МОНШАҚТАЙ ӘҢГІМЕЛЕР | Print |
16.05.2019 11:20

Ерғали  Абдулла

Таптым   деме

Ақша таптым деп көңілі тоқ, көкірегі аспандап жүргендердің бірсыпырасы өмірден бақытымды таптым деп тап басы­п  айта  алмайды.

 

Жолыңды   аш

Жастайыңнан талпынып, талап қылып өз жолыңды өзің аша білмесең, қалған өміріңде өзгенің жолының қасат-қасат күресінін ашумен өмірің өтеді.

 

Сүргіннің  басы

Бәрі, бәрі... қызықтың көкесі «Келе жатыр» деген кішкентай сыбыстан баста­лады.

 

Қол  –  қорған

Қос қолың барда қорғансызбын деме...

 

Іздеп   жүрмін

Анда да, мында да қу қағаз грамота құшақтаған, соған жаны жадыраған мұғалімдер... Ал мен қазақтың қара баласын құшақтаған, бауырына тартқан мұғалімді іздеп жүрмін...

 

Бағаламасаң...

Барды бағаламаудан бақытсыздық тумаса да, жол-жобасы жоқ бағытсыздық туады.

 

Қабақ   қарын,  табақ  бет

Мешкейдің қарны қабақтай, жемқордың беті табақтай...

 

Майдың   күші

Мешкейдің құтын май қашырар...

 

Қасіретке  дейін

Бір рет алдау – өнер. Мәң­гілік  алдау – қасірет.

 

Ауырлық

Жүктің ауырлығы бел кетіреді­. Астың ауырлығы іш кетіред­і. Ойдың ауырлығы көңіліңді күлдіретеді. Сөзің ауырлығы жүректі дірілдетеді, сау адамды өмірден кетіреді...

 

Әйеліңнің   алдында

Сыртта жүрсең ақылың асып-тасып, кемеріне келіп, бәрі-бәріне жетіп-артылып жүреді. Ал үйге келсең, сол ақылың  томашадай  әйеліңнің жаман-жәутік ақылының ширегі­не де татымай, іске аспай­  қалатыны  несі екен?!

 

Аңсар

Үнемі той керегіп, той істеп, тойлап, тойдан шығып тойға барып жүреді. Және де бір дүркіреген той жасау – ішкі арманы...

 

Жаңармас

Бәрін де мезгіл-мезгіл жаңартып отыруға болады. Тек достарыңды ғана емес.

 

Ақ  көз  малай

Оны жоғарыдағылардың бәрі де жанына тартып жақсы көреді. Өйткені ол ең соңына дейін шыдайтын ақ көз малай.

 

Күпті   қылды

Бүгінде көп адам айналамызды гүмпілдетіп толтырған арзан күлкіге күпті боп, кебеже қарындары солқ-солқ етіп жарылғалы жүр.

 

Сілкініс

Аяғым барда жүрейін. Қолым барда құшайын. Ақы­лым барда білейін. Тілім барда айтайын. Қаламым барда жазай­ын.

 

Жақындама

Көз алдыңда көрген әдемі көріністі көңіліңе сол қалпы сақтағың келсе, қайта барып, жақындап, үңіліп, ежіктеп қарап жүрме. Көз суарған көріністен айырылып, абдырап қаласың...

 

Қадір-қасиет

Көңілі жас адамға қартаю жоқ, түбі терең суға ортаю жоқ.

 

Болар

Адал ішкен тоқ болар, арам ішкен жоқ болар.

 

Әйел  мәселесі

Түзде әлем мәселесін ше­шіп жүрсең де, үйде әйелдің мәселесін түптеп шешпесең, көрген күнің күн болмайды.

 

Жаңа  дерт

Жаяу жүрсең, басыңа керемет-керемет ойлар келеді. Ал көлік тізгіндегенге ой деге­нің­нің елесі де маңайламайды. Соған қарағанда, өмір-бақи көліктен түспейтіндер, бес қадам жаяу жүрмейтіндер болашақ­та ой жетімсіздігі «дертіне» ұшырайтын сияқты...

 

Әйел  ақылы

Әйелдің ақылы мақта сияқты:­ ауқымы үлкен боп көрінгенмен, салмағы ап-аз болады.­

 

Жоғарыдағылар      үшін

Көкірегін қыжылдатып жүрген сөздерін жеткізбейді, өз ойын ешқашан ашып айтпайды. Аузын керіп айтатыны, желпініп тұрып жеткізетіні – жоғарыдағылардың естігісі келеті­н сөздері ғана... жауабы дайын сұрақтары ғана...

 

Жағымпаздың   жаны   тыныштығы

Үнемі соларға қарап сық­сияды: солар жүрсе – жүреді, солар тұрса – тұрады, солар күлсе – күледі... Ал оңашада тағы да соларды сыбап-сыбап алып, маңдайынан сол сәтте шыпшып шыққан моншақ-моншақ терін сылып бір тастайды да, «қу өмір-ай» деп қойып аяқ-қолын төрт жаққа жіберіп көсіліп кеп жатады.

