Жыр жолдары | Print |
29.11.2018 10:36

«Сыр – Алаштың анасы»

 

Алғашқы астанамыз – Қызылорда,

Көркейді қиындықты бұзып орда.

Жасыл желек оранған үлкен шаһар,

Көшелерін аралау – қызық ол да.

 

Ақ күріштің ордасы – Қызылорда,

Көз тартты дәннен моншақ тізіп орда.

Ақ балығы, қаязы азайған жоқ,

Кемелерім Аралда жүзіп ол да.

 

Қол жеткенді мақтасақ болмас айып,

Кемелдендік оң, солға қанат жайып.

Сары күздің жемісін түгел жинап,

Астық толып қамбаға, тұрмыз байып.

 

Әкіміміз әр іске ұста болды.

Бар жақсылық ол жүрген тұста болды.­

Халқына әділ үкім  жүргізерде,

Қолы ұзын, әңгімесі қысқа болды.

 

Тұзымыз бар, сарқылмас газымыз бар,

Қыс аязын жолатпас жазымыз бар.

Тер төгумен тіршілік ажарланды,

Өткен жылға демейміз назымыз бар.

 

Елеусіз бір кездегі Қамысқала,

Ал, қазір біраз елге таныс қала.

Байқоңыр өзге елдердің ынтызары,

Алғаш рет жол аштық ғарышқа да.

 

Жақсы істер көбеюде қызығардай,

Жатқан жоқ өткен жылдар ізі қалмай.

Дарияның сол жағын да иелендік.

Бұл елдің ұлы іскер, қызы нардай.

 

Жасыл қалам сау болғай тіл мен  көзден,

Ұл-қызым алыс болғай суық сөзден.

Мұндай бақыт келген жоқ өздігінен,

Оның ауырлығына халқым төзген.

 

Аз емес алуандығы бітер істің,

Ел аузында қарқыны құрылыстың.

Баспаналы болғандар көбеюде,

Аз емес жұмсалуы оған күштің.

 

«Сыр – Алаштың анасы» аталынған,

Жасыл қалам озды енді қатарынан.

Ақ шуағын еселеп төгіп жатыр,

Күннің өзі сәл бұрын батарынан.

 

Аз жылда біраз белден асқандаймыз,

Болдық, толдық деп бірақ мастанбаймыз.

«Мәңгілік ел» болудың қамындамыз,

Қазақ елі қиыннан жасқанбаймыз.

 

Елбасының бергені зор бағаны,

Жаратқан халқымызды қолдағаны.

Қазақы сәні, салты сақталынған,

Сыр бойындай басқа ел болмағаны.

 

 

Еңбегі  елеулі  ана

Облыстың бас кітапханашысы Сисекеева Күлбаршын

Раушанбекқызына арналады (автор)

 

Күш беріп, ажар беріп білімділік,

Тұсыңызда тұрғандай күнің күліп.

Келесіз қиындықты бұзып-жарып,

Қол жетпес биік шыңдар тілін біліп.

 

Тағдыр сізге сыйлаған іскерлікті,

Елі үшін көтерсін деп ауыр жүкті.

Нәзіктігің еңбекте сыр берген жоқ,

Сан қиын іс өзіңе тізе бүкті.

 

Еңбегіңді елеулі елің танып,

Ақ жүзіңде тұрғандай шамың жанып.

Тамшылап маңдайыңнан аққан терге,

Туған жердің қалғандай шөлі қанып.

 

Кітапқа үңілдіріп ұл мен қызды,

Оларға жегізгендей нан мен тұзды.

Алпыс сегіз жыл жүгі арқаңызда,

Осынша өткізіпсіз жаз бен күзді.

 

Анасыз, әже болдың бір жағынан,

Ұл-қызды, немерені ырза қылған.

Аталдың Ақмешіттің ақ моншағы,

Сол қалпың сақталып тұр нұр жамылған.

 

Көтеріп ердің және ана жүгін,

Ерте айырып ақ, қара аражігін.

Әрқашан арқа тұтып адалдықты,

Алаштың аттамадың ала жібін.

 

Жақсының сұлу әркез жүрген жері,

Аталдың «Мәдениет қайраткері».

Ағарту ісінің де үздігісіз,

Сансыз марапаттардың иегері.

 

Халқыңның ең қажетін есте сақтап,

Сенімін өз еліңнің жүрсіз ақтап.

Миллиондаған ұл-қызбен жүрсіз бірге,

Кітапты жарты ғасыр насихаттап.

 

Тым биікте қалықтап көңіл-құсың,

Ақ шуаққа оранып жүрген тұсың.

Көбейсін кітаптан бас алмайтындар,

Тынымсыз еңбек еттің соның үшін.

 

Қиындықтар өткен кезбен бір қалсын,

Ұлы далам күннен-күнге нұрлансын.

Есіміңіз – өз еліңе мақтаныш,

Ғасыр жаса, ғасыр жаса, Күлбаршын!

 

Рысты  БЕКБЕРГЕНОВА

 

 

Көрікті,  көркем  Қызылорда

 

Сейхун дария болғалы,

Серік болған Қызылорда.

Ұлы Жібек жолдағы,

Көрік болған Қызылорда.

Жаудан емес қорыққан,

Намысты болған Қызылорда.

Жолбарыстар жорытқан,

Қамысты болған Қызылорда.

Тарихынан аңғардым,

Қоқан қашқан Қызылорда.

Қаһарынан хандардың,

Емес сасқан Қызылорда.

Дүбірлі дүние «дауылда»,

Астана болған Қызылорда.

Бар зиялы қауымға,

Баспана болған Қызылорда.

Қазағымның өз атын,

Алып берген Қызылорда.

Несі бар көп созатын,

Анық берген Қызылорда.

Талай батыр тұлғалар,

Өмірге келген Қызылорда.

Ерліктері жырда бар,

Ерлерім енген Қызылорда.

Жырлары нөсер жауындай,

Сүлейлер шыққан Қызылорда.

Екпіні ерен дауылдай,

Дүлейлер шыққан Қызылорда.

Ақ маржаны әлемге,

Әйгілі болған Қызылорда.

Белгілі болып бар елге,

Байлығы болған Қызылорда.

 

Қызылордам күн сайын,

Көріктеніп келеді...

Жасауға кәсіп кім дайын,

Ерік беріп келеді...

Зәулім үйлер жыл сайын,

Бой көтеріп келеді...

Көшелері күн сайын,

Көрікке еніп келеді...

Көшелері керемет,

Көбеюде даңғылдар...

Қонаққа келсең көре кет,

Көрікті көп даңғыл бар.

Біздің шаһар осындай!

Қазыбек   ӘШІРБЕКҰЛЫ