ЕЛ ӘҢГІМЕЛЕРІ | Print |
10.01.2019 10:53

Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

ЕСТЕЛІК

Май зауытынан зейнетке шыққан коммунист әйел дастарқан басында аузы тыным таппай қара сөзді қымыз сапырғандай сапырып отыр. Алдындағы жүйкежер ақтан жүз грамды тағы бір қағып салып, естелігін одан әрі еңкілдетт­і. Содан жадымызға тұтып қалғанымыз:

– ...Я, содан аман-есен пенсиямыз­ға шығып алдық қой, енді несін жасырамыз. Кімнен қорқамыз. Әлгінде айтқанымдай, майынан айырғанда сүт дегені­ң көкпеңбек көк сүтке айналады. Оны бүлк еткізіп бір қайнатып аламыз. Сосын бір фляг көк сүтті тұрып қалған екі фляг шұбатқа араластырып, сатуға шығарамыз.

Айтпақшы, әуелі екі фляг көк сүтке бір фляг қайнаған суды қосып базарға жібереміз. Ал әлгі балабақша, аурухана, мектеп, жұмысшы асханалары­ деген қоғамдық орындарға су араластырмай көк сүттің өзін береміз. Шұбат жақсы, көк сүтті жақсы қабылдайды. Қымыз ғой көк сүтті қабылдамайтын. Қымыз күзде қоюланады.

Сол кезде оның екі флягіне бір фляг қайнаған суды қосуға болады. Мен зауытта бастауыш партия  ұйымының  хатшысымын. Пар­тия нұсқауы – заң. Жоспарды үйіп-төгіп  береді. Оны таза сүтпен орындау мүмкін  емес. Сосын қайтеміз. Әлгін­дей қарекетке барамыз. Әне, содан кейін  жоспар  орындалмай  көрсін.

Ой, қызық-ай, талай рет атымыз шыққан, газетке мақтап та жазған... - деп, аһаһалап, сосын  хахахалап күлді. Сосын  тағы бір жүз грамды қағып салып,­ естелігін  жалғастыра  түсті.

 

«МАХАБАТТЫҢ»  КЕСІРІ

Қонақтан былқып шыққан теңселіп. Жұрт тастай батып, судай сіңіп шырт ұйқыда  жатқан  мезгіл. Кейде өлең төсегінен  безіп  кететін әдеті болатын. Есіне­ көңілі көлдей көңілдесі түсті. Жеті қараңғыда ентігін баса алмай теңселіп басып барса, бүгін бұның келмей­тін түні болғасын дорба ауыз төбетті қазығынан босатып қоя берген екен. Шарбақтың ішінде ойқастап жүр. Енді қайтпек керек. Бүгін болмаса кейін болар­ деп, кері қайтып кетуге болатын-ақ еді. Кеудені кеулеген желік кері шегіндірер емес. Тәуекел деп, ептеп басып, ептеп басып барып терезені қаға бергені, дәу төбет арыстанша атылып кеп, май құйрықты аударып түсті.

Содан бері хирургияда жатыр..­.

 

ШІРЕНДЕР

– Құдайға неден жазға­нымызды қайдам, біздің ауылға бірі келіп, бірі кететін сан-сапалық өкілдер шетінен шіреніп келетін. Солардан жұғысты болған шығар, осы күні басшымыздан бастап белсенді қосшыларымызға дейін бізбен шіреніп сөйлесетінді шығарды. Жұрт та қызық, «шірендерің қалай» деп  қалжыңдайтын  болды.

– Шірендер шіренген заман­ ғой. Өйтіп сендерге күлетін жағдайымыз жоқ. Біздің де өз шірендеріміз өзімізге жетеді. Солардың сапын­да ел аузына ерекше іліккен үш шіреніміз бар. Ауыл олардың біріне «аттылы шірен» деп, екіншісіне «папкалы шірен» деп, үшіншісіне «жаяу шірен» деп ат қойды. Аттылысы – күріш бригадирі, папкалысы – ауыл кеңестің төрағасы, жаяуы – ауылға моторын тырқылдатып электр жарығын беретін электрик. Бригадир атқа мініп, төраға папка ұстап жүрсе, техник жаяу жүріп-ақ шіреніп қалады, үсті-басы май-май бол­ған түріне қарамай. Бірінен-бірі өткен шірен. Құдайым оларға осындай «дәулет» берген. Күнің түсіп бара қалғанда, шіренген порымдарын атың не, атан да тарта алмай салмақсып  қалады, байғұстар.

Шірендер дегені не деге­ні, бюрократтар  дегені ме?

