АУАНЫҢ ДӘМІ | Print |
25.04.2019 11:10

Шынар Әбілдәні әлеуметтік желідегілер де, баспасөз оқырмандары да жақсы біледі. Аудармашы, журналистің жазбалары әдебиетті сүйетін жандардың да көңілінен шығып жүр. Әсіресе шетелдік жазушы, ақыл-ой иелерінің тағылым аларлық, ой түйерлік туындыларын өз тілімізге аударып, ел мен елдің арасындағы әдеби шекараны жақындатып жүр. Біз бүгін «Халық» газетінің оқырмандары үшін арнайы жолдаған бір топ аудармаларын жариялап отырмыз. Ой түйіңіздер, тағылым алыңыздар!

АУАНЫҢ  ДӘМІ

Бір күні ұстазым менен:

- Ауаның дәмін сезіп тұрмысың? - деп сұрады.

Мен ашық аспан астындағы саф таза орман ауасымен кеудемді кере тыныстадым­ да, біраз нәрсенің аңқыған жұпарын атадым.

- Өзің иісшіл екенсің. Ал, дәмін сездің бе? - деп қайта сұрады.

Мен ит құсап тілімді жалаңдатып аузымнан шығардым. Ұстазыма бақырайып қарадым.

- Жақсы, - деді ұстазым. Маған жымиып қарады, орнынан оқыс тұрып, жаныма­ жетіп келді де, аузым мен мұрнымды алақанымен жауып біраз тұрды. Оған қарсы тұру бекер екенін білдім. Бірақ аяқ-қолым менің еркімнен тыс өздігінен сереңдеп бара жатты. Ұстазым мені жіберген кезде қайтадан кеуде кере дем алдым.

- Өмірдің дәмі сезіледі екен, - дедім сәлден соң.

- Дұрыс айтасың. Осыны әркез сезінуің тиіс. Өмірдің дәмі суда, тамақта, басқа қызықтың бәрінде де бар. Өмір құтысынан мейлінше қанып іш, тек асықпа. Уақытынан бұрын тауысып қойма. Дұрыстап іше алмасаң, бар ырзығыңды төгіп-шашып алуың да бек мүмкін.

 

АРМАНДЫ  ҰРЛАТУ

Монти деген бала туралы хикая. Ол бала 16 жасқа келгенде өскенде кім болатыны туралы шығарма жазу керек болады. Монти арманын жазуға ұзақ ойланады, қатты қиналады. Ол ранчоның қожайыны болсам деп армандайтын. Он қандай ранчода тұрсам деп он парақты шимайлап тастайды. Барлық сарайдың, қораның, жолдың суретін салып, жоспарлайды. Тіпті тұратын үйдің де сызбасын сызады. 8000 фут квадратқа татитын зәулім ғимарат. Келесі күні Монти шығармасын мұғаліміне береді. Үш күннен кейін мұғалім қою қызылмен екілікті қонжитып, шығармасын қолына қайтарады. «Сабақтан кейін қал» деген жазу қалдырыпты. Арманы бар бала сабақ біткен соң мұғалімге келіп, не үшін екілік қойғанын сұрайды. «Өйткені, мұндай арман сен сияқты балада орындалмайды. Мұндай ранчо салу үшін саған өте көп ақша керек. Сенде ақша бар ма? Жоқ. Сен өте кедей тұрады емессің бе? Бұл арманды орындауға еш мүмкіндігің жоқ. Орындалмайтын арман. Мен саған былай дейін. Үйге бар да басқа шығарма жаз. Мынаған қарағанда әлдеқайда өмірге жақын, тез орындалатын арманыңды суретте. Сонда саған басқа баға қоятын шығармын» дейді мұғалім.

Бала үйіне келеді де әкесінен ақыл сұрайды. Әкесі былай депті: «Қарғам-ау, мен бұл істе саған ақылшы емеспін. Меніңше, ол тек сенің шешімің болуы керек. Ішкі түйсігім сол шешім сен үшін өте маңызды болатынын сезіп тұр» дейді. Монти әкесінің сөзін бір апта ойланып, қорытып жүреді. Ақырында мұғалімге ескі шығармасын қайтарады. «Сіз екілікті өзіңізге қалдырсаңыз болады, мен арманымды өзіме қалдырамын» дейді. Біраз уақыт өтеді. Монти баяғыда мектепті бітірген. Ересек адам. Өзін тыңдап отырған бір топ адамға басынан кешкен осы хикаяны айтып беріп тұрған. «Мұның барлығын айтып тұрғаным, қазір сіздер аумағы 4000 фут квадраттан асатын менің жекежайымда қонақта отырсыздар, менің ранчом 200 акр жерді алып жатыр. Ал, баяғы шығарманы каминнің жоғарғы жағына іліп қойдым» - дейді ол.

- Бұл хикаяның ең қызық жері – үш жыл бұрын сол мұғалім осы ранчоға 30 оқушысын әкеліп, бір апта бойы менің ранчомды мекендеді. Кетерінде ол маған: «Білесің бе, Монти, саған енді айтсам болатын шығар деймін. Сенің мұғалімің болған кезде арман ұрлаушы болыппын. Сол кезде көп баланың арманын ұрлағаныма қатты өкінемін. Бірақ сен өз арманыңды қорғай алғаныңа қуаныштымын» деді.

Ешкімге арманыңды ұрлап алуға мүмкіндік берме. Кім не десе, о десін. Арманыңа қарай адымда. Жүрегіңе сен!

 

БАЙ  мен  КЕДЕЙ

Баяғыда бір бай адам ел араламақ болыпты. Қасына баласын ертіп алыпты. Кішкене бала­сына­ кедей-жарлылардың қалай өмір сүретінін көрсеткісі келеді. Бірнеше күн алыс ауылдағы қыстауға­ барып тұрыпты. Ондағы кедей отбасы бұларды құшақ жая қарсы алып, барымен базар болған  көрінеді.

