МОНШАҚТАЙ ӘҢГІМЕЛЕР | Print |
28.03.2019 10:55

Төтен тексерістен көрініс

Келгендер қит еткен қимыл-қозғалыстың бәріне қағаз сұрап төпелеп жатыр. Біздікілер аяғына жығылып, табанын жамырай жалап, «көкелеп» жатыр.

Енді  қайттім?

Үндемеймін деп жүргенде, үнім шықпайтын боп қалыпты...

 

Жоқ. Жоқ

Төмендегілердің тілі жоқ. Жоғарыдағылардың миы жоқ.

 

Ақымақтық пен ақымақтар

Жасалып жатқан, қорда­ланған көп ақымақтықтарды тек қана ақымақтар ғана түсінбеуі мүмкін.

 

Шатпақ  тақпақ

Анау келіп-кетті. Мынау келіп-кетті. Көріп қалдық тек қана, құйрық пенен бетті...

 

Қолбала

Ұзақ-ұзақ жылдар бойы бірнеше жерде директор болса да, өзінің «икем-дарынын» ашып бір көрсете алмап еді. Зейнетке шыққан соң, бір мықтыға қолбала боп еді, өзін-өзі жан-жақты танытып, нақ орнын тауып, аяғы-аяғы­на жұқпай жүріп жатыр.

 

Білгірлер

Уақыттың сұмдық жүйрік, ұшқыр екенін сүр бойдақтар мен кәрі қыздар аса бір жақсы­ біледі.

 

Аңқитпа  жол

Балам білімді болса деп барын­ салып, анда да, мында да сүйрелеп апарып жүрген «білімге құштар» біреулердің үйінде бір кітап та жоқ таз күйін көргенде, кітапсыз білім алу деген жаңа бірдеңелер шықты ма деп, әлгілерге аңқиып қарайсың да қаласың...

 

«Орын»

Өмірден өз орнымды таптым деп жүргендердің бірсыпырасы біреулерге тиісті орындарда қомпиып отырған­дарын өздері де білмей жүреді...

 

Міншіл

Періштеден мін тапқан. Жұмырт­қадан жүн тапқан.

 

Жанашыр

Сыйларында тайқы төбесіне шығарып жай беріп сыйлайды, ал қинарында­ тас төбеңнен тоқпақтап-тоқпақтап ұрып, ай, келіп бір қинайды...

 

Тоқтама!

Өмірің тоқтағанша, еш нәрсені де тоқтатуға  асықпа!

 

Жан-жақты

Тасып тұрған күші жоқ, алайда ісіп-пісіп айналасындағыларды шапалақпен салып жіберетіндей өңмеңдеп жүреді. Екі адамның басын қосып бастама көтере­ алмайды, алайда көрінген жиналыстан қалмай қайраткер атанып жүр. Алып бара жатқан айтқыштығы жоқ, алайда «мен былай дедім, мен олай дедім» деп кеудесін сабалап отырады. Бойында биттей батылдығы жоқ, алайда­ маңындағыларды, жоғары-төмендегілерді айғай-сүреңмен, бақырып-шақырып, қорқытып, үркітіп, тырқырата, тырағай­лата қуғысы кеп отырады...

 

Кім  мықты?

«Мен мықтымын» деп мұғалім де айта алмайды. «Мен мықтымын» деп дәрігер де айта алмайды. Сызданған шенеуніктер де «мен мықтымын» деп көптің көзінше кеуделеп келіп айта алмай­ды... Ал кез келген ақын «Мен мықтымын» деп бір айтпай қалмайды. Кейде осының өзі мықтылық па деп қаламын.

 

Іздейміз

Әділдік іздейміз... Адалдық іздей­міз... Шындық іздейміз... Тазалық із­дейміз... Іздейтініміз өте көп. Ал тапқаны­мыз тым-тым аз... Саусақпен санарлық-ақ...

 

Әкімшіл

«Әкімдерің нашар екен» десең, жағаң­нан ала кететіндер көбейіпті. Ал «әкімдерің керемет» десең, құйрық­тары керсендей боп, танаулары желпілдеп, дариып, далиып қалатындар тіпті одан да көп сияқты...

 

Жиналыстың  соңы

«Жаман» бастықтың жиналысының соңы – дау-дамай... Мығым бастықтың жиналысының соңы – қутың, қитың... «көңіл ауламай...».

 

Тілек

Жалғыз жүрсең ой қамар, көппен жүр де тойға бар.

 

Қандай  әйел?

Ми жегіш, ми мүжігіш әйелді милы деуге бола ма?

