«Бәйбіше» | Print |
28.03.2019 10:30

Таңқыш осы әдетінен бір арылмады. Сезгіштік қасиеті оны түрлі болжамдар айтуға итермелейді. Бұл жолы да солай. Азаннан бері ауық-ауық тыпыршып, қоңқиған мұрны құрғыр мазасын алуды қояр емес. Әдетте оның мұрны бір нәрсені сезсе, мұрнын уқалап, сүртіп, тынышсыз күйге түседі. Жылы орнын суытқысы кел­меген ол кемпірін шақырып:

- Үйде беторамал бар ма өзі?!  Мына  табанымнан  өткен суық  мұрнымнан шығып жатыр. Кө­лемді орамал болса, әкеліп  берші.

- Осы сенің танауың-ақ! - деп тоң­қылдап жүріп сутартқыш бір орамалды ал­ды­на әкеліп тастады.

- Бәрекелді!

- Тағы не боп қалды? Сенің «құбырыңнан» жайдан-жай су кетпейтін еді ғой! Тағы нені сезіп отырсың?

- Бір ескіліктің иісі келіп тұр.

- Сен-ақ әйтеуір... Ескі дейтін не бар? Үйдегі ескі-құсқы заттардың барлығын сайлау­алды дайындық деп өртеп жіберген өзің емес пе!?

- Т-ә-ә-ә-к! Онда біздің елде ескі дейтін не бар?

- Ескінің көзі дейтін бізде қазір Ұлы Отан соғысы арда­герлері мен үлкен үйдегі кісі ғана  бар.

- Соғыс ардагерлерін сез­дірмей тастағаныма 20 жылдай болды. Бәрібір оларға қатысты сыбыс шықпайды. Шамасы төр жақтан бір сыбыс жетеді-ау деймін?!

- Осы әңгімеңді мұрның қышыған сайын айтасың. Ендігі танауыңның түбінен түсіп қалатын уақыты болды, - деді кемпірі.

Тоңқылдап барып орнына жайғасып, таңнан бері көз демал­тпай оқып отырған кітабының келесі бетін аша бергені сол еді, теледидардың көкпеңбек фонын­ан «ертегінің бас­ты кейіпке­рі» сөйлегелі жатқанын көріп, шалына жетіп барды.

- Әй, Таңқыш! Ұйықтап қалғансың ба? Тұр! Тұр деймін саған! Селк етіп оянып, орнынан атып тұрды.

- Не боп қалды сонша?

- Не болғаны несі? Сенің мұрныңның қышуы қанады не болмаса мүлде қышымайтын болады.­

- Тағы не ойлап таптың?

- Ештеңе де ойлап тапқаным жоқ. Патша  «бәйбішесін» тастап, кетіп  барады  екен. Жаңа ғана  өзі  айтты.

- Мүмкін емес! «Бәйбішені» Түгенбай алады екен, - деді шалы.

- Кім алса да мейлі, маған сенің мұрның қышымай, су аққанын қойғаны да болады, - деп кемпірі қайтадан кітабын парақтай  бастады.

Таңқыштың уайымы үдей түсті. Мына жаңалық оған оңайға тиген жоқ. Бір жағынан өзінің мұрнына да өкпелі. Кейде сезбейтін нәрселерді сезіп, бұның мазасын кетіргенді ұнататын еді. Мұрнын үнемі сүртуінің өзі ол үшін көп сөйлеп, кемпірінің мазасын алғаннан кейінгі ермег­і-тұғын. Қарап отыр­майын деп, басына неше түрлі ойларды әкелді. «Төргі кабинеттегі» шахмат королінің «бәйбішесінің» келесі иесі кім болмақ? Жаңадан келген жомар­т адам екі аттап биге шығатын­дардан  жеңіліп  қалса ше? Алдағы күндері Сайлау­бек келіп, бір адамды таңдап кетемін деген. Ол қаншалықты әділ шешім қа­былдайды? Алдын орап кететіндер лезде табылып жатқа­н сияқты... Құдайым-ай, бәрінен бұрын шахматтың бір фигурасын біреуле­р ұрлап кетпесе екен шетелге. Олай болса, бүкіл елдің шулағаны менің құла­ғыма тиетін болады. Жаппай отап, шабудан қалған айналасындағы арамшөптер де көк­темнің иісін сезіп, бойлары қылаң беріп, қаптап өсіп келе жатыр. Солар көлеңкесін түсіріп тұрған саясат кейде көлбеу  кетіп, арнасынан асады. Оны жөнді түсінбейтін және қабылдай алмайтын ойыншы­лар да өз дегенін істеп, екі қолына екі «тұз» ұстап, шатыр­ға «секіріп» мінгенді қалайды. Бәрінен де бұрыннан ымыраласып келе жатқан серікте­стерді айтсаңшы... Бірақ оларға айтыпты-мыс, «үйден кетіп бара жатқандай жарықтың бәрін өшіріп, есікті құлыптаймын да перденің артын­ан пультпен басқары­латын  ойын  ойнап  отырамын» деп. Олай болса, тіпті жақсы. Ойынның тікелей көрермені әрі фанаты болып отырғанның өзі – таптырмайтын тірлік. Жә, осы мен несіне шыр-пыр болып­ отырмын? Менің ойым олардың ойын ойнау қабілеттерін  басқара алмайды бәрібір. Жердің астындағы заттардан желініп болған соң жердің үстіндегі «қазынамыздан» айырылып қалмайық деген ой ғой.

- Әй, кемпір, тағы бір орамал  әкел!

- Тағы не боп қалды?

- Маған бәрібір ескіліктің иісі сезіліп тұр...

 

НАЙЗАГҮЛ