 

ЛЕЗДЕМЕ

Газеттің кезекті жаңа нөмірі жарық көрді. Күнделікті бітпейтін де қоймайтын жазудан саусақтары сүйелдегендер жаңа нөмірдің қандай жаңалығымен жарық көргенін талқылау үшін редактордың кабинетіне жиналды. Әлбетте, көп сөзді «тың сөзбен» қорыту – редактор тарапынан. Ол кісінің бұл жолы да дағдылы әуенімен: «Өткен аптаның нөмірлері жаман шықпаған сияқты. Тәуір-тәуір материалдар жарық көрген сияқты. Суреттері анық басылған сияқты­. Сызықтары түзу түскен сияқты­. Жаңа  сіздер  айтқан замечаниелерге мен де қосыламын. Әлгінде обкомнан Әбекең звондады. ЧП болған жоқ па деді. Мен ЧП болған жоқ дедім. Әбекең өте жақсы, молодцы деп жатыр...» деп әрең  басылды.

Бұрыннан белгілі, қаламы қарым­дылар редактордың сөз саптасы мен өресіне іштерінен күліп отырады. Редак­тор сөйлеп тұрғанда, соғысты көріп қаны қарайған шатақ шал: «Лапыл­дат қасқа, лапылдат! Сені бізге редактор ғып жіберген қандай тас маң­дай­ екен» дейді кіжініп. Ішінен айтады­. Ал жас тілші жігіт: «Обкомнан Әбекең өте жақсы десе, біз «өте жақсы», молодцы десе, біз «молодцы» болады екенбіз ғой» дейді күрсініп. Бұл да ішінен айтады.­

 

МИТИНГ

Кезекті митинг те тәуелсіздік эйфориясымен өтіп жатты. Айқайға басып алқынғандардың соңына таман сұранып сөз алған бір Адам: «Ленин – біздің бабамыз, саясы оның – панамыз» деп мәз болып жүрсек, ол құзырына қараған халықтарды тырп еткізбей билеп-төстейтін қоғам құрып беріп кеткен екен ғой. Көрдіңдер ме, не істегенін. Оның ақыры: біз күні кешеге дейін интер­национализмнің құлақкесті құлы болып келген едік, енді бұрын көз көріп, құлақ есітпеген демократия деген­нің жандайшабы болуға құшағымызды айқар­а ашып, қол қусырып жатыр­мыз. Көрдіңдер ме, пендені заман­ қалай-қа­лай  билейтінін, заман­ға жаман қалай-қалай күйлейтінін?! Енді ертеңі­міз қа­лай болады? Біз тәуел­сіздігімізді алдық деп  қалпағымызды аспанға атып, алақайлап  жатқанымызда, баяғы төрелерден  көз  болып қалған  тағы бір төрені төбемізге көтеріп, оны да одан әрі тай­раң­датып алмаймыз ба көзін ойнақ­шытып!»  деді де, мінберден  түсіп кетті.

Ол артына қайырылып қарамай кете барды.

Жиналғандар  аспанды жаңғырық­тыра  шулап  қалды.

Көп ұзамай бұрынғы «төрелер» биліктің төріне қайта оралды. Содан көп ұзамай болды бір қызық. Бір­түрлі қызықтар. Кімді көрсең де заманы­на күйлеп  жүрген  біреу. Қайтсін  енді...

 

ҚҰДАЛАР

Дүрілдеген той. Құда-құдағилар кезегім­ен тілек айтып, ән салып, би билеп,­ той көрігін қыздыруда. Осы бүгін қызын ұзататын, келін түсіретін екі жақтың  әзіл әңгімелері мен қитұр­қы  қалжыңдары  бек  жарасқан. Ду-ду, гу-гу, ың-жың, сыңқылдаған  күлкі, ыңқыл­даған музыка. Не керек, бір шабытты­  шақ.

Бір толаста қызды-қыздымен ішкі­лікті басыңқырап жіберген бе, қыз беретін­ жақтың бір адамы қыз алуға келгендер­ге  шүйлігіп:

– Иван  құда, сен  бас құдасың  ғой, ә? - деді  ежірейіп.

– Я, мен бас құда болып келдім, - деді Иван да марқайып.

– Рас,  бас құда болып келген екен­сің, ендеше мен көкейімдегіні саған айтайын.­

– Айт, айт. Құлағым сенде.

– Айтсам, Иван құда, сен бізге не үйретпедің. Бәрін үйреттің ғой. Сен ә дегенде күле сөйлеп, күңіреніп келіп, қамал тұрғызып, түрме салуды  үйрет­тің-ау!  Сосын темекі шегуді, арақ ішуді үйреттің. Есігін бекітіп көрмеген хал­қыма­ құлып салуды үйреттің. Төмен етекті перизат сұқсұрларымызға көптің көзінен именбей ашық-шашық жүруді үйреттің. Оның аяғы қатындарымызды ерінің бетінен алып бетбақтырмайтын көргенсіздікке үйреттің. Ойбай-ау, Иван құда-ау, сенің бізге үйретпеген нең қалды, бәрін үйреттің ғой... - деп еңіреп қоя берді.

Содан қызын ұзатқалы қопаңдап отырғандар:

– Өй, қой, мынадай ақ түйенің қарын­ы жарылған қуаныш үстінде қайдағы­ны  шығарып  жылағаны несі?! - деп шу ете қалды, абыр-жабыр­ болып.

