БАЛА АРҚЫЛЫ «БАЙЛАНЫС» | Print |
27.06.2019 10:38

Назбике терезеден көршісі Бозымның бес жастағы баласын өңгеріп өзінің үйіне қарап отырғанын ұнатпай, оның үстіне өткендегі өктемдігі есіне түсіп, бұл да бестен асқан баласын білегінен сүйреп сыртқа­  шықты. Тиісерге сылтау  таппады. Көз жетерлік, сөз жетерл­ік жерде отыр. Адам бойынан асатын арадағы ағаш шарбақтың болғанына екеуі де шүкірлік етеді. Әйтпесе, сөз еттен өтіп сүйекке жеткенде неше мәрте бір-біріне тарпа ұмтылған. Құдайға шүкір, ала шарбақтың арқасында әзірше екеуі  де дін аман.

Ана жақтан әрекет болмаған соң, Назбике өзімен-өзі ойнап отырған баласының қолындағы қола темірді жұлып алды.

– Әй, пәле, пәлекеттің пә­лесінде нең бар! Не, ойнасаң өзіміздің темір-терсек таусылып қалып па? - деді де, онысын  құлаштай  сермеп ала шарбақтан  асыра  лақтырып  жібер­ді.

Бозым да белін буып мығым отыр екен, алдына алған баласына зеки жөнелді.

– Ал, ей, анауыңды! Әне лақтырды. Ойыны осылып, керег­і болмағанда сөйтеді олар.

Сол сол-ақ екен, ар жағы мен бер жағындағы кезекпе-кезек­ «айтыс» басталды да  кетті.

– Ендігәрі солардың бір бұйымын қолыңнан көрейін!..

– Жетпегір, нең бар беріп. Әне, сен оған мынаумен ойнай қой дегендей дікеңдеп жатыр. Қашанғы айтамын, бұған жолама деп! Көрдің бе, қарап тұрып сөз естідік.

– Бұйымы тұрмақ өзіне жолама­. Ойнасаң басқа бала құрып қалып па? Ойының осылы­п бара жатса, ана Әді­гейдің шарбағына бар. Балала­ры қандай, әке-шешеден өнеге көрген...

– Өнегешілін! Ей, ендігәрі сен де мынаның маңынан жүрме. Әдігей дейді ғой, қайдағы бір қаңғыбасты үлгі ете қапты. Одан  үйренсе, үлгі алса жетісер. Әлгі, көрсеқызар, іштарлықты бұлар қайдан үйренді десем, е, бәсе, былығының басы сонда жатыр екен ғой. Сен бұған да, анау айтқан Әдігейге де жолама. Өзіміздің үлкен қайнағаның балалары­-ақ жетеді ойнауыңа.

– Әй, Әдігейден садаға кет! Ең алдымен, соның істеген тірлігін істеп алшы. Мыжырай­ған мына тамда қашанғы отырмақшы екен-ай.

«Жыртық тесікке күліпті» демек­ші, атам айтып отырушы еді: «Көршінің үйі атам заманғы, менің ес білгенімде бар бо­ла­тын» деп...

– Атаңның сандырағына болайын­. Е, ол кісі көзі тірісінде көсем кісі еді ғой. Ел айтады, келіні болмады... кемпірі кеткен соң күйі келмеді. Келінге күйік болғанша кемпіріме кетейін деп, көп  тұрмапты ғой жарықтық.

– Күлегешін мұның. Жақсы болса әке-шешесі кенжесінің қолында тұрар еді ғой. Тұрмақ түгіл бас сұға ма екен бұның үйіне. Естігенбіз, енесін ожаумен ұрғанын...

– Ей, байқап сөйле! Басыңды жарамын!

– Жарғызып жария етпейтін енең емеспін...

– Қарай гөр-ей, мынаны! Күшейген екенсің! Семірген екенсің. Бәрі ана байыңның базаршылығының­ арқасы.

– Сені де білеміз. Мына балық­тай былқи семіргенің бір байыңның табысы емес екенін. Бір біз ғана біледі деймісің. Құдай бар болса, арты ашылсын, жазар жазасын алсын. Сонда көрер едім көсемсігенді.

Жағыңа жылан жұмырт­қалағырдың  қорлығын-ай, ә!   Әй, шешек, затына ие бола алмай­ жүрісін мұның. Ал ана темірді. Көрмегенің оның жүгермегі болсын!­

– Әй, жүгермек, жүр үйге, мына заржақты құдай жеңбесе, біз жеңе алмаспыз.

– Жап есікті, ана айғайшының айғайынан құлағым тұнды.

* * *

... Ертесінде кешегі ұрысқа «делдәл» болған екі ерке көшеде бетпе-бет келді.

– Сенің мамаң жаман.

– Өйтпей-ақ сенің мамаң.

– Ойыншықты бізге қарай лақтырған сенің мамаң ғой.

– Сенің мамаң көп сөйледі.

– Сенің мамаң менің мамама жаман сөз айтты.

– Сенің мамаң менің папамд­ы базаршы деді ғой.

– Не, базаршы екені өтірік пе?..

– Сенің папаң байлықшы дейді ғой. Басқаның байлығын бермей қояды екен де, үйлеріңе әкеп жинай береді екенсіңдер ғой. Ана машинаны сонымен алыпсыңдар...

– Жап аузыңды. Өйтпей-ақ, папам оны сатып алған.

– Жапсаң жап! Сенің мамаң көп сөйлейді...

– Өтпей-ақ сенің мамаң көп сөйлейді.

– Мә ендеше...

... Апыр-топыр алысып Бозым­ мен Назбикенің екі кенжеле­рі көшенің қақ ортасында белдесе кетті...

Бұл уақытта Бозым мен Назбике кешегі көршімен бол­ған­ кикілжіңді майын тамыза­, жібін жатқыза күйеу­леріне айтып, күрең шайларын құйып беріп отырған...

Берік  САДЫР,

Нұр-Сұлтан