Мен әлi қызбын | Print |
27.12.2018 10:33

Бір күні табиғи шырша мен жасанды шырша кездесіп қалды.

– Привет, таудың жабайы Шыршагүлі! Есінеп отырсың ба, ентігіп отырсың ба, қаба­ғың түсіп кетіпті ғой? - деп сұрады жасанды шырша мың бұралып.

– Сәлеметсіз бе? Сізді та­ны­мадым?

– Жасанды шыршамын ғой. Қолдан ұрықтандырыл­ған, ой, кешіріңіз, қолдан жа­сал­ған. Атым – Елкабике. Өзің неғып жатырсың, түбіңнен шабылып?

– Өлетін шығармын... Біз­дің қорықтың бастығы бір мектеп­ке мені сыйға тартыпты. Қазір әкетеді.

– Е, сендердің күндерің әлдеқашан біткен. «Модыдан» қалғансыңдар. Қазір Қазақстан бізге қарайды. Жаңа жылдары бізсіз өтпейді... Бір жағы сендерді кесіп, мерекелік шырша етпегендері де жақсы. Ертеңіне-ақ қайтыс болып кетесің­дер. «Просто», обал сендерге, жаным ашиды... Ал, біз деген... Біз, ойхой шіркін, мәңгі өлмейміз! Өйткені, жасан­дымыз! Біз мықтымыз! - деген жасанды шырша ойыншықтарын сылдырлатып, диотт­ы шамдарын жағып, табиға­ттағы  құрбысына  қасын кере  қарады.

– Сендер мақтаншақсыңдар! Адамдар да мақтаншақ! Мақтаншақ шенеуніктер жыл сайын ысырапшылдыққа жол береді.

– Сен абайлап сөйле! Адамдардың  қызығын  көре алмайсың  ба? Ал, онда тұрған не бар? Шенеуніктер өз қалтасынан төлеп жатқан жоқ, қазынаның қаражатына шырша сатып алады. Соны да сөз етіп... Көре алмай  тұрсың  ғой, ә?

– Кешір, Елкабике... Биыл Алматы әкімдігі елден ерекшеленеміз, бәрі бізге тамсанып, сілекейлері ағатын болады деп, жалпы  құны  жетпіс миллионнан  асатын шырша сатып алды. Шымкент қаласы әкімдігі айдалаға асыққандай, дәл тәуелсіздік күні шырша орнатып жатты. Сонда деймін-ау, тәуелсіздікті сыйламағаны, шашылып жатқан арсыздықты, пысықайлықты өздеріне жинамағаны ма? Ал, қайран қазақ контейнерлерде тұрып жатыр, балалары күрк-күрк жөтеліп... Құдай оларды «ұрып» жатыр! Халық шыршалардың тым жасанды болып кеткенін  айтып  отыр. Әңгімелеріне  құлақ  салсам, ескі болса­ да, бұрынғы  шыршамыз «табиғи әрі әсерлі көрінетін еді» дейді...

– О, албасты! Қара мұны! Сен өзің бәлеқор қатын екен­сің  ғой?

– Кешіріңіз, мен әлі қызбын... Күйеуге енді шыққалы тұрғанымда, қырқып әкетті...

Мұхтар   ШЕРІМ