– Жыламай қайтейін, ішім күйіп барады ғой. Енді мынау ғой, қызылымызға  қол  салып  отырғаны...

– Тек, қайдағы жоқты айтпа. Елден ұятты. Біз де олардың қызылына қол салып, қойнын ашқанбыз талай...

– Әй, сен бері қара, – деді бас құда. – Айтуың орынды. Рас, рас, біз бәрін үйреттік сендерге. Жақсымызды да, жаманымызды да. Бірақ сол жаман жағымы­зды қабылдамауға еріктерің жетпеген өздеріңнен көрмесеңдер, кімнен көресіңдер? Иә, рас, ол аз десең, біз тарихты да теріс жаздық, тілді де шұбарладық, тұнықты лайладық. Еуропа жұртына табынып еліктейміз деп аман дүниенің бәрін бүлдірдік. Оны мойындаймыз. Сөйтіп, сөйтіп жүріп мәңгілік дос болдық. Кел, бәрін қойып, достығымыз үшін алып қояйық, - деп Иван  құда  орнынан  көтеріле  берді.

– Дұрыс! Құда жақсы айтты. Бәрі өзімізден, өзгенің қаңсығын таңсық көріп қабылдай берген, - деп жабыр­ласқан көпшілік бас құдамен шөлмек соғыстыруға  өре  түрегелді.

 

СӨЗІ  НЕ,  ӨЗІ  НЕ...

Ішкіліктен аты шыққан «белгілі бекбике» Бекбай бірде қатты мас болып, есігі ашық қалған балконнан төмен қарай құлап кеткен. Шамасы балконның есігін, сыртқа шығатын есік деп ойлаған-ау. Өмірде не болмаған, күтпеген оқи­ғалардың небір сойқаны болып тұрады ғой. Содан Бекбай дос құлап бара жатып:­ «Осыдан аман қалсам, арақты өліп кетсем де аузыма алмаспын-ау» деп айқайлапты. Онысын жерде жүрген көршісі есіткен көрінеді дейді айтушылар. Әлде, Бекбайға теліп айта беретін көп әзіл-оспақт­арының  бірі ме, кім білсін.

Содан құдай оңдап абырой болғанда, Бекбай топырағы борпылдақ жерге «қалықтап қонғандықтан» аман қа­лыпты. Жарақат  алып «травматология бөлімінде»  құтсыз  «қонақ»  болып жатқан­ Бекбайға артынан Қорасанға қой айтып анасы, ас-суын дайындап келінш­егі барған. Бүкіл денесі ауырып, қоз­ғала алмай жатқан Бекбай дос, «ұялған­  тек  тұрмас» дегендей:

– Ит болдым-ау, апа... - деп, тағы бірдеңелерді айтып сандырақтапты. Сонда шешесі байғұс:

– Сенің ит болғаның қашан. Осы арақтың кесірінен қашып боғыңа жығыл­ғанда-ақ ит болғансың. Енді тек шошқа болып көшеде қорсылдап жатуың­ ғана қалды, - дейді азарланып.

Сол жолы Бекең анасы мен  алға­нына «енді ішпеймін, енді ішсем бүгін таңнан шықпайын» деп, ант-су ішіп уәде  беріп қалыпты. Бірақ...

Пенденің аты – пенде, бұ шіркіндер туасы әрқилы ғой. Уәдесінде тұратындар бар, тұрмайтындар бар. Шетелдік бір қаламгердің жазғанындай, «Алланың айуандары» болып жаралған бейбақтар емес пе? Біздің Бекең де берген уәдесінде тұра алмады. Шыдамай ішіп кетті. Келіншегі:

– Неге ішесің? Енді ішсем, өліп кетейін деп берген уәдең қайда? - деп зар қақты. Ал Бекең беті шімірікпестен:

– Сен де айтады екенсің. Мас адам не демейді, - деп мығымсып отыр. Кеу­десі­н ыза кернеген келіншегі:

– Мама, мынаның не дегенін есіт­тіңіз  бе? Өзінің  кескініне  қараңызшы... - деп солқылдап жылап қоя берді.

– Не? Кескінімнің несі бар екен? -   деді Бекбай түйлігіп.

– Сабынға салған сүйектей қан-сөлің жоқ, сүмірейіп отырсың.

– Қойыңдаршы осы.

– Не қойыңдаршы? Түнімен арақты ішіп, ішіп, енді өлуге қолың тимей отырғаның өтірік пе? - деп келіншегі тағы жылады. Енесі:

– Құлдығым, бұл итке бола көз жасың­ды шығын қылма. Соры қайнаған сорлының сөзі не, өзі не? Бұл итке ере­гісемін деп бүлінбе. Өзіңе өзің берік бол. Абыройыңды ойла! - деді қатуланып.

­(Жалғасы бар.)