ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚАТЫНЫ БОЛАМЫН! | Print |
27.06.2019 10:45

Мұхтар  ШЕРІМ

Әйелім әй-шәй жоқ, фильмдердің атауларын араластырып, таң атпай сұңқылдап берсін!

– Әй, суға батқан «Титаниктей» сүмірейіп, неғып отырсың? Әлде, басыңнан «Қараш-қараш оқиғасы» өтті ме?

– Қойшы, «Бандыны қуған Хамит» деймісің мені?

– Әлде, «Атаманның ақыры» келді ме? Жұрттың бәрі президент­ болғысы келіп, сайлауға «Балконнан» қарап, жанта­ласып жатыр!

– Е, олар біздің заманның «Алдар көселері» ғой...

– Немене, сен «Соңғы аялдамада» тұр ма едің? «Тақиялы періштед­ей» бола қоймашы! Сен де сайлауға қатыс! Билікте бес жыл қызмет еткенің бар, ауыл әкімдігінен қуылып кеткенің бар, ішіп алып, көршіңді тепкенің бар, «Жоңышқа егемін» деп есік алдына бірдеңе сепкенің бар дегендей, менің де президенттің қатыны  болғым  келеді!

Әйелімнің әзірейілдей әңгімесін естігім келмей, далаға шығып­ кетіп, дәретханаға тығылдым. Әншейін отырғанмын, біреу сұңқылдай жөнелді.

– Президенттің қатыны болғым келеді! - деп әйелім жер тепкілеп­ тұр екен.

– Гүлсары, тыңдашы мені. Кезінде «Сталинге сыйлық» бергенде­рдің де меселі қайтқан. Жұрт мені тыңдап, қызығатындай, «Бриллиантовая рука» да емеспін. Ел басқара алмаймын!

– Сайлау сайын санын шапаттап, шапқылай жөнелетін Жынды­бас Кеңкелесовтен кемсің бе? «Менің атым Қожа» деп, сайлау комиссиясына жетіп бар.

– Ал, барайын, «Қыз Жібек» сияқты жылап қаласың!

– Немене, ол жақта сені «Транссібір экспресі» таптап, «Көксерек» үстіңнен аттап кетеді деймісің? Жоқ әлде, «Фантомассың» ба?

Әйелімнің әзірейілдей әңгімесінен қашып, бақшамыздағы алма ағашының бір бұтағына шығып алдым. «А зори здесь тихие» болып. Ол алма ағашын сілкілей бастады. Тура «Бақсы» құсап тұр. «Үйге кіріп, «Служебный роман» болайықшы?» десем де, көнер емес. Кенет ол қатты сілкіді ғой деймін, мен отырған бұтақ сынып­ кетіп, «Хош бол, Гүлсары!» - дедім де, құлап түстім. Арғы жағы есімде жоқ. «Москва слезам не верить» демекші, сайлау көз жасқа қарамайды...