 

«Үн»

Аузыңнан үнің шықпаса, үніңді басқа жерлерің шығару­ға мәжбүр болады екен.

 

Ұстаным

Баланы түгендеймін, бас­қаны түгендеймін деп, балақ түрмей-ақ қой. Қағазың түгел болсын. Қағазың түгел болса, өз  жаның  өзіңде  қалады...

 

Үрей

Ұрса ұрсын, тепкілесе тепкіле­сін, езгілесе езгілесін, бірақ та талма тал түсте аузы үңірейген мылтықтарын кезе­н­іп, пытырлатып атып таста­маса  екен...

 

«Әдет»

Арамызда ауырмайтын  адам аз. Ал емханаға барып, дәрігер жағалап жүргендер некен­-саяқ.  Ал қалғандарымыз  сырқатымыздың  сыритып түсер сәтін күтіп, сөлтектеп жүріп  жатырмыз.

 

Кеңестен   қалған   артықшылық

«Ақсақалдар алқасынан» гөрі «Ардагерлер кеңесі» деген топ әлдеқайда артық боп, дәуір­леп тұр... дәурені жүріп тұр... Кеңес дәуірінен қалған бір кеңкелестік сияқты... Аты да айтып тұр...

 

Өзің мен  өзге

Өзіңді  жете  танып білге­нің – бір жетістік. Алайда бұл жетістікпен алысқа бара алмайсың. Алысқа апаратын жетістік – өзгелердің бүгі мен шігесіне дейін танып білуің...

 

Көзге  ыстық

Қағаз теңгеден гөрі темір теңге көзіме ыстық. Өйткені олар қос тіл деп қомпимай, тек қана қазақша «сөйлеп» тұр.

 

«Ұрылар»

Бір министр аналарымыздың зейнет жасын «ұрлап» алды. Бір  министр  балалардың жәрдемақысын «ұрлап» алды... Бір министр балалардың «Әліппесін» «ұрлап» алды...

 

Өмірде  солай

Еден жуушылыққа тұру үшін де пара беру – оңтүстікте бар екенін білдік. Ал қалған жерлерде тұру үшін «бірдеңе» беру барын онсыз да жақсы білеміз...

 

Қауіп

Мисыз  адамды  көп  оқы­ту­ға болмайды. Көп оқытсаң, білімді мисыз шығады.

 

Партфолио

Білім жинағаннан гөрі, түрлі-түспен қатырмалап порт­фо­лио  жинаған  тиімдірек, маңыздырақ... Кәсіби «тағдырыңды»  шешіп  береді.

 

Ояу

«Ояныңдар, халқым» деп біреулер  байбалам  салып, жан-жағындағыларды жұл­қылап, ұйықтатпағысы келіп жүр. Ал оларда қандай ұйқы болсын. Бәрі де түн баласы дөңбекшіп кірпік ілмей шығады­. Өйткені бас-бастарында үш-төртеуден несиесі бар...

 

Төбедегі  ойын

Білімді еш қажет етпейтін орталарда білімсіздер мен нақұры­стар білегін сыбанып, алдыға шығып, дүсірлетіп төбеңде ойнайды.

 

Жоғарылаған   жол

Бұрын алынған пара топ етіп қалтаға түсетін, бүгінде жоғары жаққа қарай жол тар­татын  болыпты.

 

Маймыл мен  айғыр

Ана жақта, мықтылардың арасында жүрсе – айнымаған маймыл, мына жақта, қара шаруан­ың арасында жүрсе – азынаған  айғыр.

 

Былықтың  басы

Шырылдаған шындықтың үні өшкен кезде шын былықтар басталады.

 

Білсең   айтшы?

Сөз сапырған ақылдыларымыз өте көп, ендеше тұралап, тура жолымызды неге таба алмай жүрміз?

 

Күнәліміз

Жаратқан бізге бәрін де беріп жарылқаған. Біздің кінәміз – сол көптің қадірін түсінбей, бағасын білмей жоғалтып алып жүргендігіміз.

 

Өзгеріс

Бұрын жаңа басшы келетін болса, «кім екен, қандай болады екен?» деп бәрінің көзі алақандай боп жүретін. Бүгінде бастық боп келе жатқан мықтың: «бұл жерде қандай-қандай «көкемандар» бар екен?» деп бір қора уайым жеп келетін боп жүр.

 

«Жұмыссыз»

Бізде жұмыссыздар жоқ дейсің. Ау, үлкен кабинеттерде, депутаттық орындарда жылдар бойы тұяғын қозғалтпай, саусағын жыбырлатпай отырғандарды қайтеміз?!

 

Үннің   үкімі

Үндемеген үйдей пәледен құтылады. Үндеп қалған қораға шығып қалады...

 

Сөздің   салқыны

Аузыңнан шыққан жарты ауыз сөздің алда-жалда біреу­дің  ұйып  тұрған көңілін жанай дір еткізіп кеткенін көріп қалсаң, сол сәтте екі бетің дуылд­ап қызарып, өзіңді жай­сыз­  сезініп, жаныңды  қояр жер таппай, лақпа, лақуа күй кешесің­...

