ЖАЛЫНМЕН АЛЫСҚАН АЙБОЗ ҰЛ | Print |
10.01.2019 11:08

Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекет басшысы жерлесіміз Ермекбек Пазлиевті ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградтады. Батыр ұл Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі Қызылорда қаласы  №2 мамандандырылған  өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі  болып  жұмыс  істейді. Қызыл жалынға қарсы күресіп, адам  өміріне  араша  түскен  айбоз  ұлмен  кездесіп, әңгіме  өрбіттік.

– Ереке, ел ішінде сіздің ерлігіңіз аңыз боп айтылып жатыр. Жалпы, Абай даңғыл­ы №41 үй, №28 пәтердегі өрт оқиғасы, онда болған мән-жайлар мен алғашқы іс-әрекеттеріңізді баян­да­саңыз...

– Ерлік деп айтуға келмес, әрине. Бұл біз үшін күнделікті жұмыс ғой. Өткен жылы сәуір айының 24-і күні әдеттегідей кезекшілікте тұрған кезде «Абай даңғылы №41 үй, №28 пәтерде өрт болып жатыр. Пәтер ішінде кішкентай бала бар» деп хабарлама түсті. Дереу автосаты және өрт сөндіру көлігімен аталған мекенжайға бардық. Негізі, мен бөлімше командирі бол­ған соң сондағы өрт сөндіруші жігіттердің өміріне жауаптымын және қызыл жалын­ның ошағына өзім бастап кіруім қажет. «Ұрыста тұрыс жоқ». Қасыма екі жігітті алып, көпқабатты үйдің екінші қабатына көтерілдік. Подъезде полиция қызметкері мен бір кісі жүр. Олар «пәтерде адам бар» деп, бізге түскен хабарламаны одан әрі нақтылағандай. Ойланып тұратын уақыт қайда? Аппаратты қосып, пәтерге асхананың терезесі арқылы ішке кірдік. Бір бөлмелі пәтер екен. Көк түтін. Дым көрінбейді. Жарық шамын (фонар) жағып, жан-жақтың бәрін қарап жатырмыз. Жатын бөлмеде біреудің ыңырсыған дауысы естілді. Қою қара түтін жан-жаққа мойын бұруға мүмкіндік берер емес. Оның үстіне үйдегі ауа тарылып барады... Әлгі ыңырсыған адамның дауысы бөлменің қай бұрышынан шығып жатқаны  белгісіз. Адамның жаны тәтті ғой. Әлгі кісі қорыққаннан бұрыштағы үстелдің астына кіріп кетіпті. Жаны қысылған адам не істемейді десеңші? Жалпы, өрт жоғарыдан төменге қарай басады. Әйел адамның көретін жарығы бар екен. Қасымдағы жігіттермен асхананың терезесінен алып шықтық. Сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлердің қолына тапсырдық. Зардап шеккен азаматшаның жамбасын, арқа бөлігін 2-3-ші дәрежелі күйік шалған. Хабарламада «бала бар» деген соң барлау жұмыстарына қайта кірістік. Сөйтсек, бала жоқ. Тек әйел адамның өзі болыпты.

– Қызыл жалын қалай бас­та­лыпты?

– Өрттің неден өршігенінен хабарым жоқ. Бізде зертхана жұмыс істейді. Өрттің себеп-салдарымен солар айналысады. Біздің басты міндетіміз – оқиға орнына барып, адам болса, оларды жалын ішінен аман-есен алып шығу. Мемлекеттің құнды заттары мен адамға қауіп келетін тұрмыстық заттарды (газ баллон, т.б.) залал­сыздандыру.

– Өрт сөндіру қызметіндегі еңбек өтіліңіз 10  жылдан  асыпты. Есіңізде қалған­ ең  қиын  сәттердің  біріне тоқталыңызшы... Біз  үшін  қызық...

– Қателеспесем, 2007 жылы. Қызметке жаңадан қабылданған кезім. Бөлім­шеге қаладағы «Шұғыла» мөлтек ауданынан шақырту түсті. Көпқабатты үйдің 1-қабатынан 4-қабатына дейін тоқ есептегіш құралдардан ақау шығып, ол өртке ұласқан. Тоқ  дегеніңіз  жарқ-жұрқ етеді. Бірінен соң бірі жанып, подъезді түтін басып жатты. Қырсыққанда, энергетиктер келіп болмады. Ал, уақыт зымырап, подъезді қою қара түтін басып, еркін қимылдауға қиындық келтіруде. Біздің алдымыздағы тәжірибелі өрт сөндірушілер бағыт-бағдар беріп тұрды. Амал жоқ, 5 қабатты үйдің тұрғындарын подъез арқылы сыртқа алып шықтық. Артық бір қадам жасасаңыз, бітті, тоққа түсе­сің! Жоқсың! Міне, осы оқиға әлі есімнен кетпейді.

Шыны керек, күнделікті кезекшілікке тұрғанда алдыңнан не күтіп тұрғаны белгісіз. Қызметіміз қауіп-қатерге толы. Бірақ, бұл жұмыс – нағыз ер-азаматқа тән. Мәселен, өрт сөн­дірушілердің құрал-жабдықтары мен киімдерінің салмағы 20 келіден асып жығыла­ды. Оның үстіне жұмыс бары­сында су тиеді. Киімің одан сайын  ауырлайды. Ал, мұны бүгінгі таңда анау-мынау­ жігітіңіз көтеріп жүре алмайтыны шындық.

– Жоғарыда «кезекшілікте тұрғанда алдыңнан не күтіп тұрғаны белгісіз» деп атап өттіңіз. Десе де, өрт сөндіруші де – адам. Адам болған соң қорқыныш, үрей деген  сезімдер қатар жүреді. Әрбір шақыртуға  шыққанда ең бірінші кезекте іштей не ойлап  барасыз?

– Әрине, іштей толқыныс болатыны рас. Себебі, қызыл жалынның ортасында­ қандай жағдай орын алатынын білмей­сің. Бірақ, үздіксіз оқу-жаттығу жиын­дары  мұндай сәтте өз нәтижесін береді. Айталық, қоңырау түскен сәттен бастап бір минутқа жетпей мекемеден шығып кетеміз. Бүгінгі күні өрт сөндірушілерге түске дейін теориялық, түстен кейін практикалық оқу сабақтары күнделікті жүргізіліп  отырады. Қаладағы «Шанхай» ықшам ауданындағы №11 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде «Өрт жолағы»­ оқу-жаттығу жиынын өткізетін жер бар. Сонымен қатар №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде де арнай­ы сабақ жүргізілетін ғимарат бар. Аппаратқа қосылып, түтіннің арасына кіріп, жаттығу өтеді. Тіпті, неше түрлі жарық­тар, неше түрлі дыбыстар шығады. Мұның барлығы өрт сөндірушінің іштей үрейін жеңуге әсер ететіні сөзсіз. Жаңадан қабылданған  жастар 3 ай сынақ мерзімінде  болады. Жастар казармада оқып, тәжірибесін  толықтырады.

– Шыны керек, Елбасымен кездесу, оның қолынан ІІІ дәрежелі «Айбын» орде­нін алу – екінің біріне, егіздің сыңарына бұйыра бермейтін бақ. Осы кездесуден алған­  әсеріңізбен  бөлісіңізші...

– Бұл марапатқа облыстық өртке қарсы қызмет саласының кадр бөлімі мен басшылық құрам комитетке, сосын олар президент әкімшілігіне жолдаған. Еліміз бойынша 38 адам ұсынылыпты. Елбасымен кездесуде бірқатар лауазымды кісілер мен мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған  тұлғалар  шақырылған.

Бұл кездесуден алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Жалпы, «Мемлекет басшысымен кездесуге барасың» дегеннен-ақ, іштей толқу болады. Бұл, бақыт­ ғой, әрине! Мені осы марапатқа ұсынған басшылық құрамға алғысымды айтамын. Марапат – менің емес, әріптестерімнің еңбегінің жемісі.

– Мемлекет басшысы қолыңызды алып, ІІІ  дәрежелі «Айбын» орденін  кеудең­ізге  тақты.  Өзіңізге  не  айтты?

– Атқарып жатқан қызметімізге, еңбегімізге рақметін және алдағы уақытта кез келген жайтқа әрқашан дайын жүру  керектігін  тапсырды.

– Жасыратыны жоқ, сіздер өліммен бетпе-бет келесіздер. Бұған батылдық, қайсарлық, мінез қажет. Дегенмен, жауап­кершілігі жоғары қызметте жүрген өрт сөндірушілердің бүгінгі таңда әлеуметтік  жағдайы  қалай?

– Иә, қызметіміз қауырт. Етіміз үйренді. Әлеуметтік жағдайға келсек, бұған мен нақты жауап бере алмаймын. Жалақы жағына әріптестерімнің әркім өздері жауап бергені дұрыс шығар.­  Дей тұрғанмен, қиындығы мол сала болған соң әлеуметтік жағына (баспана мәселесі) аз-кем көңіл бөлін­се, жалақысын жоғарылату қажет деп ойлаймын. Неге? Өйткені, бұл қызметке анау-мынау адам алына бермейді. Шымыр да, шыдамды жігіттер келеді. Қызыл жалынның ортасына баруға­  екінің бірінің дәті жетпейтіні рас. Тіпті, өрт сөндірушілердің өздері де жарақат алып жатады. Сондықтан әріптестеріміздің жалақысын көтеру керек деп ойлаймын.

– Өрт сөндірушілерге көрсетіліп жатқа­н  құрмет  қандай?

– ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені Қызылорда облысы тарихында маған тұңғыш рет бұйырып тұр. Бірақ, біздің алдымызда да қаншама аға буын еңбек етті. Олар да батылдық танытты. Адам өмірін құтқарды, ерлік істер жасады. Мемлекеттің меншігіндегі заттарды құтқарып жатыр. Өрт сөндірушілердің еңбек ескерілсе, елге кеңінен насихатталса деймін...

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