 

Салпы  ерін

Өмірдің есепсіз бал-шырынын көп татқан адамды бірден танитын болдым. Қартайғанда аузы уылған адамдай езуі суланып, ерні салпиып қалады екен.

Ұлы  арман

Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында, қашқанның қалтасында, жұт­қыштардың малтасында, ұрылардың арбасында, сумақайлардың дорбасында­ кеткен біздің миллиардтарымыз да қайта қайтып келетін күн де болар ма екен?!

 

Керекшіл

Өзіне керек адамды көптің ішінен айна қатесіз таба білу – керектің керегі екенін ерте түсінгені көрініп тұр...

 

Пасық

Қасыңда екі езуі екі жаққа кетіп күліп тұрса да, арқаңнан жұмсақ алақанымен сипалап тұрса да, май құйрығыңның айрығынан бір теуіп қалуға аңсары ауады да тұрады...

 

Есекдәме

«Әлемде жоқ бастама көтердік... Әлем бізге назар аударды... Әлем халықтары қол соқты... Әлем бізді мойын­дады... Бізді әлем танып жатыр» дегендерге елтіп, айнала әлемге қарасам, оның беті ары қарап тұр... Жантаңдап жүрген бізбен жұмысы жоқ...

 

Қорытындысы  жоқ

Бізде көптің әдеті: шұлығының жыртығынан өкшесі жылтырап, күнін әзер көріп жүрсе де, өмірдегі, тірліктегі, қоғамдағы, айналадағылардың бәрін де түбін түсіре талқылайды, жіліктейді, бір уақ мақтайды, бір уақ жамандайды, біреу­лерге жол көрсетеді, тағы біреулерге бір істе көсемдік көрсетеді, содан бір уақыт ананы бір айтып, мынаны бір қаузап жынданады, жұлқынады, жұдырығын түйеді, жерді тоқпақтайды... Төбелес, төмпештеу шығып кетеді деп қорықпай-ақ қой. Шамалыдан соң сабасы­на түседі, мұрын астынан сөйлеп міңгірлеп қалады, өйткені әлгіндегі ай­ға­й-сүреңінен бір ауыз қорытынды шығара алмай өзінен-өзі жүнжіп тынады...

 

Таланттардың  тағдыры

Бозбала шағында біршама жұртты тамсандырғандарды да көрдік. Жігіт шағында жасындай жарқылдап жүргендерді де көрдік. Орда бұзар отызында ойқастай шапқанды да, қырқылжың қырқында қыр басына әзер шыққанды да көрдік. Елуінде енді-енді елді елең еткізгенді де көрдік. Жүріп-жүріп жетпісінде парасаттың парағын ашып, «пай-пай» дегізгендерді де көрдік... Ал енді бойында бір кісілік дарыны болса да, бұрыш-бұрышта, қуыс-қуыста қыржиып, жүрегіндегі бұлқынысын бір сәт­те ашпай кеткендерді де көріп жүрміз...

 

Біздің  жүріс

Баймыз деп аспанға қарай түкіреміз. Түкірігіміз алысқа бармай, былш етіп төбемізге түседі. Содан да басымыз айғыз-айғыз болып біздің жүрісіміз осы...

 

Сарсаң

Саясаттан бойын аулақ салып, «тып-тыныш» жүргісі келгендер бір кездері сол саясаттың «құрбаны» болып, сарсаң күй, сарсаң тірлік кеше бастайды.

 

Ем іздеу

Ақымақтықтың да диагнозы қойылып, ем-шипасы табылар күн болар ма екен-ау?!

 

Ми  қазанында

Ми қазанында айлап, жылдап піс­кен ой ғана өміршең: бұзылмайды, ірімейді, шірімейді, көнермейді...

 

Ақша мен адам

Ақша, обалы не керек, көп адамды көтереді, жетелеп биіктерге шығарады. Ал, өкінішке қарай, көп адам біткен көп ақшаны көтеріп жүре алмайды, жүн жеп, жабағы тышып кетеді.

 

Өзгерген  арман

Бұрын төрт құбыласы тең бай болсам­ деген арман құшағында жүретінбіз. Уақыт өтті. Заман өзгерді. Бүгінде сіңірі шыққан кедей болып қалмасам екен деген үрей миыңнан бір сәтте шықпайды.

 

Теріс  баққан

Алма десең, алады. Жеме десең, жейді... Ақыры қолына кісен түсіп, көзі бозарып, әркімге алақтап отырғанын көресің...

 

Түңілгіш

Креслодан құйрығы тайып, қызметтен кеткенін өмірден кеткендей өте ауыр қабылдап, сүдіні қашып, сүмсі­рейіп  қалыпты...