 

Тебеген

Шілдің  боғындай бытырап, бірін-бірі күндеп, аузы мыс­қыл сасып жүретін, рухы жоқ, мұраты кем даласуан адамдарға айтқ­аныңды өткеру оңайдың оңайы. Қай-қай жаққа айдасаң да, бұра тартпай, бұлқынбай, жүре  береді. Тек «жем» тастап отырсаң болды... Алайда «жем» таусылған жерде... оқыс мінез танытып, сені төртаяқтап шірене теуіп, омақаса түсіріп, басқа біреудің қотыраш  қолын  жалап тұрады...

 

«Тіршілік   тынысы»

Жасы ай сайын айлықтан айлыққа қалай жетем деп тірнектеп жүр. Жасамысы қашан  зейнеткерлікке  жетемін деп тырбаңдап тірлік кешіп  жүр.

 

Теріс  бата

Қашан кабинетіңде үстің­нен түсіп, қолыңа темір кісен салып, желкелеп алып детектетіп кеткенше, алақаның майлан­а берсін, думанды күнің  жалғаса  берсін, сылқымдар жан-жағыңда айнала берсін.

 

Бар  болғаны   жақсы

Біреудің үйір-үйір жылқысы, қора-қора қойы бар. Біреу­дің гектар-гектар жері бар. Біреудің  қос-қостан  көлігі бар. Біреудің қос қабатты үйі, қосарланған мейманханасы, мейрамханасы бар. Біреудің сылқылдаған, сылқымданған қос әйелі бар... Енді біреуде бұлардың бірі де жоқ, елге тараған, жұрт бұрылып қараған жақсы  атағы  ғана  бар...

 

Мылтықсыз  майдан

Алдыңғы бір буынның солайк­ем  арақтың құрбаны боп кеткенін көрдік... Ендігі мына сары ауыз ұрпақ әлеуметтік  желінің  құрбаны  болып­  жатыр...

 

Өзгерген   етек

Бір жігіттің етегінен ұстауды арман ететін бұрымды­лардан гөрі, «Менің етегімнен ұста» деп өрлік танытатын қиғаш көздеріміз көбейіп тұр.

 

Таяз   тарих

Бізді үш жүз жыл бойы құртқан, жойған, таптаған, талағ­ан, қаңғыртқан, қансы­ратқан, атқан, жойған, тілден, діннен бездірген отаршылдар екенін білеміз, большевиктер екенін білеміз, коммунистер екенін білеміз... Бірақ осынша ақырет, мехнат шектіргендер­дің қай ел екенін сұрай алмай тұтығып келеміз...

 

Арман-ай

Үлкен-үлкен істер атқаруды армандаушылардан гөрі, үл­кен-үлкен креслоға бөксе бас­ты­руды армандаушылар көп.

 

Өлермендік

Біздің білім саласының өлермендігі сондай – «оқы­маймын» деп жер тістеп, табан тіреп, көткеншектеп отырған баланың өзін де күштеп, көтенінен көтеріп «оқытып», қолына диплом беріп жібереді.

 

Екі   басқа

Әйелдің күйеуіне деген адалдығын елге деген адал­дықпен теңгеруге болады. Ал еркектің әйелге деген адал­дығын айтқанда, бұл теңеуді ауызға алуға жүрегің дауаламайды. Басқа бір сөз іздеуге талпынасың...

 

Сұрқай   заманда

Қоғамда өткір сөз, өтімді ойдың тапшы болуы рухсыздықтың жайлауына жол ашады.

 

Қайталанбас

Бақытты сәтің де, жақұтты сәтің де, қаяулы шағың да, аяулы шағың да, қуанышың да, жұбанышың да қайталанады. Бәрі-бәрі қайталанады: әлі талай­ мәрте соларды басыңнан қайта өткерерсің. Қайталанбайтын жалғыз ғана – өмірің­нің өзі...

 

Жиналыстың  қиналысы

Жиналысқа адам қарасын жинау  қиынның  қиыны  болып барады. Кешегі бір жиналысқа бірде-бір адам келмей қалды... тек мұғалімдер ғана... жыпырлап келіп ая­ғына дейін отырды...

 

Сырқаттың   сыры

Өтірікті жаза-жаза қолы емес, ойы ауырып жүр.

 

Арман  жолында

Өзгелерді ығыстыра,   жолдағыларды жапыра, бас-көзге қарамай бас­тыр­ма­лата, арманыңа құл­шына ұм­тылғаның дұрыс, мақтарлық қасиет. Алайда жү­ріп өткен жолыңда жұлым-жұлымы шығып жусап қал­ған­дардың обал-сауа­бы­н кім көтереді?!

 

Сынақ  мерзімі

Өмірдің қиыншылықтары маңда­йыңнан солқылдата соққан кездерде де түңілме. Қай-қай сынақ та мәң­гі­лік бола алмайды. Өйт­кені өмірдің өзі мәңгілік  емес.

 

 

Арал  қаласы