1 сәуір – Күлкі күні | Print |
28.03.2019 10:20

“Ойпырмайдың” бүгінгі қонағы – Қазыбек Әшірбекұлы. Мінезі ақжарқын арқыраған, кеудесі жұлдызға жарқыраған, он саусағынан сатира тамған Қазекеңді білмейтін жан жоқ бүгінде. Жемқорлар мен парақорлардан бастап жалқаулар мен тоғышарларға дейін жазбай таниды. Себебі оның басты кейіпкері – солар. Ал бүгін көңілі қаламағандарды тұмсығы ащы арадай «шағатын» Қазекең Күлкі күнінде күшіне мініп, бір күнгі өтірік өмірді алға тартады, Доңыз жылына болжам жасап, жаңа заманды мақалмен түйреп, байлығымыз бен базар бағасына базына айтады. Ендеше, белсенді автордың бірқатар «шимай-шатпағына» куә болыңыз, оқырман.

 

1 сәуір не күн?

1 сәуір күнтізбеде қызыл емес, қызыл болмаған соң қызық емес. Біреулер бұл күнді күлкі күні десе, біреулер түлкі күні дей ме? Енді біреулер алдау-арбау күні, алдағанға алданып қалмау күні деседі. Ал, біреулер әзіл-әжуа күні, дұрыс түсінген жөн бұны деп жүр.

Иә, әзілдің де әзілі бар, әр әзілдің мәзірі бар. Жағымды әзіл көңілді жадыратады, жағымсызы араны ажыратады. Сонымен, мерекенің санында, мерекелік шараның қамында жоқ бұл қай күн? Күлкі күні дей салуды білеміз. Бірақ, неге жетісіп күлеміз?! Десек те, Құдай күлкі мен қуаныштан айырмасыншы!

 

Бір  күнгі

өтірік  өмір

 

- Ха-ха-ха...

- Әй, неге күлесің?

- Ой, сен не білесің?!

Бүгінгі дәуірде,

Бірінші сәуірде,

Барлық жерде,

Біздің елде,

Жейтін жем де,

Алатын ем де,

Ақысыз болады екен.

Қымбатшылық жойылып,

Бүкіл халық тойынып,

Ахуалымыз оңады екен.

Сусыз-ақ шілдеде,

Суармай-ақ іргеде,

Бітік егін болады екен.

Оқушы балдарға,

Кемпір-шалдарға,

Қоғамдық көлікпен жүру тегін

болады екен.

Үйсіздер үйлі болады,

Күйсіздер күйлі болады.

Бай мен кедей тең болады,

Кедей-кепшік кем болады.

Қысқасы, доңыз жылы ауыр

болмайды,

1 сәуір болмай, тәуір болмайды.

- Мынау жақсылықтың бәрі,

Жалғасын таба ма ары?

- Бір күн тақияңа тар боп тұр ма?

 

Қызылорданың  қалжыңбасы

 

Білгірдің  болжамы

Доңыз жылы думан көп болады,

Жаңа пәтерін «жуған» көп болады.

Қаржы соңынан қуған көп болады,

Екіден, сегізден туған көп болады.

 

Сазан  балықтың  сыры

Тілім менен тісім жоқ,

Судағы сазан балықпын.

Басқамен еш ісім жоқ,

Бәріне бірақ қанықпын.

 

Түлкінің  тірлігі

Аюды апа етіп,

Маймылды жезде етіп,

Түлкі ісін тындырды,

Тым ерте тездетіп.

 

Бұлбұл   мен  дүлдүл

Билік – бұлбұл,

Баға – дүлдүл...

Болсын биыл,

Жайлы жыл бұл!

 

Баға  мен  бажа

Қымбат баға – мың жылдық,

Құрдас бажа – жүз жылдық.

 

Жаңа  заманның жап-жаңа  мақалдары

Түрлі темір тұлпарды,

Жарыстырма арбамен.

Бұлбұл мен сұлу сұңқарды,

Салыстырма қарғамен.

***

Аққу менен шағала,

Бір болғанмен түстері.

Байыппен қарап бағала,

Әртүрлі ғой істері.

***

Ара менен құмырсқа,

Кірісер қызу құрылысқа...

Тура осылай болсайшы,

Тым жалқаулар тұрмыста.

***

Асықпай шыдап балықшы,

Отырса бір қалыпты.

Балық қапса білдірер,

Қармақтағы қалытқы.

***

Қап көрсе емес ұстамды,

Қақпайлау қиын тышқанды.

Мысықты сап қой соңына,

Ұстағың келсе мыстанды.

 

Тышқанның  айласы

Жасамай іс жарасты,

Тышқан таққа таласты.

Жету үшін жеңіске,

Мысықпен ауыз жаласты.

 

Баспана  жайлы  бәйіт

Құрысын, қымбат  тұрғын үй,

«20 жылдық» – қырғын үй.

Көзден бір-бір ұштың-ау,

Коммуналдық құрғыр үй.

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