ТАЗА ҚАЛА ТАЗА АУЛАДАН БАСТАЛАДЫ | Print |
01.08.2019 11:00

Қызылорда жыл сайын көркейіп келеді. Соңғы жылдары қалада аллеялар мен демалыс орындары көбейді. Көшелер жарықтандырылып, заманауи үлгіде дамуда. Осыдан он жылғы шаһар мен оның  қазіргі  келбетін  салыстыруға келмейді. Өйткені  бұрынғыдан әлдеқайда  көркейгені  байқалады. Оған «Қызылорда тазалығы»  ЖШС-нің  де  қосқан  үлесі  бар.

Бұл мекемедегі тазалық жанашыр­ларының еңбегі ерен. Жазда шақырайған күнге, қыста шытынаған аязға, тіпті төпеген нөсерге де қарамайды. Күн ра­йын­ың қандай қо­лайсыздығы болса да, тазалықшылар жұ­мысты тоқтатпайды. Қайта Қызылорданың сұлулығын еселеп,  шама-шарқынша  үлес қосуда. Таза аула, үлгілі үй мекеме­ қызметкерлерінің арқасында көбейіп келеді. Абаттанған аумақтарды көріп қуанасың. Жаңарып, жаңғыртылып жат­қан үйлерге сүйсіне­сің. Бірақ... Әрбір адам осылай ауласына көңіл бөлсе... Бір-екі сағат  қолға күрек ұстап еңбектенсе, жиналған қоқысты тазартса, қандай ға­нибет? Одан адам шаршамайды ғой. Себе­бі, қаламыздың кей­бір үй аулалары мен  жол маңайларын шөп басып кеткен. Қалың шөп  көзге сұрықсыз көрінеді. Ал тазалық мекемелері барлық үй маңын жинап, тазалауға міндетті емес. Олардың белгіленген өз аумағы бар.  Соны жинап реттейді. Көп­қабатты үй мен ауланы таза ұстау – санитарлық талап ғана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Алайда мұны көбісі түсінбейді. Баласын қоқыс төгуге жіберетін кейбір ата-аналардың арнайы жәшікке қоқысты апарды ма, болмаса аулаға, көшеге қалдырып кетті ме, сұрамайтыны бәрімізге аян. Өкінішке қарай, кейбір адамдар  тұрмыс қалдықтарын кез келген жерге төгеді. Арнайы­ орынға апарып төгуге ерінеді. Тазалықшылардың еңбегін бағаламайды.  Тіпті урнад­ағы қоқыс аузы-мұрнынан  шығып  жатады. Жер үйде­гі тұрғындардың да тірлігін ақтай алмайсың. Көбісі күл-қоқысын, шөп-шаламын көше­нің бір басындағы стихиялы орынға түнделетіп әкеліп тастауды әдет қылған.

Қазір «Қызылорда тазалығы» ЖШС 306 үй, 17771 пә­терге қызмет көрсетеді. Бекі­тілген аумаққа 743 контейнер қойылған. Әрине қала тірші­лігі үшін тазалықтың маңызы ерекше. Олар қоқыс тасымалдайды. Ортақ меншікті күтіп-ұстауға көңіл бөледі.

Тұрғын үйлердің кіребері­сінен иелерінің қандай екенін байқауға болады. Кейбір көп­қабатты үйлердің аулалары азып-тозған. Қоқысы бейберекет шашылып жатыр. Балалар алаңқайының жай-күйі мүш­кіл. Орындықтары сынып, бүлінген. Осындайда «тазалық мекемесі қайда, неге олар жина­майды?» деген сауал туындайды. Егер осындай жағдайдағы тұрғын үйлерді көрсеңіз, тазалықшыларды жазғырудың қажеті жоқ. Себебі, олар мекеменің жұмысын жоққа шығарып отыр. Немесе пәтер иеле­рі оларға төлемақы төлемейді. Ал «Қызылорда тазалығы» ЖШС-де меншікті күтіп-ұстауға  тариф бекітілген. Белгіленген тарифті тұрғындар өздері таңдап,  306 үй келі­сім­шартқа отырған. Жалпы, тұрғын үйлердің кіреберісіне үш жылда бір жөндеу жүргі­зі­леді. Қазір «Арай» мөлтек ауданын­дағы 9 үйдің подъезі жөндеуден өтті. Әрленіп, сырланды. Алайда атқарылған шаруа­лар шығынды ақтамаған. Тұрғындар төлемақы төлеуден бой тасалап жүр. 40 пайызы «Қызылорда  тазалығы»  ЖШС-не қарыз. Мекеме қызметкерлері борышкерлерге хаба­рландыру жіберіп, жыл басына­н бері 3,5 миллион теңге қарыз сот арқылы өндіріл­ген. Алайда борышкерлердің қордаланған берешегі 42 миллион теңгеге жеткен.

