ЖАНАРМАЙ БАҒАСЫ ӨСЕ МЕ? | Print |
25.10.2018 12:12

Тағы да сол «ауру». Ресей тұмаурата­ды,­ Қазақстан түшкіреді. Бұл жолғы дендеген «дерт» жанар-жағармайдың құнына кеп тіреліп тұр. Жылдағы «дәстүрге» телуге болар еді, бірақ бұл жолғы жағдай­ басқаша. Әдетте егін нау­қаны басталар тұс пен орақ маусымы таяған сәтте жанар-жағармай тапшылығы сезіліп, бағас­ы күрт өсетінін жұрт жаттап алған. Биыл мұндай жағдай қайталанған жоқ, есесіне 2019 жылдан бастап баға шарықтауы мүмкін. Оған себеп қандай? Ортақ одақтағы елдердің «қызуы» Қазақстанға «теуіп» жатыр ма?

Әлемдік саясат төбесінен төмпештеп жатса да, түр бермейтін теріскейде жанар-жағармай бағасы қымбаттауы мүмкін. Оның салдары қақпағы ортақ қазаннан ас ішіп отырған қазақ еліне тимеуі әсте мүмкін емес. Біз айтты деп жүрмеңіз, ресми деректер жыл аяқталысымен Путиннің елі бензин мен дизель салығын бір жарым есеге көтеретінін мәлімдеді. Бас энергетиктің айтуынша, бензині ең арзан 167 мемлекеттің ішін­де Қазақстан – 12-орында.

- Мұнай өнімдері нарығы бүгінде сапалы өзгерістер жағына ауысуда. Біз Қазақстан мұнай өнімдері нарығында транзиттік уақытта тұрмыз. Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының жаңғырту жұмыстары аяқталып, қозғалтқыш отындарына қатысты импор­ттық тауарларға деген тәуелділік төмендеді. Бүгінде отандық мұнай өнімдері бойынша жағармай 90 пайыз­ға, дизельді отын 90 пайызға, әуеке­росин 58 пайызға қамтамасыз етіліп отыр, - деген еді ҚР Энергетика министр­і Қ.Бозымбаев Мәжілісте өткен кезекті Үкімет сағатында.

Шыны керек, нарықтағы және қойма қорларындағы жанармай мөлшері сәт санап өзгеріп отырады. Және ол туралы­ талап та қатал. Мәселен, Кеден Одағының техникалық тәртібіне сәйкес К-4, К-5 стандарттарына сәйкес келмейтін отынды шығаруға тыйым салынды. Бұл да – экологиялық аспект. Өткен жылы «Маған министр болған көбірек ұнайды» деп республикалық басылымға сұхбат берген бас энергетик тықыр таяғанда осындай жағдайдың болатынын білді ме, әйтеуір жыл басталысымен мәселенің мәнісіне терең үңіліп, алдағы 4-5 жылда елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытының салынып, бензин және дизель отынының резерві құрылатынын  айтқан.

- Жанармай отыны бойынша тапшылық  биыл 10 пайыз шамасында ғана болад­ы. Келер жылы ішкі нарық отандық өніммен 100 пайызға қамтылады. Бірақ, алдағы бес жылда жаңа мұнай өңдеу зауыт­ы салынбаса, қайтадан сыртқы­  өнімге  тәуелді  боламыз. Тиісті құжаттарды дайындау керек. Мұндай зауытты­ 1-2 жыл ішінде сала алмаймыз. Биылдан бастап қолға аламыз, - деген министр­дің  айтқаны  келді.

Келмегенде ше, көршінің нары­ғында бензин қымбаттайды. Ал біз жақын­да ғана жанармайды сыртқа шығару­ тура­лы келісімге қол қойдық. Нәтижесінде Ресейге жанар-жағармай көп мөлшерде тасымалданып, елде бензин­  тапшылығы осыдан туындайды.­ Ал  біздегі  тапшылық...

- Бізде тапшылық бір жолмен шеші­ле­ді. Яғни, тапшылық тудырған тауардың бағасы қымбаттайды. Әсіресе, бұл жанармайға қатысты болғанда. Десе де қаншалықты қымбаттайтынын айту қиын, - дейді мұнай-газ нарығының сарапш­ысы  Сергей  Смирнов.

Дегенмен, өткен аптада Энергетика министрлігі мамандары жанармай нары­ғындағы ахуал тұрақты және әзірге жанармай тапшылығы жоқ, қоймадағы жанармай қоры кемінде 17 күнге жете­тінін айтты. Ал біздегі нарық бағасы ортақ одақтас елдерге жалтақтап тұратыны жасырын емес. Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төртінші мұнай өңдеу зауыты құрылысы­ мәселесі пысықталуда. Халықаралық «Global Petroleum Prices» талдау агенттігінің ай сайынғы зерттеп отырған деректеріне сенсек, Қазақстанда тұтынудың бол­жам­ды өсуіне байла­нысты 2021-2023 жылдары бензин және дизел­ьдік отын же­тіспеушілігі орын алады. Оған де­йін тәуекел...

 

Н.ҚАРАСАЙ