Үйге оралған соң әкесі баласынан сұрайды: «Біздің  саяхатымыз  саған  ұнады ма?» деп. «Ұнады, әке» - депті баласы. «Адамдардың қаншалы­қты кедей болатынын көрдің бе?» дейді әкесі. «Әлбетте,­ әке!» деп жауап қатады баласы. «Неше күн көргендеріңнен не байқадың, көкейге не  түйдің?» деп әкесі тықақтап қоймайды.

Сонда баласы былай депті: «Менің байқағаным көп, біздің бір итіміз бар, олардың төрт иті бар екен. Біздің бақта кішігірім хауызымыз бар, олардың ұшы-қиыры жоқ асау өзені бар. Біздің бау-бақшада шетелдік шамшырақтар жанады, олардың түнгі аспанында мыңдаған жұлдыз самаладай самсап­ тұр. Біздің ауладан көшеге дейін жол төселген­,  ал олардың есік алдынан  көкжиекке сіңіп кететін кең дала созылып жатыр. Біздің аз ғана  жеріміз  бар. Оны қоршап тастаймыз. Ал, олардың  ұлан-байтақ  алқаптары  бар. Көз  ұшында­ мұнартады. Біз азық-түлікті сатып алып ішеміз. Олар өздері өсіреді. Біздің үйдің айналасы тас қоршау. Олардың  айналасы  дос-жарандары».

Баланың әкесі ләм-мим дей алмай, сұлық тұрып қалыпты. Сонда баласы қарап тұрмай тағы да былай деген екен: «Мен біздің қаншалықты кедей екенімізді анық түсіндім».

Адам баласы көбіне қолда бардың қадіріне жетпей, өзінде жоққа құмартады. Бір адам үшін арзан көрінген дүние, өзгелер үшін бағалы­  сый. Бәрі де қай қиырдан қарап, қандай көзқараспен бағалауыңы­зға байланысты. Кейде баланың сөзі өмірде шын мәнінде не маңызды екеніне көзімізді ашады.

 

АДАЛ  ДОСТЫҚ

Мәскеулік бір оқушы мектепке бара алмайты­н боп қалды. Бір апта бармады, екі... Лёваның телефоны жоқ еді. Сондықтан мұғалімдер­інің тілін алған сыныптастары оны үйіне іздеп келеді. Есікті оның анасы ашады. Түрі әбіржіңкі. Балалар амандасып, достарын сұрайды:

- Неге Лёва мектепке келмей жүр?

Анасының қатты қайғыр­ғаны сезіледі. Бәсең дауыспен жауап қатады.

- Ол енді сендермен оқи алмайды. Оған ота жасады. Сәтсіз болды. Лёва соқыр болып­ қалды. Енді өздігінен жүре  алмайды.

Балалар бір сәтке үндемей, тым-тырыс қалды. Сосын араларынан біреуі есін жиып:

- Ал, біз оны кезек-кезек мектепке ертіп апарамыз, - деді.

- Үйге де шығарып саламыз.

- Сабақты орындауға да көмектесеміз, - деп бір-бірінің сөзін топты бала іліп әкетеді.

Анасының көзі жасаурайды. Ол баласының достарын бөлмеге кіргізеді. Сәлден соң қабырға­ жағалап оларға Лёва келеді. Көзіне ақ дәке таңып тастапты. Балалар тағы да тым-тырыс қалды. Достарының басына қандай күн туғанын  олар енді ғана түсінгендей. Лёва әрең дегенде сөйледі.

- Сәлем, достар.

Осыны күтіп тұрғандай балалар жан-жақтан­  жамырап кетті.

- Мен ертең саған келіп, мектепке ертіп апарамын.

- Ал, мен алгебрадан не өткенімізді айтып­  беремін.

- Мен тарихты түсіндіремін.

Лёва кімді тыңдарын білмей састы. Бәріне басын изей берді. Анасының омырауын көз жасы жуып жатты.

Лёвадан  шыққан  соң балалар жоспар құрды – кім келіп ертіп әкетеді, кім қай пәнді түсіндіреді, кім Лёвамен қыдырады, кім үйіне дейін шығарып салады. Мектепте Лёваның жанында отырған бала мұғалім тақтаға не жазған­ын ақырындап түсіндіріп отыратын болды. Лёва сабақ айтқанда бүкіл сынып тынып­ қалатын. Бәрі оның бестіктеріне өзінікінен бетер  қуанатын!

Лёва өте жақсы оқыды. Оның арқасында бүкіл сынып жақсы­ оқыды. Досыңа сабақ түсін­діру үшін өзің жақсы оқуға тиіссің дегенд­і бәрі айтқызбай-ақ білді. Балалар қатты тырыст­ы. Ол аз дегендей қыстың күні Лёваны сырғанаққа ертіп апарды. Бұл бала классикалық сазды қатты ұнататын. Сыныптас­тары онымен бірге симфониялық концерттерге баруды  шығарды.

Мектепті Лёва алтын медальмен тамамдады. Сосын институтқ­а түсті. Онда да қол ұшын созған достар тапты. Олар оның көзіне айналды. Институттан соң Лёва оқуын жал­ғастырды. Ақыр соңында ол әлемге таныма­л математик, академик­ Понтрягинов боп аты шықты.

Жақсылық жасай білетін жандарда есеп жоқ.

 

Борис Ганаго, «Балаға сенім турасында» кітабындағы «Көрегенділік­»  әңгімесі

 

Аударған  Шынар  ӘБІЛДӘ