АЖАЛДАН ҚАШҚАН АДАМ | Print |
10.01.2019 11:03

Картасын қайта-қайта сапырып, шилап­ отырған балшы карталарды үш-үштен қатарлап жазып жіберіп шошып кетті. Бал оған тура қарсы алдында біреу­дің тұрғанын айтады. Ал, алдында карта жазған шағын үстелден басқа дәнеңе жоқ. Асығыс картаны жимақ болып еді:

– Тоқта, ол маған түсіп тұр,- деген дауысты естіді. Алақтап жан-жағына қарап еді, ешкім көрінбейді.

– Сенің балыңа қашан түсемін деп күткеніме аттай он жыл болды, - дейді дауыс. Бұның да бал сала бастағанына он  жыл  болған  еді.

– Не керек?- деді жүрегін сәл тоқтат­қан ол.

– Не түссе соны айт!

– Іздеуде жүрсің, тағдыр сызығың отыз жылдың алдында біткен, жаналғыш­тар іздеп жүр. Бірақ, өз еркіңмен ұстатпайсың. Елеске айналып алғансың.

Ол картаның айтқанын айтты. Дауыс үнсіз. Дардай уақыт өтті. Үнсіздікті балшы­  бұзды.

– Не болғанын айтасың ба?

– Жарайды айтайын. Оу! Адаммен сөйлеспегелі қашан… Мен осы қалада туып-өстім. Бір атадан жалғыз едім. Енді ес кіріп, етек-жеңімді жия бастағанда әке-шешем бірдей өмірден қайтты. Әкем өлерінде: «Балам, біз жеті атамыздан бері жалқы ұрпақпыз, тез үйлен, ұрпақ үзілмесін, асық…» - деді. Әке-шешемді жер қойнына тапсырдым. Қырқы өткен соң әке өсиетін орындамақ болып, көрші тұратын бір жетім қызға сөз салдым. Обалы не, «мақұл» деді. Артық әурелей­тін екеумізде де туыс-туған жоқ. Үйленетін уақытты белгіледік те, дос-жарандарымызды шақырдық. Аста-төк бол­маса да шағын үстел жайып, той рәсіміне отырғанбыз. Арнайы шақырған молда неке суымызды ішкізе бергенде есіктен­ алып-ұшып марқұм әкем кіріп келді. «Қаш! Жылдам, жаналғыш келе жатыр­. Денеңді тастап қаш… сонда  құтыласың. Ескі диірмен­нің алдында отыратын балшыны аңды, соның балына түскен күні үйіңе орал, сонда  ұрпақ жалғайсың…», - деді. Әкем­нің  сөзінің  аяғын күтуге шамам келме­ді, орнымнан атып тұрып едім, денем сылқ етіп қалыңдығымның алдына құлады. Ол содан бері ауруханада ессіз жатыр. Бейшара әйелім әлі күнге дейін мені күтіп денемнің басында отыр. Денесі­не келер деп жаналғыш та сол жерден шықпайды. Бал салшы, денеме қалай  жетем?

Балшы картасын әдеттегі­ден әлдеқайда ұзақ сапырып, үстелдің үстіне қатарлап тізе бастады.

– Таң қараңғысында ғана жаналғыш сәл қалғиды. Тек сонда ғана сыртын айна­лып өте аласың. Егер денеңе жетсең,­ тоқсанға жеткенде өз қалауыңмен жанал­ғышқа барасың. Бал соны айтты.

– Денеме жетсем, міндетті түрде келем­!  Көрісуге жазсын!

– Көрісуге жазсын.

Балшы үйіне қайтпады. Картасын сапырды да отырды. Кеш батып, таң атты. Күн жерге алтын нұрын шаша бере картасын қайта жайған балшы өзіне қарай тағы бірдеңенің келе жатқанын білді. «Бейшара, жете алмаған болды ғой» деп ой­лады. Көп өтпей:

– Мен жаналғышпын,- дегенді естіп құлап қала жаздады.

– Қорықпа, сенің жаныңды алуға келгем­ жоқ. Бал салып бер, қашқын іздеп  жүрмін,- деді.

Балшы картасын ұзақ сапырып отырды...

Қ.МҮБАРАК