- Біз тұрғындар үшін қызмет етеміз. Уақытылы төлем­ақысын төлесе, шаруаны ары қарай жандандырар едік. Мысал­ы, бір үйде 100 пәтер бар дейік. Оның 60-ы ғана коммуналдық қызметке ақша төлей­ді. Қалғаны әртүрлі себеппен бас тартады. Бірі пәтерін ұзақ мерзімге жалға береді. Бірі үйінде  болмағанын  сылтауратады. Тіпті кейбіреуі істеген жұмыстарыңды  көрген жоқпын дейді. Енді бірі тазалауға міндетті­сіңдер деп құтылады. Қызмет жалпы үйге көрсетіледі. Анаған­-мынаған деп бөлін­бейді. Үйлердің аулалары тазартылып, шөптері орылады. Балала­р  ойын  алаңқайы күтіп- ұсталады, - дейді «Қызылорда­ тазалы­ғы»  ЖШС-нің бас ма­ма­ны  Айман Тұяқбаева.

Бас маманның айтуынша, пәтер иелері тек тарифті төлемегенімен қоймайды. Контейнерлерге салынатын тұрмыстық қалдықтарды жан-жағына тастайды. Немесе урналарға тасымалдап, аузы-мұрнынан шығарады. Мекеме жұмысшыларының әрлеп, сырлаған жұмысын бүлдіреді. 10 күнде іске алғысыз күйге түсіреді. Әзірге құқықбұзушылық жа­саға­н 4 адамға ғана ескерту берілг­ен. Бейнекамера орнатылмағандықтан кінәлілерді ұстауға мүмкіндік жоқ. Көзбен көрмегесін, қоқыс тастадың деп кімді айыптайсың? Кімге шара қолданасың?

Қызылорданың қарқынды дамуына қуанамыз. Ел игілігі үшін атқарылған әрбір ісіне сүйсінеміз. Жаңалығы болса, құлағдар болуға асығамыз. Бірақ, халық саны өскен сайын­ тазалық мәселесі де алдыңғы орында. Әлі де қолға алынатын жоспарлар, бағдарламалар қажеттілігі сезіледі. Ескі үйлер мен  сұрықсыз баспаналардың жай-күйі ойлантады. Балалар мен спорт  алаңқайларының жеткіліксіздігі қынжылтады.

Иә, көше мен ауланы көр­кейтуге талапшыл жандардың бары рас. Бірақ өкінішке қарай көп емес. Көбісі үйінің табалдырығынан ары қарай аттамайды. Үй, аула тазалығына қолының ұшын да тигізбейді. Ал жанашырлық, қамқорлық әр­бір адамның жүрегінде болса дейсің. Ұқыптылық, санитарлық тазалық мекеме жұмысшыларына  ғана  керек  пе? Әлде тазалық мәселесін «Қала күнінде» арнайы номинациямен ғана шектеу қажет пе? Қала, аудан әкім­діктері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Жаңартылған аяқ жолдар, абаттан­дырылған аулалар, балал­ар және спорт алаңқайла­ры қандай?! Мұның бәрі қаланың келбеті, тұрғындардың игілігі үшін ғой. Қызылорда «таза  қала» ретінде өзге өңір­лерге үлгі болуы тиіс. Оған мүмкіндік мол. Сырттан келген қонақтар «қандай әдемі» деп тамсанып, танданса, ол біздің де көңілімізді көтермей ме?! Бұл – біздің қала деп мақтанбаймыз  ба?!

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

 


 

Сіз не дейсіз?

 

Шәріп   Әбдірахманов,

қалалық  мәслихаттың депутаты:

 

«Насихат  жұмыстарын  жүргізу  керек»

 

Қазір қызылордалықтар тазалыққа салғырт қара­майды. Көшелер мен көп­қабатты үй аулаларында тәртіп пен жинақылықтың қалыптасқаны байқалады. Сондай-ақ мектеп оқушылары мен жастардың да белсенділігі жоғары. Мен тұр­ғындарға алғыс айтар едім. Қаланың көркін еселеп, тазалы­ғын арттыруға шама-шарқынша үлес қосуда. Бірақ мұнымен шектел­ме­ген жөн. Мұнан да қарқынды  насихат жұмыстары  жүр­гізілуі керек. БАҚ-та қала тазалығы кеңінен ақпараттандырылып, ел назарына ұсынылуы керек. Тұрғындардың Қызылордаға сүйіс­пеншілігі мен патриоттық сезімін арттыру қажет. Жыл сайын  «Қала күні» мереке­сінде, тазалыққа белсенді атсалысқан жеңімпаздар «Үлгілі аула», «Үлгілі үй» аталымдары  бойынша Ал­ғыс хаттармен және сый­лықтармен марапатталады. Таза­лықтың қайталанбайтын үлгісін көргенде, осындай жанашыр жандар көп болса ғой дейсің. Елдегі өркениеттің мекені болған өңірмен неге мақтанбасқа?! Әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту үшін алда­ғы күнге жоспарларымыз жетерлік. Тазалық – денсаулық кепілі. Мен де қолдан келгенше  шаһарды көр­кей­ту парызым деп білемін. Өз ауламды абаттандырамын. Күтіп-ұстаймын. Таза ауада тыныстап, көркем табиғатта демалғыңыз  келсе, тазалықты өз аулаңыздан бастаға­ныңыз  дұрыс.