Тиын мен теңге

Тиыны сылдырап, шылдырап кедей-кепшіктерге әл-әзер жетті-ау, ал теңгесі пәттелеулі қалпы мұрты бұзылмастан қалың қалталарда қалып қалды.

 

Есе

Атасы татып алмайтын, арақтың дәмін білмейтін. Әкесі стақан көрсе, сайтан көргендей шоршып түсетін. Ал баласы екі буында кеткен есені толтыратындай бақыраштап ішіп жүр...

 

Жұқана

«Ана мектепті басқардым», «мына мектепті басқардым» деп, жылдарын санап, сапырмайының сорпасын сапырып сампылдап отырады... Десе де «Ана жерде пәлен жыл, мына жерде пәлен жыл халқыма адал, ақ қызмет еттім» деп ауыз толтырып мақтанышпен айта алмау­ының ар жағында болар-болмас бірдеңелердің жұқанасы сезіледі...

 

Аяр

Күлкісінің ар жағынан күлімсі иіс шығады...

 

Төрт  тарап

Ата алақтайды. Ене едіреңдейді. Келін кесірленеді. Еркектің еңсесі түседі.

 

«Мен» дейік, «Сен» дейік...

«Мен» деп көкірек керіп, кеудеңді ұрып тұрып айта алмасаң, «Сен» деп те ешкімді кеудеден нұқып, қадай сөйлеп айта алмайды екенсің...

 

Хал – жай

Жеңісіміз – көп, «жемісіміз» – жоқ. Дабысымыз – көп, табысымыз – жоқ. Алатынымыз – көп, алғанымыз – жоқ. Бағдарламамыз – көп, баспанамыз – жоқ.

 

Желге  ұшқан

Желге ұшқан ақша өндірісті тұра­ла­тады. Желге ұшқан сөз көңілдерді құлазытады.

 

Біріне  бірі  сай

Болатын бала беретін жерді біледі. Болатын бастық алатын жерді біледі.

 

Қазіргі  қарттың  бір  түрі

Жүз грамм ішпесе, жүзі жылымайтын шытыр шал...

 

«Қайраткер»

Ердің де сөзін сөйлей алмайды. Елдің де сөзін сөйлей алмайды. Жердің де сөзін сөйлей алмады... Ал басқа тұс­тардың бәрінде де сөзді қатыратыны сондай – алдына түсіп сөйлегенді тобы­ғынан қағып, аяғынан шалып, топшысын сындырып, жер жастандыруға бар...

 

Мешкей

Шайнай-шайнай жағы талады. Жұта-жұта жұтқыншағы ауырады. Іше-іше іші-қарны сыздайды. Асай-асай асқазаны кернейді... Сөйтсе де жарты кесе шайын бір сағат үрлеп, шайқап, әзер ішіп отырған жанындағылардың ыдысын­дағы қалған-құтқан тамаққа көзін сатып отырады...

 

Өкінішті  өмір

Оның жаны қалайтын, керемет, ғажайып жақсы өмірі – жүз грамнан кейін басталады. Бірақ бұл «өмірдің» үнемі шалқымалы бас жағы есінде қалады да, соңғы жағының қалай болғаны есінде қалмайтыны өкінішті...

 

Ақырғы  сәт

Кәнігі актерлар сахнада шейіт болады. Ақиық ақындар сұлулардың құшағында көз жұмады. Сайыпқыран альпинистер құзар шың басында жан тапсырады... Ал мінәйім мұғалімдер күнсіген көп қағазын түгендеймін деп жүріп діңкәлап, зорығып тырапай асатын түрі бар.

 

Елеусіз  бақыт

Бақытты болсам деп жүріп, талпынып, алқынып, шатпақтап, батпақтап, ұрынып, жұлынып жүрген кездеріңмен бірге бақытты кездерің елеусіз өтіп кетед­і екен...

 

Білу

Жақсылар мен ақылдылардың соңына­ ере білу – болашағыңның баян­дылығына жол сала білу.

 

Даму  жолы

Сөйлей-сөйлей сөзің дамиды... Үндемей-үндемей ойың дамиды...

 

Табытсыз  халық

Қазақ табытқа сыймайды. Туған топыра­ғына оранып көсіліп жатады...

 

Арадағы  қашықтық

Өзі халықтан қашық, қашық тұрады. Сөйтіп жүріп халыққа қызмет еткісі келеді. Қашып тұрып, қашықтан істеген қызметтің қызуы қандай болады екен?!

 

Оқырманым

Моншақтай әңгімелерімді көз жасы моншақтап отырып оқыған кісі бар екен...

 

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы