан» білім саласының «сорпасына» елдің бас педагогі жауапты. Апатты мектептер, үш ауысымдық білім ошақтары, мектепке дейінгі білім беру нысандары секілді толып жатқан мәселелер Сағадиевке «ұр тоқпақ» болып тиді.

- Баланың барлық ақыл-ойы алты жасқа дейін қалыптасатынын барлық ғылым дәлелдеді. Ал біз мұнымен ешқашан айналыспадық. Бар әлем мұны біледі. Бұл жүйеде квалификациялық талаптарды, білім беру әдістерін, тәрбиешілер мен балабақшадағы  басқа  да  қызметкерлер жалақысын қайта қарау керек. Министрлік әкімдікпен бірігіп, жол картасын­ дайындасын. Ерлан, осы да қиын ба? - деп бас мұғалімге нақты тапсырма жүктеді.

Ал жылына 100 тәулікке жуық уақытын мәжбүрлі түрде жіберілетін жиындарда өткізетін, көше сыпырып, сенбілікке шығатын мұғалімдер мәртебесі бұдан былай заң жүзінде қорғалады. Қысқасы, «Ұстаздар мәртебесі туралы» Заң әзірленеді.­

Мемлекеттік «сауыннан» шелегі толмаса қайтпай­тын, бірақ не сүті піспейтін, не айраны ұйымайтын «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының басшысы Келімбетов залда жоқ болып шықты. «Әйтеуір бір жерде жүретін» ол бұл жолы оңай сытылды. Өйткені бұл жолы да бір жерде жүрген көрінеді. Ақша мәселесіне келгенде бас экономист  те  орнынан  тұрды.

- Сен қай жерде нақты ақша жетіспейді, соны білуің керек. Енді министрлердің орнына мен жұмыс істеуім керек пе? - деген Елбасының ес­кертуінен кейін ес жиса, қанеки?!

Ал бұдан былай елімізде «тегін баспана» деген болмайды. Өңірлердегі пәтерлердің құнына қатысты­  жарытып жауап бермеген әкімдер сынның  астында  қалды.

- Үкімет те, әкімдер де жұмыс істемейді. Барлықтарыңа айтарым, сендерге басқа не керек?! Адамдарға жақсы жағдай жасау үшін не керек? Барлығы­н бердік ғой! Мен барлық әкімдерге ескертем­ін, жыл соңында қызметте қалу-қал­мауларың  өз  атқарған  жұмыстарыңа  байланысты болады, - деді  мемлекет  басшысы.

Бұл сөзді естіген халық бар өңірдің әкімін ауызша­ ауыстырып, орнына өз жерлестерін тағайынд­ап қойды. Әкімдерді «мен жүретін көшелерд­і жылтыратып қояды» деп қалжың араласт­ырып  «қағытып»  алды.

Біздің елдегі жүйелі жұмыстың нәтижесін көру қиын  емес. Десек  те, ақсап  тұрған  салаларға  білікті басшы жетпейтін көрінеді. Ал білгіштер – тек шетелд­е. Осы ұғымды санаға байлап алған қазақстан­дықтар «Air Astana» әуе компаниясын ағылшынға  басқартып, «Назарбаев  университеті» билігін жапондарға беріп қойған. Бұдан былайғы тірлік те «жансызданып» бара жатса, президент «Егер жөнді жұмыс істемесеңдер, орындарыңа шетелден адам аламын» деген уәдесін орындауы әбден мүмкін.

 

О.МӨҢКЕ